ҮҢГІРТАСТА СОНАУ 1957 ЖЫЛЫ САЛЫНҒАН КӨНЕ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Уақыты: 02.12.2021
Оқылды: 1421
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығының құрметіне Алматы облысы Үңгіртас ауылында Мәдениет үйі ашылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас пен аудан жұртшылығы қатысты. Аудан әкімі ауылдық Мәдениет үйінің ашылуы өңірдің мәдени өмірі үшін жақсы жаңалық екенін атап өтті.

- Құрметті қауым! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Үңіртас ауылында жаңа Мәдениет үйін ашып отырмыз. Енді мұнда мерекелерге, жақсы жаңалықтарға орай, жастарды тәрбиелеу бағытында игі шаралар тұрақты өткізілетін болады. Осы құрылысты жүргізген құрылысшыларға алғыс білдіремін, - деді ол.

Ауыл тұрғындарын мерекемен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әскербек Абаев пен Ардагерлер ұйымының төрағасы Батырхан Меңдібаев та құттықтады. Тұрғындар атынан Үңіртас ауылдық ақсақалдар кеңесінің өкілі Асанқұл Толоқұлов ризашылығын жеткізді.

Ашылу салтанатынан соң жиналған көпшілік Мәдениет үйін аралап көрді. Мәдениет үйінде орналасқан кітапханаға сый ретінде Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы кітап сыйға тартылды.

Ауыл тұрғындарына Сүйінбай сазы фольклорлық-этнографиялық халықтық ансамблі, аудандық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Жамбыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, Мәдениет үйінің ғимараты 1957 жылы салынған, 2019 жылы қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Құрылысты «Өмірзақ» ЖШС атқарды. Ғимараттың жалпы алаңы - 698,5 шаршы метр, 200 орынға арналған көрермен залы бар. Атқарылған жұмыстардың құны -  251 574 000 теңге, жаңарған Мәдениет үйіне барлық қажетті құрал-жабдық алынып, қызметін лайықты атқаруға жағдай жасалған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"