САРҚАНДА ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛҒАН АЛДИЯР БАТЫР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Уақыты: 06.11.2021
Оқылды: 3248
Бөлім: РУХАНИЯТ

Осы жолғы мақаламызда қазақ хандығын басқару ісінде Тәуке ханның сенімді серігі, жауға сілтер алмас алдаспаны болған, көшпелі қазақ дипломатиясында ерекше орны бар, Найманның Садыр руынан шыққан белгілі батыр Алдияр Елкеұлы туралы аз-кем бөлісуді жөн санадық.

Алаштың ардақты мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы Мұхамеджан Тынышбаев «История киргиз-кайсаков в 17-18 вв» атты еңбегінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткен шежіреге сүйене отырып өзінің арғы аталарының бірі Алдияр бабасының шығу тегін Найман – Садыр – Тоң – Түгелбай – Жаңатай – Жадық – Діңгеліс – Елке – Алдияр деп тарқатады. Алдияр батыр жайлы айтылатын аздаған аңыздар мен жазылған жұтаң деректерден оның мөлшермен 1641 жылдары өмірге келгенін пайымдауға болады.

Қазақ тарихында елеулі із қалдырған ірі саяси тұлға, батыр Алдияр Елкеұлы жайлы сөз қозғағанда оның әз Тәуке ханмен құрған үйлесімді саяси тандемі жайлы айтпай кетуге болмайды. Себебі, бұлар сол замандағы Қазақ хандығын басқару ісінде бірін-бірі кемел ойларымен толықтыру арқылы оңтайлы реформалар жасап, жарасым тапқан мемлекет қайраткерлері.

Қазақ тарихындағы Алдияр бабамыздың батырлық және елшілік бейнесін ашуға профессор Әбдікәрім Хасенов қомақты үлес қосып, тарихи деректер арқылы батырдың шынында да Тәуке ханның замандасы әрі серіктесі екендігін дәлелдеді. Ол алғашқылардың бірі болып Қазақстан ұлттық энциклопедиясына батыр жайлы мәлімет жариялап, оның елшілік қырына тоқталды.

Кеңесбай Табылдиев құрастырып, Астана қаласынан 2008 жылы жарық көрген «Қазақ батырлары. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» атты жинақта Алдияр батыр жайлы жақсы жазылғанмен «Қазақтың ханы Әбілқайыр қырық кісі сайлап, елшілікке Бұқар жырауды дайындап «Алдиярды елге қайтарыңдар» деп қырғыз еліне жібереді» деген жаңсақ пікір бар. Дәл осындай қате тұжырымды Б.Сейілов те өзінің 2005 жылы «Қазақ батырлары» газетінің №7 санында жарық көрген «Алдияр батыр» атты мақаласында қайталаған. Себебі, 1693 жылдары өмірге келген Кіш жүздің ханы Әбілқайыр бұл кезде әлі буыны бекімеген тым жас оғлан болатын, сондықтан оның елшілік құрамына кіруі мүмкін емес.

Тарихшы, генерал Абай Тасболатов пен мәдениет қайраткері, рәмізтанушы Талғат Мұсаевтың авторлығында жарық көрген «Қазақтың хас батырлары» атты ғылыми-танымдық энциклопедиялық жинақта Алдияр батырдың 1641 жыл туып, 1712 жылы өмірден өткені, оның есімі Садыр руының ұранына айналғаны және батыр туралы жазба деректердің Қазақстан мен Қырғызстанда сақталғаны жазылып, қысқаша өмірбаяны беріледі. Көркем безендіріліп, қазақ баһадүрлері жайлы көп мағлұмат берілген бұл жинақта, батырларды туған жерлері бойынша топтастырған. Осы жерде Алдияр батырдың Павлодар облысынан шыққан батырлар тізіміне еніп кетуін де қателік деп түсінеміз.

Батырдың ұрпағы, тарихшы Нұрлан Баженов «Қазақ әдебиеті» газетіне шығарған «Алдияр батыр» атты көлемді танымдық мақаласында бабасының ерекше ерлік істерімен қоса діндәрлығы, шежіресі мен ұрпақтары жайлы тартымды материалдар келтірген.

