Бабалар мұрасын жаңғыртты

Уақыты: 23.09.2023
Оқылды: 710
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді дана қазақ. Бізге жеткен сөзді болған жайға, орын алған жағдаятқа қарап кейде күзеп, түзеп қойсақ артықтық етпес. Оған баба мен жұрт өкпелей қоймас. Қазақ тілінің емлесінде тұрақты сөз тіркесі өзгеріссіз қалу керек. Тіл мамандары сотқа жетелемес. Мұндай тұжырымға не сеп деп отырған да боларсыз, ақылы кенен оқырман. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамас» деген. Біздің жайға сеп – Көксу ауданында өткен бір шара. Жай шара емес, алпыс екі тамырды тереңнен иіп, домбыраның қос ішегіндей тербеген жиын. 

Сағымға елітіп, шөл далада қаталаған жанның шөлін қандырған қайнардай шара. Атшаптырым жерден орағытпай көз жеткен, көңіл түйген жайды баяндайық. Тап қазір Жетісу өңірінің жер-жерінде бәйге шаптырып, бозкілемде балуандары алысып, тазы қосып, құс ұшырып «Жер жаннаты– Жетісу» атты Мәдениет күндері байқауы өтуде. Өткен жұмада айтулы шара Көксу ауданында шымылдығын түрді. 

Айтып-айтпай не керек, Көксудағы сайран бөлек. Мұндағы ағайын ерекше ықтияттылықпен даярланған. Тазы жетектеп, томағалы қыранды тұғырға қондырып, кернейлетіп думандатты. Бұл барлық шарада орын алатын жайт қой дерсіз. Бұл жолы көксулықтар тарихты жаңғыртты. Бабалар есімін, мұрасын ұлықтады. Білмегенге айтайық, биыл Қабылиса жыраудың 290, Сара Тастанбекқызының 170, «Темір нарком» атанған Темірбек Жүргеновтің 125, Мұқан Төлебаевтың 110, «Қазақ детективінің атасы» Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай әр нар тұлғаға арнап ақ шаңқан үйлер тігілді. Әр қазақы үйге осы тұлғалар тұтынған бұйымдар мен тарихтың сарғайған парақтарынан сыр шертетін жәдігерлер қойылды. 

Мұндағы ағайынның бұл тірлігіне қарап қазақтың «Аруақ разы болмай, тірі байымас» сөзі көңіл пернесінде сайрап қоя берді. Ұрпақтар сабақтастығын сөйлеткен шараның өн бойында ұлттық иіс аңқып тұрды. Сахна төрінде осы Алаштың алтын ұлдары бедерленген қойылымдар көрерменді елжіретті. Темірбек Жүргеновтің бір ғана образы сахна маңайына жайғасқандарды еріксіз шапалақ ұрғызды. Үлкендер разы болып, жастар тамсанды. Оны қоя тұралық, айтыс өнерінің дүлдүлі болған Сара Тастанбекқызының болмысын нақышында бедерлеген Маргарита Ващенканың қылқалам туындысы талайды сүйсіндірді. Бұл картина 1956 жылы қағазға түсіпті. 

Аудандағы ағайын өздеріндегі айшықтарды да паш етті. «Сағираш» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Жанаргүл Дәулетхан Мұқыры елді мекенінен темір-терсегін арқалай келіпті. Ауылда құрастырылған электроқозғалтқыш, мотоблок, су сораптары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ж. Дәулетхан нәті нәзікжанды болса да осы қондырғыларды ауылда құрастырып жүр. Сонымен қатар «Art.tauekel» қышқұмыра орталығы айтулы шараға шәкірттерін ерте келіпті. Жетекшісі Төлеген Намазбековтың айтуынша, Көксу ауданы орталығынан орталықтың бөлімшесін ашуды көздеген соң көрмесін де тұрғындарға ұсынып отыр. Бір қызығы, қаршадай балалар сол маңда шыр айналған шығыр бетінде саздан талай бұйымды жасап отыр. 

Айтатын жайт, Жетісу жұртшылығына Төлепхан Шораның есімі жақсы таныс. «Номад» оқу орталығын ашқан жан бүгінде аяқкиім тігудің майталманына айналған. Балпық би ауылында сұранысқа сай өнім шығарып келе жатқан шебердің 400-ден аса шәкірт тәрбиелегенін де айтпай кетсек болмас. Т. Шора өз сөресіне аяқкиімнің талай түрін жайғастырыпты. Сапалы және заманауи бұйымдарға қызыға қарағандардың қарасы көп болды.

Жалпы, Көксу ауданындағы «Жер жаннаты – Жетісу» байқауының бір көрінісі айта жүрер кеш болды. Бастысы, жаһандану дәуірінде бабалар мұрасына сапар шектірген, тарих пернесінен күй тербеткен шара.

Дастанбек САДЫҚ