Жастар театрының өнерпаздары көпшілікті терең ойға жетеледі.

Уақыты: 11.04.2023
Оқылды: 1388
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында белгілі актер Болат Әбділманов пен Шымкент қаласынан келген «17» жастар театрының өнерпаздары қойылым қойып, көпшілікті терең ойға жетеледі.

Қайырымдылық мақсатында өткізілген кештің шымылдығы қазақ тарихынан сыр шертетін шағын көрініспен ашылып, жиналған қауымды терең ойға жетеледі. Онда Ұлы Даланың ойшылы әл-Фарабиден бастап, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлт ұстаздарының ұлағатты сөздері оқылып, Алаш арыстарының сан қилы тағдыры бейнебаян арқылы көрсетілді.  

Одан кейін рухани кешті ұйымдастыруға мұрындық болған «Жетісу болашақ» қоғамдық қорының негізгі мақсаты таныстырылып, өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкер азаматтар марапатталды. Қордың директоры Мирас Байдәулетов бұл игі бастаманың маңыздылығын айтып, барша жұртты білім алатын жастарды қолдауға шақырды. 

Одан соң Шымкент қаласында құрылып, қысқа уақыттың ішінде көрерменнің көзайымына айналған «17» жастар театры башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхамедовтың «Тастамашы, ана» кітабының негізінде жазылған «Жетімдер» қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Көпбалалы отбасында бақытты күн кешкен сәбилердің бір сәтте-ақ жетімге айналып, балалар үйіне өткізілгені, бауырларымен бірге қашып шығып, қалың орманның ішінен өткен ағайындылардың жанкешті әрекеті Ілияс есімді баланың монологымен айтылып, көрерменнің көзіне жас үйірді. Туған әке-шешенің артында қалған балаларына қайырыла алмай кете беретінін айтқан қойылым өмір жолының қаталдығын, шындығын баяндады.

Халқымыздың асқар биігі Абай Құнанбайұлы. Заманына икемделген қазақтың бойындағы кемшілік пен қателікті сынға алған ақынның терең ойлы рухани мұаралары дәл бүгінгі күнге арналғандай. Арада ғасырдан аса уақыт өтсе де мәні кетпеген, керісінше, қазіргі қоғамның тамырын дөп басқан кемеңгердің даналығы саналы адамды бейжай қалдырмайтынын тағы да дәлелдеді. Мәдениет сарайының сахнасынан Абай баба бейнесін қайта жаңғыртқан актер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақсулық жерлесіміз Болат Әбділманов еді. Күңгірт әлемде бір-бір шырақ көтеріп, «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін шырқаған өнерпаздардың табиғи дауыспен сүйемелдеген қойылымы көрушісін ойлануға, ой қорытуға жетеледі.

Абай бейнесінен айнымай қалған театр тарланының дана болып толғанып: «Қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?

Осылар біріне-бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке болыстық, билікке таластық» – деген ақынның мұңы мен шері көрерменді қалың ойға қалдырды. Өнер ордасынан алған әсер әрбір кеудеге: «Шынында неге солай?» – деген сауалды жүктеп жіберді. 

Осылайша ауыр ойды салмақтаған көрермен қауым қайырымдылық кешінен толғанып шықты. 

«Жетісу болашақ» қоғамдық қорының ашылу салтанатына арнайы келген сахна саңлағы Болат Әбділманов пен «17» жастар театрының ұжымына алғыс айтқан көрермен ыстық ықыласын ұзағынан соққан шапалағымен білдірді. Сонымен бірге алдағы уақытта білімге қолдау көрсететін қордың жұмысына қолдау көрсететінін де жеткізгендер аз болмады.

М. Әсетұлы
Талдықорған қаласы