Зерттеуші Б.Сейіловтың жоғарыда аталып өткен «Алдияр батыр» атты мақаласында Алдияр Елкеұлының жас кезінде өз елінде ағайыны Тәуімбет сияқты ру басшысымен араз болып, сыйыса алмағандықтан туған жерінен кетуге мәжбүр болып, белгілі қырғыз манабы Сарудың қол астына қызметке қабылданғаны жазылған. Жас жауынгер жасы отыздан асқан соң Сарудың қызы Ханшайымға қосылып, осы некеден Қырықсадақ және Қырғызшора есімді қос ұлдары өмірге келеді.

Қырғыз елінде Алдияр батырдың атағы асқақтап, оның ерлік істері мен қолбасшылық қасиеттері жайлы дүмпу-дүмпу әңгімелер кең сахара Қазақ еліне де жетеді. Бұл әз Тәуке хан өзінің маңайына қарапайым халықтан шыққан кіл мықты билер мен батырларды шоғырландырып, хандықты басқару ісінде күрделі реформалар жасап жатқан кез болатын. Шет жерде жүрген Алдиярдың ақылдылығы, асқан алғырлығы, айбаты мен қолбасшылық өнеріне тәнті болған Қазақ ханы қырғыз манабы Сарумен нәтижелі келіссөздер жүргізу үшін арнайы делегация жасақтап, қазақ батырын туған жеріне қайтарып алады. Бұл – Тәуке ханның алдын алыстан болжайтын көріпкел саясаткер екендігінің айғағы.

Еліне оралып, әз Тәукенің ең сенімді серігіне әрі бас батырына айналған Алдияр әрқашан ханның оң жағынан құрметті орын алып, үлкен қошеметке ие болып, мемлекетті басқару ісі мен күрделі әскери мәселелерді шешуге араласады.

XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақ даласындағы халықаралық жағдай негізінен қарама-қайшылықты қазақ-жоңғар қатынастарымен, сонымен бірге, орыс, қытай секілді көрші халықтармен арадағы күрмеуі қиын саяси байланыстармен айқындалады. Соған орай, қазақ баһадүрлері мен тархандарының бұл кездегі сыртқы саясаттағы қызметі – біріншіден, туған халқы мен Отанын басқыншылардан қорғау болса, екіншіден, ел іргесін аман сақтау мақсатында елдестіретін елшілік секілді екі күрделі бағыттың төңірегінде өрбіді. Осындай күрделі ішкі және сыртқы факторлар қазақ қоғамындағы батырлардың ерекше саяси, әлеуметтік статусқа ие болуына қолайлы жағдай жасады. Сондықтан, ел басына күн туған сәтте саяси басымдылық алма-кезек батырлар қолына да өтіп отырған.

Бұл туралы ғалым Н.Апполова: «XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы батырлар тек қана әскери жорықтарда маңызды рөл атқарған жоқ. Олар әртүрлі дипломатиялық тапсырмаларды орындайтын елшілер ретінде де белсенділік танытады. Ақсақалдар кеңесіне де құлшына араласады», ­– деген пікір білдірді.

Алдаспан батыр Алдияр ел тағдырын шешетін маңызды мемлекеттік істерге белсене араласып, оның жеке пікірлері мен ақыл-ойларын тек Тәуке хан ғана емес, кеңес мүшелерінің де мойындағаны тарихтан белгілі. Дала дипломатиясының қатал заңдарына мойынсұнып, оны берік ұстаған Алдияр батыр мен Тәуке хан арасында келіспеушіліктер де туындап отырған.

Шындығында, қазақтың елшілігі тарихында өз ханын да, жауын да мойындата білген Алдияр батырдың  әрекеті мен өшпес өнегелі ісі «Қазақтың дипломатия тарихына» еніп, баба есімі өз дәрежесінде ардақталуға лайық-ақ.

Ұрпағы үшін аты ұранға айналған Алдияр батырдың ерлік һәм елшілік істері әлі де болса жан-жақты, толыққанды зерттеуді қажет етеді.

