КӘСІПОДАҚТАР КҮНІНДЕ БІРҚАТАР МҰҒАЛІМ МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 10.10.2022
Оқылды: 2010
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында бірқатар мұғалім марапатқа ие болды.

Ұстаздар мен Кәсіподақ күніне орай Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы «Ұстаздық – ұлы қызмет» тақырыбында салтанатты қабылдау өткізді. Оған облыс және аудан көлеміндегі мекеме  басшылары, кәсіподақ белсенділері мен сала ардагерлері  қатысты.

Жиында алғашқы болып сөз алған Жетісу және Алматы облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Жақсылық Қаһарман ұлағат иелері мен кәсіподақ белсенділерін, ардагерлерін мерейлі мерекемен құттықтады. Өмірдің шамшырағы болған әрбіріне шығармашылық табыс, еңбегіне жеміс тілеп, ардақтауға лайық абзал жандар екенін айшықтады. Өз кезегінде облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов ақжарма тілегін арнады.

Шара барысында бірқатар зиялы азамат сөз алып, көңіл түкпіріндегі жылы лебіздерін ортаға салды.

Мерекелі салтанатта кәсіподақ мүшелеріне қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, облыс әкімі мен мәслихатының, білім басқармасының және облыстық кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табыс етілді. Сонымен қатар, аталмыш мекеменің негізгі бағыттары бойынша белсенді жұмыс істеген азаматтар арнайы аталым бойынша құрметке бөленді.

Ән әуелеп, күй күмбірлеген кеш соңында Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің білімгерлері мен Оқушылар сарайының бүлдіршіндері мерекелік концерт көрігін қыздырды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Жетісу облысы