Әділ Ахмет кітаптарының тұсауы кесілді

Уақыты: 04.12.2023
Оқылды: 1065
Бөлім: РУХАНИЯТ

Астанада мемлекет және қоғам қайраткері, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, елші-дипломат Әділ Ахметтің «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті» және «Викиңдердің ізімен» атты кітаптарының тұсауы кесілді.

«Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті» атты монографияға академиктің күллі әлемге танымал саясаткерлер мен Нобель сыйлығы иегерлерінің жаһанданған әлемнің геосаяси келбетін айшықтайтын бірегей туындыларын екшелейтін эсселері мен мақалалар топтамасы енгізіліпті. Кітап мемлекет қызметкерлеріне, саясаткерлерге, дипломаттарға және халықаралық қатынастар саласында маманданып жүрген жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттарына арналаған.

Жаңадан жарық көрген «Викиңдердің ізімен» кітабында профессор байырғы скифия мен викиң өркениеттеріне деген жаңа көзқарасты көкейге қонымды дәлелдер мен дәйектерге сүйене отырып, әлем ғалымдары жүргізген ғылыми–зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне табан тірейді.

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен шараға қоғам зиялылары қатысты. Жиынды Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі жүргізді.

Медет ЖҰМАБАЙ