МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ ШЕЛЕКТЕГІ ЖУРНАЛИСТИКА АРДАГЕРІМЕН ДИДАРЛАСТЫ

Уақыты: 31.10.2021
Оқылды: 964
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шелек ауылында өткен Алматы облыстық мәслихатының көшпелі отырысынан кейін облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев осы елді мекенде тұратын еңбек ардагері, белгілі журналист Әбілбек Айтақыновтың шаңырағына арнайы барып, ұлағатты қариямен сәлемдесті.

Екеуара әңгіме барысында аға ұрпақ өкілінің өнегелі тәжірибелеріне қанықты. Екі қоғамды басынан кешірген ардагер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қуаныштар мен қиындықтар жайлы ағынан ақтарылып сыр шертті. Әдемі естеліктер тыңдаушыны әсерге бөлеп толғандырды. Бұл кездесудің негізгі мәні де осында еді.

Әбілбек Айтақынов туралы айтсақ, ол кісінің жүріп өткен жолы мазмұнды. Жастар үшін үлгі мысалдар аз емес. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Баспасөздегі алғашқы шығармашылық еңбегін Мұқағали Мақатаев түлеген Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінен бастады. Одан кейін аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланады. Жастардың жалынды өміріне белсене араласты. Республиканың жоғары партия мектебінде оқыды. Партия, кеңес қызметтерінің жауапты салаларында шыңдалды. Шелек аудандық «Еңбек туы» газетінде бас редактор болды. Өңірлер Еңбекшіқазақ ауданына біріккен кезде Қаражота ауылдық округінің әкімдігіне тағайындалады. Шелектегі өлкетану музейін басқарады. Аудандық ақсақалдар кеңесіне жетекшілік етті. Бір сөзбен айтқанда түйгені мол, көргені көп қазыналы қарияға айналды.

- Канвассинг кездесуге әріптестерім Серік Мұқашұлы, Қуат Елеусізұлы да қатысты. Әбілбек қарияның пікірлері мен көзқарастары бізді тәнті етті. «Көкірегі сезімді, тілі орамды» білімді жанмен сөйлесудің жөні бөлек қой. Қоғамның алға басу үрдісін дұрыс бағалап отыр. Өңірдің даму мәселесіне арналған ойлары салиқалы және қорғасындай салмақты. «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының орындалу жайларын қанағаттанарлық көңілмен атап, қолдау білдіретінін аңғартты. Ақ тілегін арнап, ақ батасын берді, – дейді Жанболат Жөргенбаев.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Әбілбек Айтақыновтың елге ұсынатын тәлімдері әлі де аз емес. Сондықтан, ел ішінде жүрген осындай ардақты азаматтармен кездесіп отыру қалыптасқан үрдіске айналса қандай ғанибет! Оны рухани жаңғырудың бір белгісі ретінде қарастыруға болады.

Болат БАТЫҚҰЛЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы