ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТІП, БІР ТОП АЗАМАТ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 22.10.2022
Оқылды: 2485
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Онда Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ көпшілікті мерекемен құттықтап, өңір дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады.

- Қадірменді қауым! Баршаңызды Ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен  құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл күннің тарихи маңызын ескере отырып, Ұлытаудың төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Республика күнін қайта жаңғырту туралы шешім қабылдады. Осы орайда Президентіміз: «Республика күні еліміздің мемлекеттілікке бағытталған тарихи қадамының символына айналуы тиіс», - деді. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Республикамыздың Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация арқылы еліміз еркіндікке қол жеткізді.

Бұл маңызды құжат қабылданған соң алдымызда демократиялық, құқықтық мемлекет құру, нарықтық қатынасқа көшу, ел тәуелсіздігін күшейту сияқты үлкен міндеттер тұрды. Қазақстан халқы бұл тарихи миссияны абыроймен атқарып, ауызбіршілігінің, жасампаз еңбегінің арқасында гүлденген, заманауи мемлекет құра білді. Қазіргі Қазақстан – бірлігі жарасқан, экономикасы дамыған, әлеуеті артқан, әлемге танылған қуатты мемлекет. Біздің мәңгілік мұратымыз – Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді мығым ету, - деді облыс басшысы.

Бұдан соң бірқатар азаматты "Парасат", "Құрмет", ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" ордендерімен, "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" медальдарымен, Құрмет грамотасымен марапаттады. Еңбегімен елеулі болып, еліміздің мәдениеті, білімі, өнеріне қалтқысыз қызмет еткен жандар "Алматы облысының Құрметті азаматы" атанды.

Бұл қатарда Жамбыл аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бағдат Әлиев, Жамбыл атындағы филармонияның солист-вокалисі Нұрғали Нүсіпжан, Кеген аудандық халық театрының қоюшы режиссері Нағима Таласбаева, Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов бар.

Шара барысында Республика бойынша "Үздік әкім" деп танылған Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының әкімі Бақыт Бейсенбеков те марапатталды. Ал еңбек жолын енді бастаған мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады.

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдыздары - Мирас пен Құралай, Ерке Есмахан, Өмірқұл Айниязов, "Мұзарт-live", "Алатау серілері", "Сүйінбай сазы" топтары әннен шашу шашты.

Алма ЕСЕНБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы