АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ ӘКІМІ ЕЛБАСЫ ТУРАЛЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 01.12.2021
Оқылды: 1334
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жер атты көгілдір ғаламшардың бетіндегі мемлекеттердің даму, көркею жолдарына қарар болсақ, адамзаттық өркениеттің озық үлгілерін көруге болады. Солардың ішінде қадау-қадау қарағайдай көрініп, мемлекет ұғымының қалыптасуына өзіндік үлес қосқан айтулы тұлғалар бар.

Мұхаммед пайғамбар (с.а.с), Юлий Цезарь, Шыңғысхан, Александр Македонский, Бонапарт Наполеон, Ақсақ Темір, І Петр, Джордж Вашингтон, Нельсон Мандела, Махатма Ганди сынды талайлы тағдырлардың тізімін жасауға болады. Бұлардың бәрі де өз елінің, өз жерінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, бар қажыр-қайратын жұмсаған жандар. Осылардың соңын ала ХХ ғасырдың соңында құлаған КСРО атты алпауыттың үйіндісінен Қазақстан Республикасының өз алдына жеке дара мемлекет болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дәуірі келді.

Бүтіндей бір кезеңнің бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық сынды кескін-келбетінің қалыптасуына айтарлықтай ықпал еткен жанның жақсылығын айту, келешекті паш ету білетіндердің міндеті. Өйткені, әркім өз заманының куәгері, өз дәуірінің көзі тірі шежіресі іспетті. Сондықтан білгеніңді жасырмай жеткізу, көргеніңді әділетті жолмен ұғындыру заман талабынан туындап отыр. Қазақтың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөзінің мәнісі осы болса керек.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқсаныншы жылдардың ауыртпалығын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Сол тұста Қазақстан Республикасының салалық министрліктері құрылып, Үкіметтің алғашқы қадамдарын қалай жасағаны көз алдымызда. Төл теңгенің дүниеге келуі халқымыздың болашаққа деген құлшынысын оятып, Ту, Герб, Гимн сынды рәміздер мемлекеттігімізді айқындай түсті. Ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды бабалар ғасырлар бойы армандаған, кейінгі Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арыстар қазығын қаққан мемлекеттіліктің белгілері осылайша көрініс тауып жатты.

Өндірісі тұралаған кәсіпорындардың тоқыраған жұмысын қайта қалпына келтіру жүйкеге қаншама салмақ түсірді десеңізші?! Ауылшаруашылық саласының үлкен бір бағыты – төрт түлік малдың пайдасын халық осы тұста көрді. Ұн, май, қант, тұз секілді азық-түлікке қолындағы тоқты-торпағын айырбастаған жұртшылық тіршіліктің көзі жұмыста екендігін ұғынып, сауда-саттықтың алғышарттары жасалып жатты. Нарықтық экономикаға қадам басқан сол тұстағы мерзімді баспасөзде: «Қазақтың қолынан сауда жасау келе ме?» деген тақырып кеңінен талқыланып, пікір қайшылығын тудырды. Солай десек те сауданың көрігін қыздырған жандардың табысты еселеудің жолын тапқаны бұлтартпас шындық.

Соның арқасында еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін, шығысы мен батысын байланыстырған аймақтық қарым-қатынас орнады. Асқақ Алатаудың апорт алмалары еліміздің барлық өңіріндегі жұртшылыққа тіл үйірер дәмімен танылса, қарт Каспийдің суында өскен бекіренің уылдырығы дастарқанның көркін кіргізді. Алтай-Тарбағатайдың әсем гүлдерінен жиналған бал мен оңтүстіктің аршаға ысталған қымызы тұтынушының талабын қанағаттандырды. Міне, осының бәрі ішкі сауда-саттықтың жетістігі еді. Оны қалайша жоққа шығарамыз?! Осылайша қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын ұғынған халқымыз өзіне аса таныс емес сала – сауда-саттықты толық меңгеріп, алыс-берістің көрігін қыздырды.

Одан кейінгі жылдардың еншісінде республикалық маңызы бар жолдар салынып, инфрақұрылымдар тартыла бастағанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі.

Жаратқан Алланың бұйыртуымен алған тәуелсіздігіміз берекелі. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық жобасының арқасында көптеген мәліметтер ашылып, елге белгілі оқиғалардың ақтаңдақ тұстары айтыла бастады. Өткеніне ой жүгірткен еліміз кеткен кемшілікті, болған қателікті түзеудің жолына түсті. Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын ұғынған мамандар оны қолданысқа енгізіп, тиімді нұсқасын пайдалануды ұсыныс ретінде беруде.

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Бір қарағанда қысқа уақыт секілді көрінгенімен бұл бір адамның ғұмырына пара-пар кезең. Сондықтан, алған Тәуелсіздігімізді келешек ұрпаққа сақтап қалу әрбірімізді ойландыруы тиіс деп білемін. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалымыздың көш ілгері екендігі анық. Соған қарап күн астында қанат жайған қырандай көк аспанда қалықтаған мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, еліміз бен жеріміздің соңғы үлгідегі технологиялармен қамтылып, заман ағысына ілесуіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қосқан үлесі зор екендігін баса айтқым келеді. Өз ұлтының көркейгенін мақсат тұтқан айтулы тұлға ретінде Елбасының қайраткерлігін көпшілік жақсы біледі.

Аңсар МҰСАХАНОВ,

қоғам және мемлекет қайраткері,

ауылшаруашылық ғылымдарының докторы