БАЛАНЫҢ БІЛІМГЕ ДЕГЕН ЫНТАСЫН ОЯТУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? МҰҒАЛІМ КЕҢЕСІ

Уақыты: 03.12.2021
Оқылды: 1217
Бөлім: РУХАНИЯТ

Білім - бүгінгі уақыттың ең шынайы капиталы. Сондықтан да, қоғамымыздағы өзгерістер мен жаңа тұрпатты стратегиялық бағдарлар білім беру сапасына деген бұрынғы талап пен міндеттерге жаңашыл көзқараспен қарауды қажет етеді.

Ж.Аймауытов: «Баланың ынтасын ояту үшін оқытатын нәрседе бір жаңалық болу керек», - деген екен. Бүгінгі күнде сан түрлі технологияларды меңгеру жолындағы мұғалімдердің ізденістерін жазушы осылай бір-ақ тұжырыммен білдіргендей. Осыған орай, соңғы кезде оқытудың әр түрлі педагогикалық технологиялары жасалып,мектеп өміріне енгізілуде.

Педагогикалық ойындар технологиясы дегеніміз - педагогикалық жұмысты ойын түрінде ұйымдастырудың әдістері мен тәсілдерінің жиыны. Ойын түріндегі жұмыстар сабақ үстіндегі қолайлы деген жағдайларда пайда болып, оқушыларды қызықтырушы құрал ретінде қолданылады.

Ойын арқылы оқыту технологиясы бастауыш сыныптарда кеңінен қолданылады. Әр мұғалім технология нәтижесі дұрыс болуы үшін мынандай жағдайларды ескеруі қажет:

  1. Әр ойынның тәрбиелік, білімділік, дамытушылық маңызын алдын ала жете түсініп, оның балаларға қандай нәтиже беретіндігін анықтау.
  2. Ойын жүргізілетін орынның мүмкіндігі, ойын жабдықтарының эстетикалық талаптарға сай болуы, алдын-ала әзірлеу.
  3. Сыныптағы оқушылардың жас, психологиялық ерекшеліктеріне, білім деңгейлеріне, сөздік қорына сәйкес келуі.
  4. Ойын кезіндегі қозғалыс, техникалық қауіпсіздіктен қамтамасыз ету.
  5. Ойынның, сабақтағы ойын элементтерінің оқушылардың ынтасын оятып, пәнге деген қызығушылығын арттыруға бағытталуы.

Ойын элементтерін тиімді қолдану бастауыш сыныптарда өте тиімді, себебі, тез жазу, оқу, мазмұндау дағдылары қалыптаспаған оқушыларды бірыңғай жаттығу жұмысы жалықтырады, ал ойын технологиясы керісінше пәнді сүюге, қызығуға ықпал жасайды.

Гүлім ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ,

Сарыөзек орта мектебі МДШО бастауыш сынып мұғалімі

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан