АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНА - 150 ЖЫЛ: МЕРЕЙТОЙҒА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Уақыты: 28.10.2021
Оқылды: 1514
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлт ұстазы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына дайындық және оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев төрағалық етті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жиын барысында 2022 жылы тойланатын мерейтойды халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өту және дайындық іс-шараларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев Алаш ардақтысы, реформатор ғалымның елді ағарту жұмыстарындағы рөлі, әдебиет және тіл ғылымдарының негізін салудағы еселі еңбегіне айрықша тоқталды. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірегейі, асыл халықтың бейбіт те берекелі өмір сүруі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда маңдай терін шүмектеткен қайраткер екенін айтты.

– Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық дамудың талай жыл тот басып қараусыз қалған тегершігін айналдырып, үздіксіз қозғалысқа қосып берген ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруын тап ондай біліп, сол жолда қалтықсыз қызмет етіп, мәңгі ескірмейтін мол мұра қосқан қайраткер қазақ даласында кемде-кем, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспар жобасын айрықша атап өтті. Аталған жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының қызметін жан-жақты танытуға бағытталған халықаралық, республикалық және аймақтық іс-шаралар қамтылған.

Аталмыш жиында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов баяндама жасады. Өз кезегінде белгілі ғалымдар Айгүл Ісмақова, Мәмбет Қойгелдиев, «Егемен қазақстан» газетінің бас редакторы Дархан Қыдырәлі, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов сөз алып, ұсыныс-тілегін білдірді.

Ұлт ұстазының мерейтойын атап өту барысында еліміздің оқу орындарында ғылыми-практикалық конференциялар, оқулар сынды түрлі шаралар ұйымдастырылады. ТҮРКСОЙ ұйымы мүшелерінің қатысуымен халықаралық Түркологиялық конгресс өткізу жоспарланған. Алаш қайраткерінің шығармашылығы бойынша білім беру орындарында ашық сабақтар, тақырыптық конкурстар өткізіліп, ұлт ұстазының таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жинағының 12 томдығын баспадан шығару, Ахмет Байтұрсынұлының және "Алаш" қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі туралы көркем фильм түсіру, музей-үйіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу де жоспарға енді.

Ұлы тұлғаның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО аясында атап өту мәселесі ағымдағы жылғы қараша айында өтетін бас конференцияда қаралады.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Қырымбек Көшербаев Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізу керектігін ескертіп, мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы