ОН ЖЫЛ АУЫР ДЕРТПЕН АЛЫСҚАН ҚАРШАДАЙ ҚЫЗ КӨҢІЛ ТЕРБЕР КІТАП ЖАЗДЫ

Уақыты: 03.12.2021
Оқылды: 1674
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мөлт еткен көздің жасынан тұнық, одан зілмар дүние бар ма екен? Әсіресе, мынау жарық ғаламға жанар суарған шағыңда, айналаңа енді ынтызар көзбен қараған он жасыңда кенеттен дертке душар болып, сырқатпен күрескендегі жан толқынысыңнан туындаған көз жасын айтамын. Қаламын сүйріктей саусағына қапсырып, он жыл жанын қинаған дертпен алыса жүріп басынан кешкен талай сәттерін қағазға бедерлеген Жәмиля Бақтиярқызының өршіл, табанды мінезі көңіл толқытты. Ал сол бұлыңғыр шақта жазған шығармасы кітап болып басылып, «Бәйшешек» атымен оқырманға жол тартуының өзі үлкен ерліктен туындаса керек-ті.

Балауса шағынан бастап Алла берген үлкен сынаққа төзіп, ақырында жеңіп шыққан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, жас журналист Жәмиля Бақтиярқызының «Бәйшешек» кітабының тұсаукесер кеші Жетісу жерінде жалғасын тапты. Алғаш Елорда төрінде оқырманға жол тартқан бұл жаңа кітап – жас автордың қанатқақты туындысы.

С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында өткен рухани шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылармен қатар кеш кейіпкерінің сыныптастары мен ұстаздары қатысты.

– Қолына қалам ала салып, өзінің ойын естелік етіп жазған жас баланың өмірі де адамзатқа үлгі болатын кезең келді қазір. Он жасында адам баласында сирек кездесетін дертке ұшыраған кішкентай қыз ақ қағазға отыра салып, ойларын төге бастады. Оған Жаратушыдан әуелде сызаттана түскен бір жарық сәуле келе-келе топтаса ұлғайып, түйдек-түйдек ойлардың тасқынына айналды. Ғайыптан келіп түсіп жатқан толағай тебіреністер жас баланы, ең алдымен, Құдайды тануға үйретті, оған жалбарына бас иіп мықты сеніммен, қайтпас күреспен биік нәтиже – жеңіске жетудің жолына алып шықты, – деп тебірене сөз бастаған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев рухани шараны тізгіндеді. Ол алдымен, осынау сөздер арқылы игі шараның мақсаты мен міндетін түсіндіріп өтті.

– Адам баласының басына түрлі жағдаяттар түседі. Соны табандылықпен, асқан қажырлықпен жеңе білгендер ғана өмірден өз еншісін алып, бақытына қол жеткізеді. Айналайын, Жәмиля сенің қаламыңнан туған бұл жауқазын жазба жанымызды нұрландырғандай кеудемізге қуаныш сыйлап отыр. Қашан да алғаш аттап отырған әдебиет әлемінде бағың жансын, – деп ақжарма тілек басын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт бастап, жиырма бір жасар жас жазушыға сәт сапар тіледі.

– Күллі қазаққа, текті жұртқа төбе би болған Төле би бабамыздың жетінші ұрпағы Бақтияр Өнербаев сынды асыл әкеден туған аяулы Жәмиляның қаламынан төгілген туынды соншалық мөлдір дүние. Тектілердің сарқыты болған қызымыз осыншама ауыр жағдайды бастан өткеріп, оны мөлтек күйінде кітапқа түсірген. Бұл шығарма кітап болып басылмас бұрын Бақтияр Әлтайұлы маған қолжазбасын жолдаған еді. Тебіреніп оқыдым да, сол толғамымды газетке жарияладым, – деген халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, қазақтың айбоз ақыны, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрінұлы талапкерге ақ бата тектес тілегін атқарып,  жас ұрпаққа жігер берер туынды өміршең болсын деген ізгі ниетін білдірді.

«Өміріме деген ынта менде де бар еді. Өйткені, мен бала едім... Мен ауруыма жеңіл қарадым, оны қабылдамадым, жақсы көрдім және күрестім... Сондықтан мен Жаратушыма налымаймын деп шештім», – деп қаршадай қыздың толғануы, онымен қоймай: «...Мені жарқыраған күніме жеткізетін бір ғана қару бар еді, ол – сабыр», – деп құлындай құлдыраған шағында адамзатқа керек ең асыл құндылық «сабырдың» жалына жармасқан жанның жүрек толғанысынан туған прозалық шығарма кімді де болсын бей-жай қалдырмайды.

Көңіл күмбезінде зерленіп қалар осынау жас жазушының кітабының тұсаукесер рәсімін облыстық ардегерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, айбоз ақын Әміре Әрін, Жәмиляның нағашы апасы Сара Тастанбайқызы, Бейсен Құранбектің жары Гүлмира, ақын Гүлбақыт Қасен, «Өлке тынысы» ЖШС-нің директоры Мейрам Жанәділов, Жәмиляның әкесі Бахтияр Әлтайұлы салтанатты түрде кесті.

Оқырман олжасына айналар кітаптың лентасы қиылған рухани шарада облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, кеш кейіпкерінің нағашы апасы Сара Тастанбайқызы, «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейрам Жанәділов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Гүлбақыт Қасен, Талдықорған сервис және технологиялар колледжінің директоры Ләззат Базарқұлова, қазақтың аяулы перзенті, танымал журналист Бейсен Құранбектің жары Гүлмира сынды зиялы жандар сөз алып, кітап авторына деген тілектерін жеткізді.

– Армысыздар, жетісулық жайсаң жұрт! Біздің өмірімізде бұл қасиетті мекеннің алар орны ерекше. Қызмет бабымен осы аймаққа ат басын бұрғанда талай бақытты сәтті бастан кештік. Соның бірі қызымыз ұзақ жыл армандаған мектеп табалдырығын аттап, партада отырып білім алды. «Алтын белгімен» мектепті бітіріп, үмітін үкілеп университетке түсті. Енді, міне, орталарыңызға өзінің жүрек жазбасын кітап етіп оралып отыр, – деген Бақтияр Өнербаев аяулы қызына әкелік асқақ тілегін толғады.

Ата-ана болып перзентінен үміт күткенін, сол тілегі қабыл болып, қызы сырқатынан құлантаза айыққанын жеткізгенде, кеш көрермендерінің көңілі толқыды. Ал, шара соңында адамға керек асыл қасиеттерді санамалаған қаршадай Жәмиля Бахтиярқызы, өзін жазушы санамайтынын, ол үшін көп еңбектену керектігін атап өтті. Сонымен қатар, Жетісу жеріне деген перзенттік махаббатын айшықтап, кітап жазудағы мақсатын өмірдегі сәтсіздікке бола мұңайып қалар жастарға жігер бергісі келгенін жеткізді.

Қаршадай қазақ қызының жан жүрегінен тепсіп шыққан мөлдір естеліктерден құралған кітап «Күрес», «Сенім», «Жеңіс» атты үш бөлімнен тұрады. Әрбір бөлімде жас қаламгердің бастан кешкен оқиғалары, палатаға түскені, жанына батқан дертпен алыса жүріп өмір жайлы толғанған толғамдары топтасса, «Пікірлер» бөлімінде әдебиет әлемінде жүрген белгілі ақын-жазушылардың шығарма жайлы жазған пікірлері бедерленген. Ендеше, өмірге құштар жанның жеңіс жолына дейінгі жазылған естеліктері басылған кітаптың ғұмыры өміршең болсын демекпіз.

Диана ӘЛІМБЕК,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы