ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ДӘРІС ОҚЫДЫ

Уақыты: 31.08.2022
Оқылды: 779
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғанда «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Тіл үйретушінің тілтанымдық құзыреттілігі» тақырыбында оқытушылардың біліктілігін арттыру курсы өтті.

Мекеме басшысы Жеңіс Жолдыбаевтың бастамасымен оқытушылардың білімін жетілдіру мақсатында екінші мәрте ұйымдастырылып отырған курс тіл үйретушілердің әдістемелік жұмысын жолға қойып, оқытушылардың  педагогикалық дағдыларын қалыптастыруға және іс-тәжірибе алмасуға бағытталған. Аталған шараға Тіл білімі институтының тілші-ғалымдары қатысты.

Атап айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Ересектерге тіл үйрету: тілтанушы тәжірибесінен», «Лексикалық минимум туралы», «Грамматиканы оқыту керек», «Әдеби тілдің нормалары туралы тың ақпараттар», «Тіл үйренуші неге сөйлеп кетпейді: тілтанушылық талдау» тақырыптары бойынша дәріс оқыды.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған біліктілікті арттыру курсына «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аудандық, қалалық  филиалдары мен облыстық орталығынан 40-қа жуық оқытушы мен меңгеруші қатысты.

Шараны  қорытындылаған  орталық басшысы Жеңіс Хамитұлы түйінді сөз сөйлеп, екі күн бойы білім жетілдіру курсына қатысып, дәріс тыңдаған оқытушылар мен меңгерушілерге сертификат табыстады. Сондай-ақ, Жетісу өңіріне арнайы келіп, өз білімі және тәжірибесімен бөліскен Анар Мұратқызына алғысын білдірді.

Өз кезегінде Анар Фазылжан да орталық оқытушыларының сабақта ерекше белсенділік танытқандығына ризашылығын білдіріп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруде тіл саласы мамандарының еңбегі ерен екендігін атап өтіп, алғыс айтты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Жетісу облысы