ТАЛДЫҚОРҒАНҒА ТЕАТР МЕН КИНО ӨНЕРІНІҢ КОРИФЕЙІ АСАНӘЛІ ӘШІМОВ КЕЛДІ

Уақыты: 28.10.2021
Оқылды: 1683
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Республикасының Еңбек ері, театр мен кино өнерінің корифейі Асанәлі ӘШІМОВ Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрына келді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сапар аясында «Жаңа ғасыр» театрының жетекшісі Асанәлі Әшімов шәкірттерінің өнерін Жетісу жұртшылығымен бірге тамашалады. Талдықорған көрермендерінің назарына Е.Ташкенбайдың «Соңғы қоңырау» комедиясы ұсынылды. Бақытты балалық шақ пен мектеп кезіндегі бейқам өмірден көрініс беретін қойылымды қонақтар сүйсіне тамашалап, ыстық ықыласын зор қошеметпен білдірді.

Қойылым соңында Асанәлі Әшімов шәкірттері мен Талдықорған жұртшылығына алғыс білдіріп, көңіл тебірентер ойларымен бөлісті.

Еске сала кетейік, 25-27 қазан аралығында ҚР Еңбек Ері Асанәлі Әшімов жетекшілігіндегі "Жаңа ғасыр" театры Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрына гастрольдік сапармен келіп, қойылымдарын ұсынды. Театр репертуарында И.Штраустың "Жарқанат" опереттасы, К.Гольдонидің "Айлакер жесір", Е.Ташкенбайдың "Соңғы қоңырау" поэтикалық комедиясы бар.

Әшімов театры осыдан үш күн бұрын Талдықорғандағы сапарын И.Штраустың «Жарқанат» опереттасымен ашқан болатын. Алғашқы гастрольдік сапарын Талдықорған қаласынан бастаған жас өнер иелерін сол кезде Бикен апа театрының директоры Руслан Сенкебаев шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілеген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"