"БІР ӨЛЕҢІ - БІР ӘЛЕМ": МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ ОРАЙ ӨЗГЕШЕ КЕШ ӨТТІ

Уақыты: 15.02.2023
Оқылды: 2114
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ақ қарға оранған ақпанда дүниеге келген Мұқағали ақынның туған күніне орай бұған дейінгі кездесулерден өзгеше кеш өтті. 


Оған Мәдениет сарайының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Әли Алпысбаевтың ұжымы сырласу кешінің қонағы болды. Ұжым болғанда өзі көркемдік жетекшілік жасайтын Мұқан Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрі емес, сарайдың шаруашылық қызметкерлері (киім ілгіштен бастап, билет тексеруші, музыка мен жарық беруші, сахнаға микрофон мен орындықтарды қойып, шығаратын) былайша айтқанда, еңбектері аса байқала бермейтін ұжым бір сағаттан аса уақыт әсерлі әңгіме тыңдап, қара өлеңнен сыбаға алды. Сарайдың 500 кісілік залында емес, 2-қабаттағы шағын ғана бөлмеде шабыттана өлең оқып, шалқып ән салдық. Шараны директордың орынбасары Әділжан Ғұмаров жүргізді.

Әдемі кешті Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін бастады. Арман қуып Алматыға барған жастық шағының бір сәтінде Мұқағали ағамен кездескенін тебірене айтты. Ақын өлеңінің өміршеңдігінен сыр тарқатты. Мұқаңа деген ерекше құрметінің белгісі ретінде арнаған өлеңін оқып берді. Қандай кеш, қандай жиын болмасын сахнадағы өнер иелері мен көрерменнің қызметінде жүретін шаруашылық қызметкерлері ынта-ықыласымен тыңдап, әсерленіп отырған сәтте ешқандай сүйемелдеусіз Әміре Әрін мен ақынның жерлесі Жұматай Оспанұлы «Есіңе мені алғайсың» әнін шырқап берді. Білетіндер де қосылып отырды. Әннің әсерін үзбей ары қарай сөз сабақтаған Жұматай Мұқағали ағасының ақындық жолы мен өмірі жайлы толғана ой қозғады. Жетісу жерінде, Талдықорған төрінде мемлекеттік қызметте жүрсе де, қара өлең әлеміне өзінше үн қосып, өз қолтаңбасын қалдырып келе жатқан Ғабит Тұрсынбай ағамыз да әсерлі кешті әдемі өлеңімен өрнектеді. Әбен Дәуренбеков деген ақын ағамыз Жан-Сері деп атап кеткен Жангелді Немеребай, азаматтығы бір бөлек, ақындығы бір басқа Азамат Нұрмұхан арнау өлеңін оқып, ұядай бөлмедегі бәрімізді ұйытып тастады. Кездесудің негізгі ұйымдастырушысы Әділжан Несіпжанұлының перзенті Шәкәрім нағашы атасының (анасы Мұқағали ағамыздың елінен) «Ана, сен бақыттысың, жыламағың» өлеңін әп-әйбәт-ақ оқып берді.
Шара соңында сөз алған Әли Демегенұлы: «Бұл сарайдағы өнерге қатысты жандардың бәрі небір кешті көріп жүр ғой. Соларға адал қызмет етіп жүрген осы қыз-жігіттердің де бір сәт өлең тыңдап, ел жүрегінен орын алған Мұқағали ақынның әлемімен таныссын деген ниетпен ұйымдастырдық. Мұқағали ағамыздың мәңгілік ғұмыры жалғаса берсін», – деп түйіндеді. 

Бұл кештің өзі Мұқағали әлемі ешқандай аудитория таңдамайтынын, шопанның үйінде де, министрдің шаңырағында да, алып сарайларда да, шағын ортада да тыңдаушысын баурап алатынын көрсетті. Өзі жанындай сүйген, сенген халқы жүрегінің төрінде әлі күнге тербетіп келеді екен, тербеліп кете беретіні де сөзсіз.

АЙ-ЗЕРЕ