«ЖЫР – ЖАҚҰТ» ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 17.11.2023
Оқылды: 837
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен көрнекті ақын, қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі Жұматай Жақыпбаев атындағы «ЖЫР – ЖАҚҰТ» облыстық мүшәйрасы жарияланған болатын. Тіл сарайында жыр қағанына арналған бәсекелі өлең бәйгесі өз мәресіне жетіп, байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Өтінім қабылдау мерзімі бір айға жуық уақытқа созылған дүбірлі додаға облыстың аудан, қалаларынан 20-45 жас аралығындағы 27 үміткер қатысып, 43 шығарма түсті. Мүшәйра қоржынына келіп түскен шығармаларды бағалап, талапқа сай сараптаған қазылар алқасының құрамында есімі өңірімізге ғана емес, республикаға танымал қаламгерлер, атап айтсақ ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Ахмет Кендірбекұлы, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Сағыныш Намазшамова, Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді Немеребай болды.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Асыл Сұлтанғазы еншіледі. I орынға Мұхтар Күмісбек ие болса, II орын Қозыбай Құрман мен Омарғазы Күлайдарға бұйырды. Ал басқарманың III дәрежелі дипломына Аршын Айдынбекұлы, Мұратхан Орынтай, Қадырсұлтан Нүсіпқан лайық деп танылса, Әділет Серікұлы, Бақбер Алтай, Салтанат Құмарханұлы ынталандыру сыйлығы және қаржылай сертификатпен марапатталды.

Сонымен қатар әдеби басқосуда көрнекті ақын Нүсіпбай Әбдірахым бастаған меймандар мен қатысушылар «Қазақ поэзиясының кенежирені» атанған жыр жампозы Жұматай Жақыпбаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жайында әңгіме өрбітіп, жас қаламгерлер жарқырай көрінген жүлделі өлеңдерін оқыды.

Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары Бауыржан Кенжебаев пен Гүлбану Лахаева әннен шашу шашып, шара соңы әдеби-сазды кешке ұласты.

Еркін ҒАФУ,
Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы