БАЛАҒА ДҰРЫС БАҒДАР БЕРІЛМЕСЕ, ОЛ ЕРТЕҢ ҚОҒАМҒА ЗИЯНЫН ТИГІЗЕДІ

Уақыты: 17.07.2021
Оқылды: 1190
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Осы бір ауыз сөз барлық адамзатқа күш береді. Расында да, ерінбей еңбек еткеннің көп белесті бағындырып, биік асуларға шығатыны ақиқат. Ол үшін баланы ерте жастан еңбекке баулыған жөн.

Қазақтың ойшылы, ақын Абай Құнанбаев «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек, мал жұтайды,өнер жұтамайды» деген болатын. Түсіне білген адамға бұдан артық ешкім де айта алмасы анық. Қазіргі заманда білімді, өнерлі адам ғана алдына қойған айқын мақсатына қол жеткізе алады. Сол үшін де бірінші баланы еңбекке баулығанымыз дұрыс.

Қазіргі таңда мектеп қабырғасында оқытылатын «Технология.Көркем  еңбек» пәнінің жас ұрпаққа берер пайдасы мол.Ең бірінші оқушы еңбектеніп жұмыс істеуге, бір дүниені жасап шығаруға үйренеді.

Мәселен, бұл пәнде оқушылар өздері еңбектену арқылы бір дүние жасайды. Сонымен бірге оның технологиясын да жетік меңгереді. Себебі бүгінгі заман жаңа технологияның дамыған уақыты. Сондықтан да жасалған әр дүниенің технологиясын жетік меңгермей жаңаша дүние жасау мүмкін емес. Балалардың  шығармашылық  жігерін  ашуға, шеберлік  деңгейінің  шыңдалуына, әр жұмыста жетістікке жету жолын үйрететін «Технология. Көркем еңбек» пәні болғандықтан бұл аса жауапкершілікті, сабырлылықты, төзімділікті талап етеді.

Нәтижесінде, оқушы өзі қалаған мақсатқа тек тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденіс арқылы жететінін терең түсінеді. Оқушылар бұл пәнді оқи отырып оқу мен тәжірибені ұштастырып, жаңаша дүние жасауға деген құлшыныстары оянады. Әр дүниені жасау үшін бірінші оқып, сызып, технологиясын меңгеріп содан кейін ғана нақты жұмысқа кіріседі.

Демек, оқушылар бірнеше сатыдан өту арқылы білімін шыңдайды. Бұл дегеніңіз баланы нағыз еңбекке тәрбиелеу деген сөз. Сондықтан да «Технология. Көркем еңбек» пәнін күрделі пән ретінде қарастыруымыз қажет. Жасөспірімдерге еңбекпен ғана көктеп, көгере алатынымызды терең ұғындыру ұстаздың міндеті.

Бұл пәнге немқұрайдылықпен қарауға болмайды. Сол үшін баланың пәнге деген қызығушылығын арттырып, ықыласын төмендетпеудің жолдарын да айтудан жалықпаймыз. Өйткені балаға сапалы білім, кәсіптік бағытқа дұрыс бағдар берілмесе, ол ертең ең бірінші қоғамға зиянын тигізеді. Осындай олқылықтың орын алмауы үшін үйде ата-ана, мектепте ұстаз баланы еңбекке баулып, жауапты тұлға болып қалыптасуы үшін тынымсыз еңбек еткен жөн.

Алтай БОСКОМБАЕВ,

«Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» ММ «№2 орта мектеп» КММ көркем еңбек пәні мұғалімі

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан