ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗДЫҢ АҚЫНДАРЫ ЖИНАЛЫП, АЙТЫСҚА ТҮСТІ

Уақыты: 05.11.2021
Оқылды: 2119
Бөлім: РУХАНИЯТ

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай "Төгейін жырды халқыма" атты халықаралық айтыс өтті. Шараға еліміздің аузымен құс тістеген ақындарымен қатар қырғыз елінің төкпе айтыскерлері арнайы келді. Айтысты құттықтау сөзімен ашқан Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Қырғыз делегациясына қош келдіңіздер айтып, ыстық ықыласын білдірді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

- Бұл халықаралық айтыс Алатауды жағалай қоныстанған екі ел арасындағы ғасырдан жалғасып келе жатқан қасиетті өнерге деген құрмет. Бұл - кешегі Сүйінбай мен Тоқтағұл, Жамбыл мен Қатағаннан қалған мәңгі сыйластық. Бүгінгі айтыста Жамбыл баба өнерінің жаңа қырлары жырланып, айтыскерлер достықты ту етеді деп сенемін. Қырғыз елінен Қаныбек Қапашұлы Иманалиев бастап келген қадірлі қонақтарымызға, айтыскер ақындарымызға «қош келдіңіздер» деймін, - деген Амандық Баталов қырғыз делегациясын бастап келген Қаныбек Иманалиевтің иығына шапан жауып, естелік сыйлықтар тарту етті.

Қонақтар атынан сөз алған Қ.Иманалиев:

- Қазақ пен қырғызды басқалардан өзгеше ететін өздеріне тән бір биігі бар. Ол - киелі сөз. Біз сөзді байлықтан да,  басқадан да, тіпті, өмірден де биік қоямыз. Қазақ пен қырғыз жылқыға мінгенде, домбыра мен қомыз тартқанда және айтысқа түскенде арқаланады. Рухани жақындығы мол қос елдің тәуелсіздігі баянды болып, өнері өрістей берсін, - деді.

Бұдан әрі ақындар жеребе арқылы жұпталып, сөз сайысы басталды. Айтыс күні бойы жалғасты.

Халықаралық айтысқа ел атынан Жандарбек Бұлғақов, Мұрадым Мирланов, Жалғас Мақсұтов, Айшолпан Тілеутай, Сырым Әуезхан, Қырғыз ақындары Амантай Құтманалиев, Азамат Блогонбаев, Асылбек Маратов, Баян Акматов, Кубат Тукешов қатысты.

Сөз додасына Халықаралық Түркі академиясының президенті, алқа төрағасы Дархан Қыдырәлі, жазушы, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Жұмабай Шаштайұлы, Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі, композитор, публицист, Қырғызстанның халық әртісі Түгөлбай Қазақов, Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі, айтыс ақыны Айтақын Бұлғақов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Асыл арна" телеарнасының бас директоры Мұхаметжан Тазабеков, ҚР Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушысы Серік Қалиев, айтыскер ақын Балғынбек Имашев қазылық етті.

Айта кетейік, халықаралық айтыс басталмас бұрын баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, Халықаралық Түркі академиясының президенті, "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бастаған зиялы қауым өкілдері жергілікті БАҚ өкілдерімен жүздесіп, журналистер қойған сауалдарға жан-жақтылы жауап берді.

Өз кезегінде, бекзат өнер көрермендері музейден арнайы алдыртқан ақын бұйымдарымен танысып, облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасының көрмесін тамашалады. Аталмыш көрмеге биыл облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан «Жамбыл» роман-этюді, ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен басылған аударма кітабы, арғысы өткен ғасырдың 50-жылдары баспа бетін көрген жыр алыбының сирек қордағы туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі ақын, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев айтыс шымылдығын ашып, торқалы тойдың мән-маңызын түсіндіріп өтті. Ол ақындар мен батырлар елі саналған Жетісу жерінде рухани шаралар өрнек тауып, Жолбарыс би Жылқайдарұлының 350, ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы жоғары деңгейде аталынып өткенін, осы орайда дала дауылпазы, жыр алыбы Жамбылдың мерейтойы Алатауды тең жайлаған бауырлас ел ақындарының қатысуымен өрнек тапқалы тұрғанын жеткізді.

Жеребе бойынша алдымен қырғыз елінің ақыны Баян Акматов пен облысымыздың атынан сынға түскен Жалғас Мақсұтов сөз сайыстырды. Бауырлас елдердің ауызбірлігі, ынтымағы берік болуы керектігін жырмен жеткізген алғашқы жұптың сөз барымтасынан кейін қырғыз елінің аңтаңгері Амантай Кутманалиев жыр жүйрігі Жандарбек Бұлғақовпен айтысты.

Өткір сын, астарлы әзіл айтылған бұл айтыс жырға сусаған елдің жан сарайын ашқандай болды. Үшінші жұп – қырғыздың үкілі үміті Азамат Болғонбаев пен Алматы қаласының атынан сынға түскен Сырым Әуезхан шаппа-шап айтыстың шырайын кіргізсе, Шығыс Қазақстан облысы атынан сынға түскен аруымыз Айшолпан Тілеутай мен Қырғызстан Республикасының ақыны Асылбек Маратов қыз бен жігіт айтысының жарқын үлгісін көрсетті. Жеребедегі соңғы жұп маңғыстаулық Мұрадым Мирланов пен айырқалпақты ағайынның азулы ақыны Кубат Тукешов та шаппа-шап айтыстағы астарлы әзіл мен қағытпа қалжың арқасында көпшілікке шаттық сыйлай білді.

Қос елдің он ақыны бес жұп болып алғашқы айналымда сөз барымтасына түсіп, Алатауды тел емген туыстас елдердің руханияты мен рухы бір екенін асқақтата айшықтады. Сындарлы сағатта бір-біріне қолдау беріп, мәңгілік үзілмес достықтың жібін иірген ымырашыл, ауызбірлігі бекем халықтар екенін айтты. Тарихтың шұбалаң кезеңінде шәй дескенімен, өмірлері өзектес, тағдырлары тамырлас екенін, Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Тоқтағұл сынды ұлыларын ұлықтаған болмысы бекзат жұрт екенін асқақтата жеткізді. Шырайлы айтыс жасап, шымшыма әзілдермен де екі елдің бүгінгі жай-күйін жыр етті. Ақтық айналымда үш жұп өнер көрсетті.

Айтыстың ақтық сынында алғашқы болып шығысқазақстандық Айшолпан Тілеутай қырғыздың ақыны Кубат Тукешовпен сөз қағыстырды. Өз кезегінде жетісудың жүйрігі Жандарбек Бұлғақов пен қырғыз ақыны Азамат Болгонбаев, маңғыстаулық Мұрадым Мирланов пен қырғызстандық Асылбек Маратов айтысып, ұлы өнердің көсегесін көгертер талант күшін сынасты. Ұлы Жамбыл бабамызға жырмен мүсін орнатқандай, дананың даңғылындағы айшықты іздерін әсем жырға кейіпкер етті.

Осылайша көркем сөз кестеленген айтыста Жетісу жерінің жомарттығын көрсетіп, қазақ халқының кеңқолтық ел екенін таныту мақсатында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының қолдауымен айтысқа қатысқан ақындарға екі-екіден орын тағайындалды.

Ынталандыру жүлдесі және 300 мың теңгелік сертификатпен алматылық Сырым Әуезхан, қырғызстандық Баян Акматов марапатталды. Ал 3 орын, 500 мың теңгелік ақшалай сыйлықпен облысымыздың намысын қорғаған Жалғас Мақсұтов пен айырқалпақты ағайындардың ақыны Амантай Кутманалиев, 2 орын, 700 мың теңгемен маңғыстаулық Мұрадым Мирланов пен қырғыз ақыны Кубат Тукешов марапатталды.

Сөз барымтасында ерекше көзге түскен қазақ қызы Айшолпан Тілеутай мен қырғыз ақыны Азамат Болгонбаев 1 орын иегері деп танылып, 1 миллион теңгенің сертификатын қанжығалады. Осынау айтыс аламанында шашасына шаң жұқтырмаған Жетісудың жүйрігі Жандарбек Бұлғақов пен айырқалпақты ағайынның намысын қорғап келген Асылбек Маратов бас жүлде иегері атанды. Халықаралық айтыс мәресіне қатар келген қос ақын 1 жарым миллион теңгеге ие болды.

Ұлы Жамбыл бабамыздың мерейтойына орай өткен айтыстың марапаттау рәсімінде қазылар алқасының төрағасы Дархан Қыдырәлі сөз алып, дүбірлі айтыс жайлы ақ тілегін жеткізді. Жақында ғана қырғыз елінде айтыс  өтіп, қазақ ақындары өнер көрсеткенін, ұлт зиялылары ер Манастың елінде ұлы той куәгері болып қайтқанын, екі елдің арасында рухани сабақтастық орнағанын, бүгінгі дүбірлі айтыс соның нәтижелі жалғасы екенін айшықтады. Ұлы Жамбыл мұрасы асқақ болмысты қазағы барда, рухани досы болған Тоқтағұлдың ұрпақтары барда мәңгілікке салтанат құратынын да атаусыз қалдырмады.

Айта кетейік, жыр алыбына арналған шаралар алдағы күндері де жалғасып, «Жамбыл ізімен» атты экспедиция Алматы, Тараз, Бішкек, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына шығып, Жамбыл атамыздың есімін ұлықтайтын болады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы