ҰЗЫНАҒАШТА БҰРЫНҒЫ ӘКІМНІҢ ӘНДЕРІ ШЫРҚАЛЫП, ЖАҢА КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 01.11.2021
Оқылды: 1444
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу өңірінің жұртшылығы Махаббат Бигелдиевті ең алдымен әкім ретінде біледі. Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында өткен «Махаббат әндері» атты шығармашылық кешінде кезінде Жамбыл мен Қарасай, Кербұлақ пен Панфилов аудандарын, Талдықорған қаласын басқарып, облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары лауазымдарында жемісті қызмет атқарған, ел көлемінде аудан, қала әкімдері арасында өткен байқауда «Жылдың ең үздік әкімі» номинациясымен марапатталған білікті басшының ақындық қыры ардақталды.

Махаббат Сәдуақасұлының сөзіне жазылған туған жер мен өскен өлке, қимас мекен Қазақстан, ел мен жерге еңбегі сіңген дара тұлғалар, қадірі бөлек ата-ана жайлы сезімге, махаббатқа толы әндерді жиі тыңдап жүрсек те сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың танымал композиторлардың жетпістен астам әуеніне сөз жазып, шығармашылық тұрғыда мол жұмыс тындырып тастағандығынан хабарсыз екенбіз. Шығармашылық кешке жиналған көпшілік те осындай таңырқауы аралас сүйінішті сезімдерді бастан өткерді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бекжан Тұрыс Махаңның өмір, еңбек жолы, азаматтың шығармашылық қыры, оның өнерпаздарға жасап жүрген қамқорлығы, өнерге жанашырлығы жайында кеңінен айтып өткеннен кейін кезек әнге берілді. Жалпы бұл кеште көпшілік ұзынсонар құттықтауларды, мақтау, мадақтауды емес, әннің өзін тыңдап, ризашылықтарын білдіріп отырды. Эстрада жұлдыздары, «Серпер» сыйлығының иегері Ақбота Керімбекова мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Саят Медеуовтер бастап, Қуаныш Құрманбаев, Ернар Айдар, Айжан Қозыбай, Нұрболат Абдуллин, Ғалия Әбдірейімовадай танымал әншілер қостаған ән шеруі бұл күні көпке дейін толастаған жоқ. Кеш иесінің өмірдегі ең бір ардақты адамдары – ата-анасы мен өмірден өткен бауырына, өзі қадыр тұтқан дара тұлғаларға арналған әндері толқытпай қоймайтын еді.
Махаббат Сәдуақасұлы өзі басшылық еткен Талдықорған қаласы мен Алматы облысының бірқатар аудандарында «Құлансаз», «Талдықорған әуендері», «Жаркент жұлдыздары», «Сүйінбай сазы», «Үшқоңыр», «Күреңбел» атты фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамбльдерін құрып, Алматы облысының  мәдени-әлеуметтік дамуына айтарлықтай рухани серпін берді.

Шынайы алғыс сезімдерін арқалап келген ансамбльдердің әншілері Гүлнұр Нұрасылова мен Фариза Досбол, Ерік Несіпбеков, Көркем Шойынбаева, Азамат Үмбетовтер шығармашылық кештің өз деңгейінде өтуіне үлкен үлес қосты. Олардың орындауындағы «Ағаға тілек», «Туған күн», «Жан аға», «Сен кірме менің түсіме», «Гүлдей нәзігім» тәрізді әндерді жиналғандар үлкен тебіреніспен тыңдады.

Қазақстанның бірқатар танымал жұлдыздарының өнер жолының қалыптасуына шығармашылық бағыт-бағдар беріп, қолдау танытқан, ақын ағаларын қос қолтығынан демеп жүрген Махаббат Сәдуақасұлына жыр арнаған Есенқұл Жақыпбеков кезінде:

Көп әкімнің бірі емессің, саяқсың,
Қажет жерде қатты тиер таяқсың.
Досысың сен өнерлінің, ақынның,
Бауыржанның, Есенқұлдың, Саяттың.

Біздің елдің намысы мен рухын,
Қайрап жүрсің, қайран әкім, күні-түн,
Бигелдиев, сен сондықтан сыйлысың,
Бигелдиев, сен сондықтан ірісің!
– деп тебіренген еді.

Шын тебіреністен шыққан бұл өлеңді шәйірдің ізбасарлары – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі  ақын Роза Сейілхан мен жас ақын Бақыт Қалибек жалғастырып, кеш иесіне арнаған өлеңдерін оқыды.

Есте қалатындай әсерлі шара барысында қазақтың қабырғалы қаламгері Орысбай Әбділдаұлының кеш иесіне арнаған жыр-дастанынан тұратын «Махаббат» кітабы мен Махаббат Бигелдиевтің өзінің өмірі жайлы жазған «Өзім айтам...» жинағының таныстырылымы өтті. Жаңа шығармалардың лентасын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нүкетаева мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуәлиев қиды.

– Махаббат Сәдуақасұлының өнер адамдары мен ақын-жазушыларға жасап жүрген қамқорлығына қарап: «Мәдениет министрлігінде жұмыс істеуге лайықты адамсыз ғой» деп ойлаушы едім. Сол айтқандай ағамыз бүгінде сол министрлікке қарасты Мәдениет комитетінің «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры қызметін ойдағыдай атқарып келеді, – деген Ақан Жылқышыбайұлы министр Ақтоты Райымқұлованың атынан шапан жауып, сый-сияпат ұсынды.

«Тектіден текті туады, тектілік қуады» дейді даналарымыз. Әулеттің  ізін жалғаушы, Махаңның қос құлыны  Мирас пен Диас, немересі үшеуі бұл күні Бауыржан Есебаевтың «Бақыт әлемі» атты жаңа әнін орындады.

Кеш иесін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ақын Жанарбек Әшімжан мен облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргембаев, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас құттықтап, ақ тілектерін арнады. Тойға келе алмай қалған мемлекет, қоғам, мәдениет қайраткерлерінің лебіздері оқылды.

Әсерлі кеште шырқалған әдемі ән әуендері көпшілік көңілінде көпке дейін жаңғырығып тұрғандай еді.

Нүсіпбай ДОДАБАЙҰЛЫ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы