ЕРКІН ІБІТАНОВТІҢ АТЫ БЕРІЛДІ: РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДАҒЫ ҚУАНЫШТЫ ЖАҢАЛЫҚ

Уақыты: 03.11.2021
Оқылды: 1631
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, дара үнді, өр мінезді ақын, біртуар талант Еркін Ібітановтің есімі мәңгілік ел жадында. Қастерлі де қасиетті Қарасаз ауылындағы Мұқағали музейінің жанындағы іргелес орналасқан Қарасаз ауылдық Мәдениет үйіне Еркін Ібітановтің есімі беріліп, қуанышты салтанат өрнек тапты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Осылайша, "Баурайында егіз ұлың, Мұқағали, Еркін деген!" – деп әйгілі айтыскер ақын Хасен Саматыров қасиетті Қарасазына арнаған тамаша әнінде айтқанындай, Мұқағали мен Еркін тіріліп келіп, қатар орналасқандай әсер алдық. Бұл сондайлық жарасымды еді. Келешекте Ерекеңнің атындағы Мәдениет үйінің бір бөлмесінен ақынға арналған мұражай ашылса, Мұқағали музейінің жанына орнатылған Мұқағалидың бюстісіндей Еркін ағаға да бюст орнатылса, нұр үстіне нұр болмақ.

Шарада ақын, термеші, өнер иесі Серік Әбдірайымов жырдан шашу шашты. Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан тізгінін ұстаған әсерлі кеште Еркін ақын туралы бейнекөріністер көрсетілді. "Хантәңірі" халық театры Мұқағали мен Еркін туралы шағын да әсерлі көрініс тарту етті. Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иесі, ақын Жарас Сәрсек Еркін ағаның шығармашылығы төңірегінде ой толғады. Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы ақын туралы сөз қозғап, Ерекеңнің аяулы жары Алтынкүл анамызға сый-құрметін көрсетті.

Осы күні ақындар Сәлім Жусанбаев, Биғайша Медеу, Мұқтархан Қалиұлы, Даубай Әбдісаев сөз алып, ақын туралы әдемі естеліктерімен қатар арнау өлеңдерін жеткізді. "Қазақ әдебиеті" газеті бас редакторының орынбасары, талантты жазушы Қанағат Әбілқайыр мен ақынның жерлес інісі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Елеусіз Ахметкеримов, театр және кино актері, өнер тарланы Асқар Наймантаев ақын туралы естеліктерімен бөлісті, ізгі тілектерін жеткізді.

Ерекеңнің ұлы Ерлан Ібітанов ауылдағы Мәдениет үйіне атын беруге қолдау көрсеткендерге ақын әулеті атынан алғысын білдіріп, әкесіне арнаған жүрекжарды өлеңін оқыды.

Кеш соңында ақынға арналып ас беріліп, құран бағышталды.

Иә, жақсылық деген осы, амандық болса, бұдан кейін Қарасаз ауылында бір игілікті шара болса, мерейлі қуаныштар орын алып жатса, Мұқағали мен Еркіннің есімі қатар аталып жататын болды. Мұқағалидың музейі мен оған жақын қоныс тепкен Еркін Ібітанов атындағы Қарасаз ауылдық Мәдениет үйін көргендер, қос ақынды көргендей тамаша күйге бөленері анық. Соған қуандық, жұбандық!

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы