АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҮШ КЕЗЕҢДІ ЖАРЫС ӨТТІ

Уақыты: 07.09.2022
Оқылды: 1534
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерінің арасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты облыстық байқау өтті. Байқауға Алматы мен Жетісу облысынан 19 үміткер қатысты.

Жарыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» кезеңінде әр қатысушы өз ауданын таныстырса, «Ел едік ерімен мақтанатын» атты сұрақ-жауап бөлімінде Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты екі сұрақтан қойылды. Шешуші кезеңде қатысушылар «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыбында шығарма жазып, олардың тілді меңгеруі мен жазу сауаттылығы тексерілді.

Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Вячеслав Калинин (Кербұлақ ауданы), І орынды Зинура Қасымова (Райымбек ауданы), ІІ орынды Саида Ахметова (Панфилов ауданы) және ІІІ орынды Вера Ушакова (Ақсу ауданы) иеленді.

Жүлдегерлер мен байқауға қатысқан барлық үміткерлерге Алғыс хат пен ақшалай сертификат табысталды. Оларды құттықтаған «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев қатысқан әр адамға алғысын білдіріп, дәл осы бағыттағы байқау алдағы уақытта тағы да өткізілетінін айтты.

Қали АСҚАР

Жетісу облысы