БҮГІН ЕЛІМІЗДЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛЫП, ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 01.09.2022
Оқылды: 1551
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін ел көлемінде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Осынау қуанышты күні Талдықорған қаласындағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінде 1-сынып табалдырығын 160 бүлдіршін аттады.

Мемлекеттік Гимнмен басталған алғашқы қоңырау салтанатында бүлдіршіндер сынып жетекшісімен бірге бір сапқа тұрды. Шарада алғашқы болып Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз алды. Ол әуелі білім, ғылым ұлттың темірқазығы екенін айшықтады.

– Сіздер білім алып жатқан алтын ұя мектепте мен де оқыдым. Арманшыл балалық шағымның бал дәмін осында таттым. Биікке ұмтылдым. «Білімдінің алды жарық» деген ұлылардың сөзіне қарап еңсе тіктедім. Бала – ұлттың ең құнды қазынасы десек, әрбіріңіз білімді, өнегелі болуға, ата-ана мен ұстаздардың үмітін ақтауға тиіссіздер, – деген аймақ басшысының орынбасары барша ата-ана мен ұстаздар қауымын, оқушыларды Білім күнімен құттықтады.

Өз кезегінде сөз алған аталмыш мектеп-лицейдің директоры Шалқар Құдайбергенов ұстаздар мен оқушылардың, білім ошағының өткен жылғы жетістігін саралап, биыл білім көкжиегінде одан да биікке жетуіміз керек деді. Сонымен қатар, әрбір өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік пен білімге деген ынта болса, алмас қамал жоқтығын тілге тиек етті.

Күміс қоңырау үні күмбірлеп, өнерпаз оқушылардың әні әуелеген салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Одан кейін Рустам Әлиұлы мектеп ғимаратын аралап, білім ошағының мән-жайымен танысты. Сонымен қатар, 1360-тан астам оқушы білім алып жатқан алтын ұя мектептің 11-сынып оқушыларымен арнайы кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Білім ошағынан түлеп ұшып, ертеңгі маман атанар өрендерге өмірде көрген-білгенін айтып, әлемдік үрдісті, заман талабы мен жастардың белсенді әрі ынталы болуын, бойындағы талантын жан-жақтылы ашқанда ғана елге еселі еңбек ете алатынын жеткізді. Өз кезегінде 11-сынып оқушылары да армандарын айшықтап, пікірлерін ортаға салды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Жетісу облысы