АТА-БАБА АРМАНЫ (ӨЛЕҢ)

Уақыты: 25.10.2023
Оқылды: 1034
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін мейрам! 
Бір күй жаулап санамды, 
Қолға еріксіз алдым сырлас қаламды. 
Көгілдір түс толқындатып алаңды, 
Алтын шапақ аймалауда даламды. 

Бергендейін екеуін де шақтап бір, 
Жарасып тұр көгілдір түс, Аппақ нұр! 
Әсемдіктің әр мысқалын дүние
Аясына сақтап тұр. 

Шаттық кернеп бара жатыр даланы, 
Шаттық кернеп бара жатыр қаланы. 
Көк жүзінде ақкөңілдей ақша бұлт
Аққудайын әсем жүзіп барады. 

Орындалған ел тілегін мият қып, 
Шаттық-бұлақ көңілдерде тұр атқып.
Көк аспан да мөлдірейді тұңғиық 
Қазағымның көк байрағы сияқты. 

Бар адамды жіберетін туыс қып, 
Жаса, жаса, Теңдік пенен Тыныштық! 
Енді елімнен арылмас-ау ырыс-құт,
Соқаны ешкім соға қоймас қылыш қып. 

Өрт те шалмас өлең  тұнған жотаны, 
Бастан тартпас ешкім ерке ботаны. 
Бар қандасым үмітпенен көз тіккен
Сенем саған, қасиетті Отаным! 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

ОТАН  ОЖДАН

Жаңа ғана жанымның шұғыласын, 
                    жапанға шаштым келіп,
Өшіре алмас өртімді тасқын көміп.
Қаны жалын тағыдай жетілгенмін,
Бауыр жүні буырыл қасқыр еміп.

Құзар шыңдар – 
мекенім, 
хас тұрағым,
Шөл қандырғам нәрінен бас тұманың.
Тектілікті тәңірден үзбеймін деп,
Алты ай жортып арлымен бас құрадым!

Жеті атасы – өз жұрты, ұлты – нар,
Көкіректе жарқырар ұлы тұмар;
Мен қасқырмын, қайсақпын әлімсақтан,
Азуында дәуірлік уыты бар!

Содан шығар... Отаным – ожданымдай,
Әр жусанның тағдыры өз жанымдай.
Көкке қарап ұлимын, кекке қанат
жалғанған күн боздармын боздағымдай.

Жаңа ғана жанымның шұғыласын,
                     салқарға шаштым анық,
Қасиет жоқ өңгеге қас қыларлық.
Отаным мен ожданым қымбат маған,
Кете берсін өңгесін тасқын алып...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