БЕЛГІЛІ СУРЕТШІ ӘРІ ЖУРНАЛИСТ ЖАНҰЗАҚ МҮСӘПІР КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Уақыты: 29.10.2021
Оқылды: 1913
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы Көркемсурет галереясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі, ҚР Суретшілер, Журналистер және Еуразия көркемсурет одақтарының мүшесі, Балқаш ауданының Құрметті азаматы, журналист, суретші, режиссер, продюсер Жанұзақ Мүсәпірдің ҚР Тәуелсіздігінің 30, Жолбарыс би Жылқайдарұлының 350 және ҚР Көркем академиясының 15 жылдығына арналған «Құдіретім – қылқалам» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті. Оған аймақтағы зиялы қауым өкілдері мен қылқаламды серік еткен суретшілер қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Әрине, суретші үшін қылқаламның орны ерекше. Демек, көрменің тақырыбын «Құдіретім – қылқалам» деп атауы да тегін емес.

– Қаламмен жазу жазуға да, сурет салуға да болады. Әлемдегі өркениеттің бәрі қалам арқылы жаратылған, дамыған. Бүкіл дүниеде қаламнан құдіретті зат жоқ. Сондықтан мен әрқашан қаламды қастерлеп, сол арқылы өзімнің болашаққа қосар үлесімді жазып келемін. Негізі менің суреттерімнің бәрі ұлттық құндылыққа, салт-дәстүрге арналған. Ұлттық бояуы қанық, әр жастағы адамдардың бәріне рух пен күш береді деп айта аламын. Сол үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай туған жерім Жетісудың кіндігі Талдықорған қаласында ұйымдастырылған көрменің тақырыбын «Құдіретім – қылқалам» деп атағанды жөн көрдім, – дейді Жанұзақ Мүсәпір.

Жанұзақ Керімбекұлы 1961 жылғы 26 қазанда Балқаш ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институттың көркемсурет факультетін бітірген. Ол елімізде және шетелдерде өткен көптеген көрменің, фестиваль және симпозиумның қатысушысы. Оның туындыларының Ұлыбритания, Польша, Германия, Босния және Герцеговина, Біріккен Араб Әмірлігі, Марокко, Ауғанстан, Украина, Ресей, Қытай Халық Республикасы және тағы басқа мемлекеттердегі жеке коллекционерлердің қорында, өнер мұражайларында сақтаулы тұрғандығы көрме барысында айтылды.

Оның суретшілік қыры да ұзақ жылдар бойы өнерсүйер қауым мен кәсіби ортада жоғарғы бағаға ие болып келеді. Ол туралы шара аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Өнерге қызмет» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасының Көркемсурет академиясының президенті, Талғар ауданының Құрметті азаматы Амандос Ақанаев кеңінен айтып өтті. Сондай-ақ, Амандос Әтейбекұлы аймақтағы суретшілер еңбегін ерекше бағалап, оларға қашанда қолдау танытып келе жатқан облыс әкімі Амандық Баталовқа ризашылығын білдіріп, облыс басшысының Қазақстан Республикасы Көркем академиясының «Ұлы елдің тарандысы» медалімен сарапатталғанын жеткізді. Осыдан кейін суретшінің әріптестері, Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының жетекшілері Жанұзақ Мүсәпірдің сурет өнеріндегі орны мен жетістігіне  тоқталды.

Жанұзақ Керімбекұлы Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтында оқытушы, «Қазақфильм» киностудиясында суретші-режиссер, «Рахат» телеарнасында редактор, бас редакторы, «Хабар» агенттігі Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары болып қызмет атқара жүріп, халқымыздың ұлттық болмысы мен мәдениетін өркендетуге өзіндік үлес қосып, үлкен шығармашылық үрдісте қаламын ұштаған өз ісінің майталманы. Еліміздегі бірнеше телеарнада елге танымал болған сүбелі хабарлар жасап, қазақ теледидарының өркендеуіне де айтарлықтай үлес қосқан.

Көрменің Жолбарыс би Жылқайдарұлының Талдықорған қаласындағы ескерткішінің ашылуымен тұспа-тұс келгенін көпшілік жақсылыққа балады.

– Бүгін Жолбарыс атамыздың ескерткіші ашылып, облыс орталығында мазмұны бай шаралар өтуде, бәрі де тәуелсіздігіміздің арқасында деп білемін. Би, батыр, көріпкел Жолбарыс би Жылқайдарұлы бабамыздың ескерткішінің де айтары көп. Ол алдағы уақытта жастарды бабалар даналығымен сусындатып, болашаққа қызмет жасайды. Жалпы, бұл ескерткішті Жетісу жерінде өткен парасатты бабаларымыздың асқақ келбеті деп айтуға болады. Әсіресе, жастарға патриоттық тәрбие берудегі рөлі зор болмақ. Ескерткішті бір айналып шыққан адам көптеген мағлұматқа ие болады. Біздің рухымыз қашанда ел бастаған көсемдер, батырлар мен бағландар, билер мен шешендер, ақын-жазушылар, қылқалам шеберлері, мәдениет пен өнер майталмандары арқылы асқақтай береді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, менің жеке көрмемнің Жолбарыс би бабамның ескерткішінің ашылуымен тұспа-тұс келгенін өзім де жақсы ырымға балап отырмын, – дейді суретші.

Көрмеге суретшінің «Балуан Шолақ», «Менің апам – Ұлжамал», «Жолбарыс би Жылқайдарұлы», «Сүндет Байғожинның бейнесі» қатарлы 50-ден астам картинасы қойылды. Суретшінің қылқалам арқылы бізге жеткізгісі келген еркін ойын көрмеге қойылған еңбегінен көруге болады. Бәрі де көрерменін баурап, тәнті етті. Әсіресе, әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің балалық шағынан даналыққа жеткенге дейінгі өмірін қамтыған желілес төрт картина көптің ерекше құрметіне бөленді. Бұл көрме қалалықтарға енді бір ай қызмет етеді. Өнерге құштар жандар уақыт тауып, бір көріп қайтса өкінбейді.

Қажет АНДАС

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы