МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ 125 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КОНФЕРЕНЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 21.10.2022
Оқылды: 1982
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мұхтар Әуезовтің туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Осыған орай Шамалған ауылдық Мәдениет үйінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Заңғар жазушы әлемі» атты өлкелік конференция болып өтті. Аталмыш шараға облыстық тілдерді дамыту басқармасының, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының, Қарасай ауданы білім бөлімінің қызметкерлері, Сулейман Демирель университетінің, М.Әуезов атындағы орта мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Алқалы жиынды облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Әбіләжімова ашып, жазушының қазақ қоғамында және әлем әдебиетінде алар орны мен рөлі туралы өз ойын ортаға салды. Осыдан кейін Сулейман Демирель университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Баян Керімбекова «Әлем таныған Әуезов» тақырыбында баяндама жасап, Мұхтар Әуезовтің тағдыры мен шығармашылық жолы турасында, еңбектеріндегі әйел тақырыбы жөнінде кеңінен тоқталып өтті.

Ал ардагер ұстаз, Білім беру ісінің үздігі, Журналистер Одағының мүшесі Ақлима Көсемова «Абай жолы» роман-эпопеясының мазмұны, оның жазылуы жайында әңгімеледі. Абайтанушы ұстаз ұлы суреткердің қиын да қилы тағдыры, қызыл империя тарапынан көрген қуғын-сүргіні мен қиянатын да тіліне тиек етті. М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі  Гүлшат Сырымбаева «Мұхтар Әуезов – қайталанбас дара тұлға» тақырыбында баяндаса, осы мектептің ұстазы Шынар Османова «Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелері» деген тұрғыда мазмұнды әңгіме айтып берді.

Конференцияның екінші бөлімінде жиналған жұртшылыққа Мұхтар Әуезов жайлы бейнефильм көрсетіліп, соңынан жас жеткіншектер әзірлеген көркемсөз оқуымен жалғасты. Атап айтқанда, М.Әуезовтің «Жетім», «Көксерек» әңгімелерінен 8-сынып оқушысы Өтеміс Бейбарыс пен 6-сынып оқушысы Сара Бүркітбаева үзінді оқыды. Конференция соңында М.Әуезов атындағы орта мектеп оқушылары дайындаған «Еңлік – Кебек» драмасынан үзінді қойылды. Бұл жерде Еңлік пен Кебектің рөлдерін 10-сынып оқушылары Гүлдана Нәбиева мен Мейірбек Мырзағұловтың шынайы сомдағанын айта кету керек.

Алқалы жиынның қорытындысында Гүлбану Сейітқазықызы шараны өткізуге атсалысқан ұстаздарды марапаттап, жиналған жұртшылыққа алғысын білдірді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы,

Алматы облысы