Ұлт рухын оятқан туынды

Уақыты: 29.10.2023
Оқылды: 1166
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бұлтты көктің астында, буынды шөптің үстінде бегзаттық пен дегдарлығын даралап, Жер-ананың омырауынан отыққан оғландарымыздың қаншасы «қызыл империяның» қылта қияр қақпанынан омақаспады десеңізші?! Қарыс жерде қарашық қармаған қасиетін толық қастерлей алмай аһ ұрған сол мұхиттай телегей де терең, тұңғиық жандар: «Қарға адам жерде тұр еді  менің бақытым, ұстай алмадым, өткізіп алдым уақытын», – деп жырлаған ізбасары Мұқағалидай мұң шекті-ау. Қастерлеуге, қасиетін бөлектеуге мезгіл-мезірет берді ме  жалған дүние? Жер мен көктей болмаса да аралық белдеуі шың мен шыңыраудай көрінген бақ пен сорының арасында қарақан басының емес, қайманасының күйін күйттеген жоқ па?

Көз шарасында көлкілдеген көлден бір тамшы жас арна бөліп, төмен қарай сырғанай жөнелгенде, қалғаны да сау ете қалды. Жүзді жапқан жастан емес, жүректен аққан шерді көксөңке болып келген көкіректен енді жібіткеніме зығырданым қайнағандай. Өзіме-өзім налып, ұзатқан отыз жылда ұлтым үшін жалқы сөз айта алмағаныма кектенгендеймін. Барқыт жон, мақпал бел мен шалқар көл, манат тауының бір түйір дәнегі, бір түп жусаны үшін шүрегейдей шырылдаған тұлғалардың аруағына бір мезет болсын Құран бағыштамағаныма таңдандым. «Бабаларым батыр болған деген жартыкеш мақтаннан пайда не, оларды шын ардақтай алмасақ, әр басқан ізіне зер салып, табан топырағын көзге сүртпесек?» – деп қара бастың қамау терін алғандай қайралдым.

Иә, бүгін тұтас қазақ көрерменінің көңілін толқытқан «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін тамашалағанда осылай тебірендік. Езілдік, еңіредік. Жабыға келе шарғыға салған алмастай қайта шыңдалдық. 

Рух түледі. Өмірге деген көзқарастың қоржын басына өткен мен бүгінді теңдедік. Өткенді ұлықтау, бүгінді берекелі ету үшін талмай еңбектену дегеніміз ғой баяғы.

Бабалардың аса ауыр, зұлмат кезеңде қабыланша қасқайып, арыстанша ақырып күн кешкенін, шерлі тағдырын ойлап, тебіренуге хақылымыз. Жылауға да жосық бар. Десе де  тарихтан тағылымсыз, әдебиеттен тамырсыз қалуға, кешегіні кие тұтпауға, өткенді ардақтамауға болмайды-ақ. Ардақтауымыз, аялауымыз, қастерлеуіміз, қасиет тұтуымыз ләзім. Парыз да! Ал бұл орайда қазақ көрерменіне жол тартқан «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі сол парызымызды қайта еске салғандай әсер етті.

Шыны керек, бүгінгі таңда қазақ туындыгерлерінің тынымсыз еңбегі нәтижесінде ұлттық рухты қозғайтын жақсы өнімдер  ұсынылып келеді. Олардың әрқайсысын жеке-жеке атауға да болады. Бұл орайда алдымен бір нәрсені оқырман назарына салып өткіміз келетіні де бар. Ол – қаламгерлердің терсіңді еңбегін бүгінде фильмге айналдырсақ деген ой. Мәселен, өткен ғасырда қазақ әдебиетіне аса қуатты шығарма ұсынып, телегей туынды қалдырған жазушылардың дені бүгінгі шығып жатқан «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Мұқағали», «Міржақып. Оян, қазақ!» сынды тұлғалық таным мен тарихқа негізделген романдар жазды. Соның арқасында «Абай жолы», «Аққан жұлдыз», «Аласапыран» «Үркер» және «Елең-алаң», «Дарабоз», «Тамыз таңы», «Баянауыл баурайында», «Найзағай», «Жаяу Мұса», «Иман Жүсіп», «Ақиқат пен аңыз», «Қарғын», «Құланның ажалы», т.б. мол мұраны парақтап-тарақтап, тұлғаларымыздың өткен өміріне, ұлы ерліктеріне қанықтық. Олардың халық үшін қалтқысыз қызметі мен тағдыршешті кезеңде жанын садаға еткен ар-ұждан асқақтығын сол жазбалардан таныдық. Ал енді  сол шығармалардың киноға айнала бастағаны, әрине, көңіл қуантарлық дүние екені анық.

Шыны керек, әрбір елдің өркениеті мен салт-дәстүрін, ғұмыры мен тарихын танытатын негізгі арна кино саласымен өзектес. Бұл тұрғыда алпауыт мемлекеттердің арғы-бергі тарихын деректі, көркем фильмдер арқылы танып білгеніміз жасырын емес. Тіпті, сонау мұхитпен тұтасқан шегарасы бар Корея, Жапония мемлекеттерінің де VIII-IX ғасырдағы тарихын, мемлекеттік құрылу кезеңі мен тайпалықтан елдікке өткен тұсын да тарихи таспалы туындылары арқылы білген жоқпыз ба? Бұл тұрғыда бүгінге дейін саны сан миллионға жеткен фильмдердің адамның рухы мен руханиятына орасан зор ықпалы барын, тіпті, мемлекет идеологиясының негізгі тетігіне айналғанын жасыра алмаймыз. Ал ендеше, қазақ халқы, бұл көшке неге ілеспеске? 

Әрине, оның алғышарты жасалып қойғандай. Бүгінге дейін түсірілген «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала», «Томирис» сынды тарихи, «Қыз Жібек», «Тақиялы періште»,  «Менің атым Қожа» сынды көркем, «Құнанбай», «Біржан сал», «Құлагер» сынды тұлғалық танымды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді, салт-санамыз бен рухани өріс-өркениетімізді айғақтайтын туындылар түсірілді. Ал сол санаттағы «Міржақып. Оян, Қазақ» киносы шын мәнінде рухты қозғаған кемел шығарма десек, артық айтқандық емес.

Ұлттық рухты оятар туынды десек те  біз бірлі-жарым фильммен шектеліп қалмауымыз керек-ақ. Тарихы терең, танымы кемел, әдебиеті мен мәдениеті бай елімізде таспаға сұранып тұрған туынды жетерлік. Дегенмен ағылшын, жапон, корей, қытай, орыс сынды халықтардың кино саласындағы зор жетістігіне жете қойған жоқпыз. Тарихи кемшіліктеріміз де әр фильмнен табылып жатады. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші Ұлттық құрылтайда: «Кезінде шыққан «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық фильмдер түсірілуі керек деп санаймын. Сол кезде шығармашылық еркіндік, мол қаражат және компьютерлік графика да болған жоқ. Дегенмен фильмдер түсірілді, әлі күнге дейін халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алады.

Шынын айтуымыз керек, соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек», – дегеніне ден қойып, шырайлы шығармаларымыз бен кемел туындыларымызды әрмен қарай жетілдіре беруіміз керек-ақ. Бұл орайда таспаға түскен «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі «Қыз Жібек» секілді тамсанып көрер тарихымыздың жалғасы, кино саласындағы реформаның бастауы болғай деп тілейміз.

АРДА БИ