«БІР КЕМ ДҮНИЕ»

Уақыты: 29.10.2023
Оқылды: 1378
Бөлім: РУХАНИЯТ

Құралақан

Жарты әлемдi жаулаған тағы бiр жаһангер – Александр Македонский – Ескендiр Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi. 
Бiр данышпан алақанына бiр шөкiм топырақ салған соң ғана қолы сылқ етiп табытқа түсiптi. 
Сөйтсе, Ескендiр тiрiлерге: – Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар, – деп алақан ашып көрсеткенi екен. 
Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған... Адамның ашқарақ көзi топыраққа ғана тояды. 
Бiр кем дүние... 

Ауыл иттері

Ахмет Байтұрсынұлы:  «Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрiнен өз ауылымның иттерi үрiп, қапқаны», – деп едi-ау. 
Әттең, дүние-ай, 1937 жылы бiздiң әкейдi де өз ауылымыздың шолақ белсендiлерi нақақтан жала жауып, ұстатып жiбердi де жоқ қылды ғой. Обалы кiмге?!  Қорлықты көп көрдiк қой. 
1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, атылған, айдалған, асылғандардың бәрi кейiн ақталды. Бiрақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тiрiлген жоқ. Бiр кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние. 

Бір тамшы жас

О, Сүйiнбике! Алтын Орда хандарынан қалған тәбәрiктей асыл жан. Сен жасыңда дәуiрледiң. Қазан халқының ханы болдың. Қазанды билеген әйел затынан шыққан тұңғыш хан. Сенiң сорыңа орыс патша Иван Грозный замандас болар ма?! 
Қазанды сол қиратты. Қазан қамалын зеңбiрекпен атқылап, құлатып, сенi тұтқынға алды. 
Сен Қазанмен қоштасарда көзiңде жалғыз тамшы жас тұрып қалды. 
Кейiн тамаша суретшi Бақи Орманшы (Урманче) сенiң суретiңдi ағаштан ойып салғанда, кiрпiктерiңнiң астынан сол бiр тамшы жас ерекше көрiнiп тұрды. Сол тамшы жас болмаса, суретте жан болмас едi. Сол тамшы жас болмаса, бiр кем дүние – шын кем дүние болар едi.

Асату 

Көне түрiк сұлтандарының салты: Сарай ақынының өлеңдерi ұнаса, аузы толғанша алтын тiллә асатады. Ұнамаса, аузы толғанша жылқының тезегiн асатады. 
Қазiргi ақын-жазушыларға да осы әдiстi қолданса, әдебиет шыңға шығар едi. Бiрақ «ералаш» қой. 
Бiр кем дүние. 

Дар мен Даңқ

Өлтiру оңай. Тiрiлту қиын. Сталин дәуiрiнде небiр марқасқалар атылды. 
Бас айыптаушы прокурор Вышинский. СССР Жоғарғы Сотының бастығы В. Ульрих. 
Атылды: Бухарин, Рыков, Ходжаев, Икрамов, Рысқұлов, Сейфуллин, Майлин, Жансүгiров, Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев... тағы басқа аса iрi қайраткерлер. 
Сталин өлгеннен кейiн солардың бәрiн ақтады. Ақтағаны былай тұрсын, мақтады. Бiрақ одан не пайда? Моральдық, адамгершiлiк жағынан пайда бар шығар. Бiрақ зорлықпен өлтiрiлгендердi қайтып тiрiлте алмайсың ғой. Бәлкiм, кiнәсiзден «кiнәлi» болғандардың жағдайы                                                                                 о дүниеде жақсы шығар. Бiрақ жалған дүниеге қайтып оралмайды ғой. Мiне, бұл бiрегей кем дүние. 

Айуан артық 

Бауыржан Момышұлының Кеңсайдағы ескерткiшi тоналды. 
Мыспен қапталған шинелiн «шешiп» әкетiптi. 
Мыс қымбат. 
Адам адам болудан қалды. Айуан артық. Ол зиратты тонамайды. Бiр кем дүние. (21.08.1995 ж.) 

Опасыз алтын

Жүз жасаған теректi арқалап, балталап жатып алып кеткен. Томары қалып қойған. Кедей кемпiр самаурынға деп күнде барып, томарды шетiнен кемiре бередi. 
Бiр күнi балтасы тасқа тигендей болды. Қазып қараса, шағын сандық екен. Ашып көрiп едi, iшiнен киiзге ораған алты келі алтын шығады. Милицияға хабарлайды. Өкiмет кемпiрге алтын құнының 25 пайызын бередi. Баласы ұрсады: 
– Балам-ау, осыған да шүкiр де. О баста өз иесiне опа қылмаған алтын ғой. Осыған да қанағат. «Қанағат қарын тойғызар. Қанағатсыз жалғыз атын сойғызар». Саған қатын алып беруге осы да жетедi, – дептi кемпiр. 
Баласы дүрдигенiн қоймапты. 
Бiр кем дүние. 

Адал мен Арамның таразызы (Мешiтте айтылған уағыз) 

Бiр кедей пенде жалғыз сиырын сауып, соның сүтiн сатып динар ақша жинайды екен. Бiр қалта динар жинаған әлгi кiсi кемеге мiнiп, бiр жағдаймен жолға шығады.
 Кемеде келе жатып ұйықтап кетедi. Сонда бiр маймыл оның динар салған қалтасын ұрлап алып, кеме желкенiнiң ұшар басына шығып кетедi. 
Жолаушы оянып, ары-берi қараса, динар салған қалта жоқ! Ары iздейдi, берi iздейдi. Ақыры желкеннiң ұшар басында отырған маймылды көредi. 
Қараса, маймыл бiр динарды алып мұның қолына лақтырады. Келесi динарды алып теңiзге лақтырады. Сөйте-сөйте қалтаны босатады. 
Мәнiсi: әлгi мiскiн сиырын сауып, сүтiн сатарда аздап су қосады екен. Иесiне лақтырған динар – адалдан. Теңiзге лақтырған динар – арамнан. Яғни, судың үлесi – суға, сүттiң үлесi – иесiне. 
Әр заманда адал мен арамның арасын анықтап тұратын осындай таразы болса ғой, шiркiн. Бiрақ ондай құрал жоқ қой... 
Бiр кем дүние. 

Шерхан МҰРТАЗА,
Қазақстанның Халық  жазушысы