Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ОРАЗАЛЫ ДОСБОСЫНОВ АТЫНДА ҚОР ҚҰРЫЛЫП, РЕСМИ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Уақыты: 25.01.2022
Оқылды: 2220
Бөлім: РУХАНИЯТ

От ауызды, орақ тілді айтыстың ақтаңгері Оразалы Досбосынов атындағы қоғамдық қор ашылып, ресми түрде жұмысын бастады. Аудандық кітапханада өткен бұл іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-этнограф Нұрлан Сәрсенбаев, облыстық "Тіл" оқыту орталығы Талғар аудандық филиалының басшысы, ақын Камнұр Тәлімұлы, қордың ашылуына мұрындық болған құрылтайшыларының бірі Зәмзәгүл Әубәкір және ақынның шығармашылығына қанық оқырман мен ұстаздар, оқушылар қатысты.

Мақсат-мұратын айқындаған О.Досбосынов атындағы қоғамдық қорға ақынның қарындасы, мектеп мұғалімі Әйгерім Досбосынова мен Оразалының қызы Нұрайша Досбосынова жетекшілік етеді. Салтанатты шарада біртуар ақынның өнері мен өміріне қатысты естеліктер тиегі ағытылды. Көпшілік назарына Оразалы өмірінен бейнебаян көрсетілді.

Оразалыны бойына ана сүтімен, әке күшімен сіңген таланты танытса, одан кейінгі ортасы. Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали мен Бердібек Соқпақбаев, Баққожа Мұқай, Сағат Әшімбаев сынды қазақтың маңдайалды марқасқаларының кіндік қаны тамған киелі топырақта дүниеге келген таланттардың рухани қазынасынан нәр алды. Оразды баулыған ұстазы, қазақтың айтыскер ақыны Қасенәлі Саматыров, Даубай Әбдісаев болса, құлын-тайдай тең өскен құрдастары Бақыт Жағыпарұлы, Жұматай Оспанұлы, Бақыт Беделхан, Есей Жеңісұлы, Алмат Исәділ, Зәмзәгүл Әубәкір сынды бала күннен бірге өскен, өнерге бірге қадам басқан құрбы-құрдастарының алар орны ерекше. Олардың барлығы да менің шәкірттерім саналады. Оразалының ерекше қыры – оның мақамы, ырғағы, сонау Сүйінбайдан, Құланаян Құлмамбеттен, Таңжарықтан, Көдектен ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан сарынды, әуенді күмбірлеген күмбездей бізге жеткізген ақын – ол Оразалы. Мектеп жасынан бастап республикалық деңгейдегі айтыстарға қатысқан бала Оразалы студент шағында халықаралық деңгейге көтерілді, – деген Кәмнұр Тәлімұлы ақынның сан қырын аша естелік айтты.

– Отызға да толмаған Оразалы халықаралық дәрежеде танымал болған үлкен айтыскер ақын. Көдек ақынның ұрпағы. Оразалы – халықтың ұлы, тарихта ізі қалған біртуар ғажайып құбылыс. Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы. Оразалы Қытайға барған сапарында Еркін Ілияс сынды сүрінбеген ақынмен айтысты. Қытай қазақтарының қазіргі заман айтысына үлкен құбылыс әкелді. Сол айтыстан кейін арнайы айтыс сыныптарын ашып, талай ұрпақтың шыңдалуына себепкер болды, – деді жазушы Нұрлан Сәрсенбаев.

Құлмамбеттің құлыны – Оразалы жайындағы естеліктер көбіне бертін келе студент шағынан бастау алып жататындығын тілге тиек еткен ұлт жанашыры, қор құрылтайшысы Зәмзәгүл Әукәкір де 6-сыныптан айтысқа бірге барып, қыз бен жігіт айтысында Оразалының қарсыласы болғандағы қызықтарын күні кешегідей әсерлі етіп әңгімелеп берді. Өнер көгіне енді қанат қаққан жас таланттардың шыңдалуына ұстаздарымен қатар  тең құрбылары Лашын Мұратқызы, Гүлбағыш Бостан, Жұматай Оспанұлы, Сержан Молдасанов сынды қазіргі қазаққа танымал, өнердің қазанында жүрген жастардың көп болуы өнерлі ортаның қалыптасуына зор ықпал еткендігін айрықша атады. Оразалы Досбосынов атындағы қорды құру жөнінде көп ойланып, толғанғандығын тілге тиек ете келе: «Бұл – Ораздың музейіне апаратын даңғыл жол деп білеміз және ақын шығармашылығын жаңғыртуда игі істердің жүзеге асарына сенеміз», – деген ойымен бөлісті.

– Даналығы бір басым, даралығы бір басым ағамыз Оразалының мұраларын зерттеп, жарыққа шығаруда әлі де атқарылар шаруалар жеткілікті. Осыған дейін үш томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Онда көбінесе естеліктер мен арнау өлеңдер жазылған. Шығармашылығы толық қамтылмаған. Қордың негізгі мақсаты – ақтаңгер ақын Оразалы Досбосыновтың барлық айтыстарын, әсіресе, 27 аудио-бейне таспадағы айтыстарын жинаққа енгізу, шығармаларына бағытталған зерттеу жұмыстарын жүргізу, аудандықтан бастап, республикалық деңгейде өтетін О.Досбосынов атындағы айтыстарды ұйымдастыру, ақын атындағы айтыс мектебін ашу. Сонымен қатар, Оразалы атындағы музейдің салынуына себепкер болу. Ақынның сатирасы мықты еді, асабалық қырынан да танылған. Сол себепті, қордың тағы бір мақсаты – той кассеталарын тауып, жинақтау. Дәстүрлі әндерді керемет орындайтын. Оразалының осындай өнердегі сан қырлы талантын таныстыру, халыққа өшпес мұра етіп қалдыру. Бүгінгі шара осы үлкен істің бастамасы, – деді қор жетекшісі Әйгерім Досбосынова.

Шара соңында «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты эссе мен жас ақындардың жүрекжарды жырлары сарапқа салынып, жеңімпаздар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Оразалы Досбосынов атындағы қоғамдық қор ұйымдастырған бұл шығармашылық байқауға аудандағы мектептердің оқушылары мен колледж студенттері, тіпті, ұстаздары да бақ сынасқандығын атап айту ләзім. Артына өлмейтұғын сөз қалдырған Оразалының маржан жырлары, мол әдеби мұрасы барда айтыскер ақын есімі мәңгі жасай бермек.

Ұлболсын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы