РЕСПУБЛИКА КҮНІ ПАТРИОТИЗМДІ ДӘРІПТЕЙТІН ҰЛЫ МЕРЕКЕ - МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ

Уақыты: 25.10.2022
Оқылды: 1647
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев тұрғындарды Республика күнімен құттықтады.

"Құрметті ағайын! Қадірменді жерлестер! Сіздерді қайта жаңғырған Ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Егемендігімізді дәріптеп, тәуелсіздігімізді паш етуде Республика күнінің тарихи маңызы зор. Бұл күні егемендігіміз ең алғаш жария етіліп, тәуелсіз ел ретінде танылдық. Тәуелсіздігіміздің іргетасы қаланып, тұңғыш рет дербес шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа декларациямыз өмірге келді. Республика күнін елдік пен егемендікті, мемлекет тұтастығы мен патриотизмді дәріптейтін ұлы мереке десек, еш қателеспейміз. Елдік рухымызды қайта жаңғыртып, ұлттық мүддеміз бен тарихи кескін-келбетімізді биік қою – біздің буынға артылған үлкен міндет.

Бұл күн Қазақстан Республикасының негізі қаланған тарихи сәт ретінде де өте қастерлі. Ұлттық мерекеміздің мән-мағынасын жас ұрпаққа түсіндіру, патриотизмді күшейтіп, ел бірлігін сақтау - әрбір Қазақстан азаматына артылған қасиетті борыш.

Барша облыс тұрғындарын Республика күнімен құттықтай отырып, әр отбасына амандық, татулық, бақ-береке тілеймін!" - деді Алматы облысының әкімі.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"