«Кез келген қазақ жаумен шайқасқанда, даңқы алысқа кеткен атасының атын ұрандатып кіріскенде батыр бабасының рухы оны жебейді әрі жігер беріп, қайраттандырады деп түсінген. Яғни, ұран жеке рудың рухын оятатын, сол рудан шыққан даңқты тарихи тұлғаның есімімен тығыз байланысты. Сол секілді, Алдияр Елкеұлы да аты Садыр руының ұранына айналған атақты батыр болып табылады», – деген тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Еділ Нояновтың пайымы да зейін қоярлық.

Қазақтың әз Тәуке ханы жайлы тарихи деректер жұтаң болғаны секілді, өкінішке қарай, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде Алдияр Елкеұлы жайлы да материалдар тым тапшы. Соңғы бес жылдың көлемінде Орталық мемлекеттік архивке өзара келісімдер негізінде Ресейдің мемлекеттік тарихи архивінен келіп түскен жаңа құжаттар арасынан да Тәуке хан мен Алдияр батыр жайлы мардымды материал кездестіру қиын. Тек Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивтегі Жетісу өлкесінде 1916 жылы болып өткен ұлт-азаттық көтеріліске қатысты құжаттардың арасындағы 44 қордың №19370 ісінде Лепсі уезінің басшысына 1916 жылдың 10 қыркүйегінде штабс-ротмистр Масловтың жазылған №106 рапортында: « В 7 часов вечера достиг я с командой в 35 человек кыстава № 18 аула Сергазы Каипова, не доехав верст 8-9 селения Саратовски. Мне на встречу вышла толпа человек в 500-600 с криком «Алдияр, Алдияр» (это род киргиз Маканчи-Садыровский волости) и с криком «Аттан». Высланный мною вперед разъезд вернулся и на его плечах неслась лавина киргиз с дикими криками, подъезжая к нам дали три выстрела в разных местах, и толпа с большой яростью бросилась на нас», - деген жазба келтірілген.

Осы архивтік құжаттардың өзі Алдияр батырдың өмірден өткеніне екі ғасыр уақыт өтсе де 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде ұрпағына ұран болып, рухына жігер қосқанын байқатады.

Алдияр батыр жайлы жазған зерттеушілер мен оның ұрпақтары бабаларының жетпістен асқан шағында 1712 жылдардың шамасында Шыршық өзені жағасында жоңғармен болған соғыста ерлікпен қаза тауып, қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы қасиетті Төлегетай баба, Қылышты қожа қорымына жерленгенін дәйектейді.

Ілгеріде келтірілген тарихи фактілер Садыр руының ұранына айналған Алдияр Елкеұлының тек әскери өнерді жете меңгеріп, туған елін қорғау арқылы даңқ пен абыройға бөленген бас батыр ғана емес, Тәуке ханның сенімді серігі, елге билік айтқан саяси қайраткер болғанын дәлелдейді.

Алдияр батырдың бүгінгі ұрпақтары баба есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында арнайы «Бабалар рухы» атты қоғамдық қор құрып, 2021 жылдың қарашасында Сарқанға кіреберісте оған еңселі ескерткіш орнатып, арнайы жинақ кітабын шығарып, үлкен ас бермекші.

Өз кезегінде Алдияр батырға қатысты жазбаша және ауызша жеткен аңыз-әңгімелерді, шежіре деректерін жинастырып, кітап түрінде жариялаудың аржағында туған өлкенің, тұтастай алғанда қазақ тарихының «ақтаңдақ» беттерін анықтап, соны толықтыру мақсаты жатыр. Жетісу жерінде ұйымдастырылып жатқан бұл игілікті істер қазақ тарихында бұрын-соңды өткен хас батырлардың арасында өзіндік ерекше, ойып алар орны бар Алдияр Елкеұлына деген халқының сүйіспеншілігі мен құрметі ғана емес, жұртшылықты батырлар тарихын тануға шақырып, тағзым етуге жетелейтін шаралар легі болмақшы.

Есенай ІҢКӘРБАЕВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті,

саясат ғылымдарының кандидаты