КЕГЕН АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҰЖЫМЫ ШЕТІНЕН ДАРЫНДЫ, ШЕТІНЕН БЕСАСПАП

Уақыты: 05.11.2021
Оқылды: 1654
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бірлігі сүттей ұйыған, салт-дәстүрі сары майдай сақталған Кеген ауданының өнері жаңа ғасыр көшінде өрісін кеңітіп, өркенін өсіріп келеді. Есмұхан Обаев, Нұрғанат Жақыпбаев, Досжан Жанботаев, Омар Қиқым, Ермұрат Үсенов, Рамазан Стамғазиев секілді танымал өнер тарландары шыққан өлкеде солардың ізін жалғап келе жатқан іні-қарындастары көптеп саналады.

Дәстүрлі әнші, бірегей өнер иесі Нұрмаман Оқас бастаған аудандық Мәдениет үйінің жанында Кеген халық театры жұмыс істейді. Театр ұжымы жаңа маусымға дайындық үстінде. «Ереуіл» халықтық фольклорлық ансамблінің де жерлестеріне ұсынары жетерлік. Ауданда өлкетану музейі, балалар өнер мектебі бар. Аудандық Мәдениет үйінің ұжымы жақында ғана Кеген халық театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Райымбек, Кеген және Көксу аудандарының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Нағима Таласбаеваның 80 жылдығын атап өтті.

Қызырлы, киелі өңірдің өнерін өрге тартқан мәдениет саласында жақсылықтар аз емес. Құшақтары қуанышқа, орталары жағымды жаңалыққа толы.

Жақында ғана аудандық Мәдениет үйінің режиссері, ақын, республикалық «Алтын тобылғы» сыйлығының лауреаты, Әлмерек абыз мүшәйрасының бас жүлдегері Аршын Нұрбақыт Қарағанды қаласында өткен «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» атты республикалық дәстүрлі Қасым Аманжолов оқулары байқауына қатысып, «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты аталым бойынша 3-орынды иеленіп қайтты. Дәстүрлі әнші Нұрым Байбала Дәнеш Рақышевтің 95 жылдығына арналған дәстүрлі әншілер байқауында 2-орыннан көрінді. Аршын мен Нұрымның өнерге деген талпыныстары жақсы, талаптары қуантарлық інілері өсіп келеді.

Атап айтқанда, жақында ХІХ «Жетісу жұлдыздары» облыстық балалар шығармашылығы байқауында «Эстрадалық ән» аталымы бойынша Айтуған Ерасыл І, «Аспапта ойнау» аталымы бойынша Торғын Талғатқызы ІІ, «Эстрадалық ән» аталымы бойынша Абылай Баратбек ынталандыру марапатын иеленіп, ауданның мерейін аспандатты.

Сөз орайында айта кеткен жөн, Нұрмаман Оқас бастаған аудандық Мәдениет үйінің ұжымы, жер-жердегі мәдениет қызметкерлері жыл сайын облыстық «Jetіsý» және аудандық «Қарқара» газеттеріне бір жылға бір-ақ жазылып, тұрақты оқырманы болып келеді.

Қанат САТЫПАЛДЫҰЛЫ

Кеген ауданы

Алматы облысы