АЛАКӨЛ, ТАМСАНАМЫН КЕЛБЕТІҢЕ! АҚТҮБЕК АУЫЛЫНДА ӘДЕБИ БАЙҚАУ ӨТТІ

Уақыты: 29.11.2021
Оқылды: 998
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ әдебиетінде табиғаттың тамыршысы іспетті, тамашасын жырға қосып жүрген ақындар аз емес. Кестелі сөз бен жүйрік ойды оқырманға шынайы әрі танымды етіп жеткізу де өжеттіліктің белгісі. Осындай бірегей таланттардың бірі, Алакөл тумасы, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, ақын, композитор, әнші, сазгер Естай Әлікеевтің Ақтүбек атындағы орта мектепте «Жүрегім – сазды сандығым» атты кең көлемді үш сатылы байқауы өткізілді.

Байқаудың негізгі мақсаты - ақынның шығармаларын жас жеткіншектерге дәріптеп, алдағы өмір жолына жарқын ой салу.

Аудан бойынша өткізілген бұл шараға 85 көркемсөз оқу шебері қатысып, өз қабілеттерін ортаға салды. Оған аудан әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов, ауданға қарасты Көктұма ауылының тумасы, кино және театр актері, тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Рахман Омаров, Алматы және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Ғайни Шаймарданұлы, ауыл әкімі Мұрат Ахметов және ақын, композитор, әнші, сазгер Естай Әлікеевтің өзі қатысып,  қазылық етті.

Алакөл, тамсанамын келбетіңе, 
Өзіңдей жер бар ма екен жер бетінде?
Қабанбай бабамыздың рухы болып,
Толқының толқып жатыр тербетіле,
- деп жырлаған Естай ақынның жас дарындарға арналған байқауына тірек болып келген достары да өз ойларымен бөлісті. 

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген дарындыларды даралайтын оқудағы озаттарға арналған бұл байқаудың ерекше бір тұсы үш кезеңнен, яғни «Жүрегім - сазды сандығым» номинациясы бойынша оқушылар сазгердің өлеңін ой кестесіне сай көркемдеп оқыса, «Әзірге айтарым...» кезеңі бойынша жас дарындар ақынға арнаған өз шығармаларын таныстырды. Ал «Ән - жүрегімде» атты кезеңінде композитордың әні мен термесін орындады. Айтулы  байқауда бой көрсеткен үздіктер мен жеңімпаздарды құрметті қонақтар арнайы құттықтап, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарын табыстады.

Бақытым да, тілегім де - ән,
Жақұтым да, тірегім де - ән.
Шашуым да, бұл еліме - ән,
Менің мәңгі жүрегім де ән!
– деп жырлаған жерлесіміз жиын соңын өзінің репертуарындағы керемет әнімен жалғастырып, аудан азаматтарымен естелік суретке түсті.

Қасиет АРЫСТАН,

Алакөл ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы облысы