ҚЫТАЙДАН ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛҒАН ӘЖЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ӨЗ ОЙЫН АЙТТЫ

Уақыты: 18.08.2021
Оқылды: 1049
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен кезіндегі Саяси құғын-сүргін, тағы да басқа себептерге байланысты әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қандастарды елге шақырып, атажұртта алаңсыз тіршілік етуге көп жағдай жасалды. Міне, содан бері әлемнің 30-дан астам елінен миллионға жуық қандасымыз келіп, тәуелсіз Қазақстанның азаматтығын алып, елдің өркендеп-өсуіне мол үлес қосып, «Елге ел қосылса құт қонады» деген халық даналығының дұрыстығын дәлелдеді.

Мен де «Алтын алқалы» ана, халық шығармашылығын, қазақ фольклорын зерттеумен айналысатын, ата мұрасын ардақтаған, білім-ғылымға құштар, ұлттық өнерді жалғастырған әулеттің келінімін. Бүгінде 7 бала өсіріп, олардың атажұртқа жетуіне, ғылым-білім алып, ел үшін еңбек етуге барынша жағдай жасадым. Сондай-ақ, Андас отбасы бір әулеттің ата-бабалары тұтынған бес ғасырлық 700-ден астам мұрасын сақтап, бүгінге жеткізген ұқыптылығымен бағалы.

Солардың қатарында 100-ге тарта жәдігерді 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының қорына тегін тапсырдым. Бүгінде ол жәдігерлер халқымыздың рухани қазынасын байытуға үлкен үлес қосуда. Жалпы, менің жұбайым, балаларым қырық бір кітап жазып, құрастырып, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Оның 10-ға жуығы еліміздің электронды кітаптар тізіміне енді. Төрт келін түсіріп, үш қыз ұзаттық. Балаларым мен келіндерім Қазақстанның және Қытайдың таңдаулы жоғары оқу орындарын бітірген. 5 балам мен 3 келінім ғылым магистрі. Балаларым ағылшын, қытай, жапон, орыс және ұйғыр, өзбек, қырғыз сияқты түркітілдес ұлттар тілін жетік меңгерген. Олардың әр елде, әр тілде шығатын халықаралық, республикалық ғылыми басылымдарда 113 ғылыми еңбегі жарық көрді. Бүгінде олар өз мамандықтары бойынша еліміздің әр саласында жұмыс істеп, қазақ ұлтының өркениетін өрлетуде.

Отбасымның жеткен жетістіктері республикалық, облыстық телеарналар мен газет-журналдарда үзбей насихатталып келеді. «Жетісу» телеарнасынан шығатын «Ұлт құндылығы» бағдарламасында ши тоқу, қазақтың қара сабынын жасау өнеріне арнайы түсірілім арнап, көпшілікке насихатталды. Өткен жылы облыстық ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған «Қандастарды қолдау орталығы» тарапынан шетелден келіп, елге қызмет етіп жүрген қандастарды насихаттауға арналған «Еліме қызмет етемін» атты жобада арнайы хабар түсіріліп, көрсетілді. Бүгінде Талдықорған қаласындағы мектептерге шеберлік сабағын өткізіп, ұрпақтарды ұлттық өнерге тәрбиелеп келемін.

Әрине, атажұртқа келген 15 жылымыз осындай жетістіктермен өрілді. Мұның бәрі тәуелсіз еліміздің болғандығында, тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асып жатқан жетістіктер. Бұл дүниелер алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенімдімін.

Әуесхан МАЖАЙҚЫЗЫ,

жәдігер сақтаушы, қолөнер шебері, «Алтын алқа» иегері