МЕМЛЕКЕТ БӘРІНЕ БІРДЕЙ МҮМКІНДІК БЕРІП, ӘДІЛДІК ОРНАТАДЫ - ПРЕЗИДЕНТ

Уақыты: 01.09.2022
Оқылды: 1372
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауында елдік мәселелерді жан-жақты қамтыды. Мұнда көрсетілген саяси бағдар жаңашыл сипаттарымен назар аударады. Халыққа қажет жайларды күн тәртібіне шығарды. Жолдауда айтылған тұжырымдар көпшіліктің көкейіне қонады деген пікірдемін.

ҚР Президентінің: «Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады», - деген сөзі қанаттандырмай қоймайды.

Бізге игілікті ешкім сырттан әкеліп ұсынбайды. Оны өзіміз іске асырамыз. Кеткен қателіктерді түзетудің әдістерін жетілдіреміз. Өзгеріс енген заңдарымыз пәрменділікті  арттыруға тиісті. Түйінін шешетін өзекті мәселелер айналамызда аз емес.

Ілгері  басудың, оң өзгерістерді тиянақтаудың ағышарттары белгіленді. Ата Заңға өзгерістер енгізу туралы кешегі өткен бүкілхалықтық референдум соның негізгі бағыттары. Ең бастысы, өмірдің саяси-экономикалық саласында батыл таңдау жасалып, қажетті іс-шаралар қолға алынды. Оны қоғамның қолдайтыны белгілі болды.

«Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақ тумысынан салмақты. «Сабыр түбі – сары алтынды» құндылыққа балаған жұртпыз. Бірлік пен тірлікті одан әрі нығайта түсіп, демократияны дамытамыз деген сенімдемін.

Рыскелді ЖАҚАБАЕВ,

Қазтай Ұлтарақов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы