Кемел Тоқаев – 100: Қаламгер күнделігіндегі мұң

Уақыты: 13.12.2023
Оқылды: 695
Бөлім: РУХАНИЯТ

Майдангер-жазушы, қазақ әдебиетінде детектив жанрында тұңғыш қалам тербеген Кемел Тоқаевтың Уикипедияда тұрған өмірбаянына үңілсек, болашақ қаламгердің жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірден «Лениншіл жас» газетінде қызмет еткенін білеміз.

Бірақ Орталық мемлекеттік архивтегі Кемел Тоқаевтың жеке тектік құжаттарының бірінде өз қолымен жазған өмірбаянына қарап отырып, оның 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде әдеби қызметкер болғанын оқыдық. Бұл туралы К. Тоқаев өз өмірбаянында: «Мен, Тоқаев Кемел, 1923 жылы Талдықорған облысының Қаратал ауданында тудым. 1932 жылға дейін ата-анамның тәрбиесінде болдым, олар дүниеден өткеннен кейін ағам Қасыммен бірге балалар үйіне орналастық. Интернатта жүріп Шымкент қаласындағы орта мектепті бітірдім. Онжылдықты бітірген соң 1940 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім. 1942 жылы Кеңес Армиясының қатарына шақырылдым. Алғашқы айларда Фрунзе жаяу әскер училищесінде оқыдым. Тамыздың соңында курсанттармен бірге Сталинград майданына аттандырды.

1945 жылы шабуыл кезінде ауыр жараландым. Гомель және Омск қалаларындағы ота жасайтын госпитальда емделген соң,  әскери комиссияның шешімімен әскери есептен шығарылып, Алматыға оралдым да Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Оны 1948 жылы бітірдім.

Университетті бітірген соң Қазақстан Компартиясы ОК жолдамасымен Жамбыл облыстық газетінде қызмет еттім. Ауруыма және дәрігердің қорытынды анықтамасы бойынша 1949 жылы Алматыға келіп, «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істей бастадым», – деп жазады.

Жазушы Жамбыл облыстық газетінде қандай қызмет еткенін өмірбаянында жазбапты. Бірақ «Кадр есебі бойынша жеке қағазы» деген құжатынан Кемел Тоқаевтың Жамбыл облыстық газетінде 1948 жылдың шілде айынан 1949 жылдың ақпан айына дейін «әдеби қызметкер» болғанын анықтадық.

Кез келген журналистің қаламының ізі еңбек еткен газеттерде жарияланған мақалалардан көрініп тұрады. Тіпті, қалам қарымы мен білім, білігінің, ой-өрісінің деңгейін де сол жазғандарынан білуге болады. Кемел Тоқаев бұл сыннан қалай өтті?

Осы сұраққа жауап іздеп, Жамбыл облыстық архивінен 1948 жылғы облыстық газеттің тігіндісін қарадық. Сол кездегі жеке басқа табынушылық саясатының салдарынан Жамбыл облысының бүгінгі «Ақ жол» газеті өткен ғасырдың 40-шы жылдары «Сталиндік жол» деп аталған. Сарғайған газет тігіндісінен Кемел Тоқаевтың жиырма бес жасында жазған көптеген мақаласын таптық. Атап айтсақ, Кемел Тоқаев 1948 жылдың 18 тамызында  («Сталиндік жол», №48) «Алыстағы қалыңдық» деп аталатын кинорецензия жазыпты. Газетке редактордың орынбасары Т. Оңғарбаев қол қойған.

«Пойыз зымырап келеді. Күн шұғыласына бөленген байтақ кең дала, дөң-төбе, бау-бақшалар бірінен соң бірі көрініп, кейін қалып барады. Жұмсақ вагонның кішкене бөлмесінде майданнан қайтқан екі дос – түркімен жігіті Керім мен Дон жігіті Захар келе жатыр» деп фильм желісін суреттеуден басталатын рецензияның тілі жеңіл, мазмұны жүрекке жылы.

Жас журналистің тұсаукесер туындысын бірден кинорецензиядан бастағанына риза болып, газетті тағы да парақтай бастадым. Қызық болғанда, арада ай өтпестен «К. Тоқаев» деп қол қойған «Сібір жері туралы аңыз» деген тағы бір кинорецензиясына тап болдым. Бұл кинорецензиясы газеттің 1948 жылғы 26 қыркүйегіндегі №177 санына жарияланыпты. Қаламы төселе бастаған журналист кинорецензиясын «Қыс. Ұлпа ақ қар жамылған сәулетті Москва. Сұл шинелді жас жігіт үлкен көшенің тротуарымен қарыштай басып келе жатыр» деп бастапты да: «фильмнің негізгі оқиға желісі майданнан келген совет адамдарының бейбіт құрылысқа кіріскенін, творчестволық еңбегін – искусство өкілінің бейнесі арқылы көрсетеді» деп түйіндепті.

Ал 1948 жылдың 24 қазанында шыққан газет санынан елге өте кең танылған «Жас гвардия» фильміне жазылған рецензия оқыдық. Кемел Тоқаев оны: «1942 жыл. Краснодон. Шахтерлердің  шағын поселкесі. Жаздың шуақты күні. Әр жерде қалқыған ақша бұлттар көрінеді. Поселкені баса өткен сым тартқан ұзын бағаналардың бойымен ақ көйлек киген екі қыз жүгіріп келеді» деп бастап: «Жас гвардия» кино-романының жемісті болып шығуына оған қатысқан  жас артистердің айтарлықтай еңбек сіңіргендігін, әсіресе, постановкасын қоюшы Герасимовтың «Жас гвардеецтердің»  образын  жасаудағы зор жемісті қызметін ерекше атап өтуге болады. Герасимовтың бұл еңбегі Фадеев романының көшірмесі емес. Ол өз алдында, большевиктер  пртиясының басшылық рөлін айқын  көрсетіп, «Жас гвардеецтердің» подпольялық  жұмысын бүкілхалықтық партизандық қозғалысымен өте орынды ұштастырған» деген пікір білдіреді.

Ол кезде одақтас республика журналистерінің белгілі совет жазушысы Александр Фадеевтің «Жас гвардия» романы бойынша түсірілген екі бөлімді әскери-тарихи фильм туралы ой айтып, пікір жазуға батылы бара бермейтін. Ол үшін білім мен парасат керек болатын. Басқа жоғары лауазымдарын айтпағанда, Кеңес Одағы Генералиссимусы И. В. Сталиннің өзі сол кездегі әрбір роман, повесті оқып, экранға жаңа шыққан фильмдерді көріп, тамашалап отырса, «Жас гвардия» фильмі де «халықтар көсеміне» айналған тұлғаның назарынан тыс қалмағаны анық. Сондықтан болар, көп ұзамай, яғни 1948 жылы осы фильмді түсіргені және ондағы рөлдерде жақсы ойнағаны үшін 8 адамға «Сталиндік сыйлықтың лауреаты» деген атақ берілді. Оның ішіндегі бесеуі сол кезде Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында оқып жүрген студенттер болатын. Сыйлық иелері кімдер еді дегенде, режиссер Сергей Герасимов пен актриса Нона Мордюкованы айтсақ та жеткілікті шығар.

Газеттің осы нөміріне жауапты редактор ретінде Ғайса Сармурзин қол қойыпты. Еліміздің руханияты үшін көп еңбек сіңірген журналист, жазушы Ғайса Сармурзин 1943-1959 жылдары Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінің редакторы болған. Өмірден 83 жасында өткен Ғайсекең ол кезде 44 жаста екен. Ал газет Пушкин көшесіндегі №22 үйге орналасыпты.

Кемел Тоқаев денсаулығына байланысты Жамбыл қаласынан Алматыға оралғаннан кейін де журналистік еңбек жолын бастаған өңірін, өзінің қаламын ұштаған қасиетті Әулиеатаның жерін ұмытпай, детектив жанрындағы шығармасына арқау етті. Соғыс жылдары Жамбыл қаласының тұрғындарын дүрліктіріп, үрейін ұшырған «Қара мысық» жайлы хикаяны бозбала кезімде басқа емес, тура осы Кемел аға Тоқаевтың кітабынан қызыға оқығанмын. Ұмытпасам жинақтың аты «Тасқын». Кемел ағаны «шым-шытырық оқиғалы шығармалардың шебері» деген атақ пен даңққа бөлеген хикаятының бірі де, міне, осы «Қара мысық», яғни «Көшкен үйдің қонысы қайда?» деп аталатын көркем дүниесі.

Болашақ шығармасына жағрапиялық тұрғыдан алтын арқау болған хикаяттың өмірге келуіне жазушының Жамбыл қаласында басталған ең алғашқы еңбек жолы әсер етті. Хикаятында қала атын шартты түрде Н. қаласы деп жазудың орнына «Жамбыл қаласы» деп көрсетуі – қаламгердің осы өңірде өткен аз ғана уақытын бағалайтынын білдіреді. Шығармадағы «Жамбыл қаласына келгелі бері айдан асса да Евдокия Кирилловна осындай жабырқау мінезінен танбады», «Сергиенко өзінің телеграммасында қызы мен әйелінің 42-жылдың он екінші январь күні Жамбыл стансысына жеткеніне сендірген», «Атшабар базарының маңында және қаланың оңтүстік шығыс бетінде жолдан шеткері жатқан үйлер бар» деп келетін сөйлемдер қаламгер өмір сүрген қала, көшелер мен жолдар екені айдан анық. Шығармада Жамбыл өңірінің жағрапиялық көрінісі оқиға өрісі ұзарған сайын кеңінен суреттеле береді. Мысалы, «Ең алдымен оның Шолақтауға барғанына таңданам», «Саудагер Абуллаходжаевтің Шу стансысындағы жылпос әрекетін Жанғабылов кейін білді» деген сөйлем соның айғағы. Диалогта аталған Шолақтауыңыз қазіргі Қаратау қаласы.

Көпшілік жақсы біледі, өткен ғасырдың сексенінші жылдары актер әрі кинорежиссер Говорухиннің «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» деген фильмі сол кездегі КСРО көрермендерін баурап алды. Сол картинадан «Қара мысық» бандасын көруге болады. Бұл фильм мәскеулік ағайынды жазушылар Аркадий және Георгий Александрович Вайнерлердің «Қайырымдылық дәуірі» («Эра милосердия») хикаяты бойынша түсірілген. Міне, осы повесть Кемеңнің «қара мысығынан» 6-7 жылдан кейін жазылған. Бұл мысал да Тоқаевтың «Қара мысық» хикаясы мәскеулік жазушылардан бұрын жазылғанын көрсетеді.

«СОНДА БІЗДІҢ КОММУНИЗМІМІЗ ҚАЙДА?

Жазушы Кемел Тоқаев жайлы «ана жерде бүйдеп еді, мына жерде сүйдеп еді» дейтін ақиқаты мен аңызы аралас әңгімелер жоқтың қасы. Жазушылардың «деген екені» күн құрғатпай «қатталып» жататын «Қаламгер» шаңырағының тұрақты құрқылтайлары мен сұрқылтайлары да өз араларындағы жалғыз детектившінің «бунтарьлығы» жөнінде ештеңе демепті. Сондықтан «Неге бұлай?» деп індете іздестіріп, сұғына сұрастырмасаң мардымды ештеңе таппайсың. Әдебиет майданында бір сапта тұрған, сапарлас та болған жора-жолдастарының естеліктерінде Кемеңді «салмақты, сабырлы, қақ-соқпен ісі жоқ, момын адам» деп қана суреттеп жатады.

Қаламгердің қазынасына кездескенше мен де осылай ойлаушы ем. Сөйтсем ағамыз билікке деген ашу-ызасын ішінде тұншықтырып, өлтіріп жүріпті. «Батыр» атану үшін ресторандар мен барларда «барқырап» тұратын әріптестерінен бір ерекшелігі сол, билік үшін оғаш көрінетін ойларын қағазға түсіре беріпті, жарықтық. Бүгінге дейін жұмбақ болып келген телегей-теңіз жазбаларына малтығып отырып, оның былайғы жұртқа жуас көрінгенімен өр мінезді қазақ екенін ұғып, айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлігін таныдым. Жұмыр басты пендеге тән жағымаздық, қорқақтық, сатқындық, сұрамсақтық сияқты бейшаралықтан биік тұра білген тектілігіне тәнті болдым. Сол тұстағы ақын-жазушыларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған коммунистік идеология бишігінен именіп, бассыз басшылар мен ессіз қосшыларға ес-түссіз бас имей өмірден өткені де үлгі екен-ау деп ойладым.

Ендеше бірге жүрген достары оның осы мінезін неге білмеді? Гәп неде? Ойланып отырсам, Кемкең айтатын ақиқатын айтатын адамына айтып салады екен де, оны екінші біреуге «мен анаған өстіп айтып ем» деп дабыра қылмай (өзін өзі жарнамаламай), ішінде «өлтіре» береді екен. Детективінен қолы қалт ете қалса, әрине, қағазына түртіп қояды.

Мың тоғыз жүз жетпісінші жылдардың бас жағында былай депті: «...Бүгін белгілі ғалым, докторымыз Сағындық Байсалов келді. Екеуміз ауруханада ұзақ уақыт бірге жатқан едік. Күй сұрай кепті. Москвада қайын ата-енесі тұрады. Әйелі орыс қой. Сол Москваның жаңа жыл аясындағы жағдайын айтты.

– Москвада ет атаулы жоқ. Әшейінде толып тұратын шұжық-сосиска жоқ. Халық қатты наразы. Біздің Совет халқы жақсы ғой. Осындай сенгіш, момын халықпен коммунизм құра алмау кешірілмес күнә, – деп күйінішті сөздерді біраз айтып кеттік.

Мен қатты таңдандым. Отан астанасы – коммунизмге қарай аяқ басқалы бергі бәленбай жылда халықты аш ұстау қылмыс емес пе?! Кінәлі кісілер неге жауапқа тартылмайды?

Менің мұндай сөзіме докторымның жауабы мынау болды.

– Бізде жоспарын орындамаған өнеркәсіп орындары көп. Мәселен, Тольяттидегі «Фиат» заводы 1969 жылы 300 мың машина шығаруы керек екен. Ал сол Тольятти заводының толық жұмыс істеуі үшін 32 завод қосымша жұмыс істеуі (шина, әйнек, т.б. бөлшектер шығаратын заводтар) керек. Ал олардың өзі іске қосылмаған. Өкіметке түсіп жатқан пайда жоқ, – деді.

Совет одағы бай ел. Оның сонша мол байлығын рәсуа етіп, халықты мұндай күйге душар ету – ауыр қылмыс деп ойлаймын. Халықтың қазіргі тұрмысы 1952 жылдан да төмен деп есептеймін. Сонда біздің коммунизміміз қайда? Халықты үгіттеу, жақсы жолға бастау үшін тұрмыс рахатын олардың өз көзімен көргені жөн ғой... Құр насихат, доктор айтқандай, ас болмайды!».

Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының сұр түсті сұсты ғимаратында, оның көзі мен құлағы, тілі мен жағы саналатын «Жаршының» бас редакторы болып отырып Кеңес өкіметіне қарсы мынандай сұрапыл сөзді айту, айтып қана қоймай, онысын кабинетіндегі үстелінің суырмасында жататын қойын дәптеріне қаз-қалпында жазуының өзі ғазиз басын қасақана бәйгеге тіккен көзсіз батырлықпен бірдей емес пе?! «Осы жазғандарым күндердің күнінде біреу болмаса біреудің қолына түсіп, үлкен қызметімнен айырылып қалам-ау, шиеттей бала-шағама зияны тиеді-ау» деп қауіптенбеген. Кемкеңнің ерекшелігі, әлгі қауіптенуіңізді, сақтануыңызды қаперіне де алмаған. Өйткені оның сол кездің саяси ұстанымы үшін бас жарып, көз шығаратындай өте оғаш сөз боп саналатын мұндай ойлары мен пікірлері, әзілдеп айтсақ, қағазына «регулярно», ал қазақша қалыпқа салып мәнзелдесек «тұрақты түрде» түсіп отырған.

Бірақ Кемкеңнің осындай да қырлары мен сырлары бар екенін кезінде ешкім білмеді. Өзі де жар салмады. Бар тапқан амалы «сол жылдары менің ішімде не өліп жатқанын өздерің оқып біліп алыңдар» дегендей, жанын жегідей жеген ойларын бірде сия, бірде автоқаламымен ақ қағазға маржандай ғып жазып  қалдыра берген. Ал жазып қалдыра бермегенде, Кемкең сол жұмбақ Кемкең күйінде қалып, ішін қазандай қайнатқан жанайқайы жұртына жетпей қалар ма еді, кім білсін?!.

«КІСІГЕ АРНАҒАН СОҢ «ЖӘМИЛӘ» СЕКІЛДІ ШЫҒАРМА БОЛҒАНЫ ДҰРЫС ҚОЙ...»

Зейнолла Қабдолов – қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар өте ірі тұлға. Оның көркем шығармаларының өзі бір төбе. Сөз өнерін ұстартудағы Ұстаз ретіндегі ұлықтығы қандай?! Ертеректе жазылған «Ұшқын» мен «Жалыны» – классика! Бала кезімде тіліне тұщынып, оқиғасына қызығып тұрып оқығаным есте. Оңтүстіктің бір қиян шетінде жүрген мен «Доссор» деген жердің бар екенін де сол кезде Зекеңнің шығармасы арқылы білгем.

Жазғандары мен айтқандарына таңғалып, тамсанып өскен сол Зекеме Кемкең бірде бүй депті.

«Бір жолы ресторанда Зейнолламен бірге отыруға тура келді.

Оған:

– Шыңғыс Айтматовтың сізге арнаған «Қызыл алмасы» айтарлықтай шығарма емес, кісіге арнаған соң «Жәмила» секілді шығарма болғаны дұрыс ғой, – дегенімде, ол:

– «Соның керегі жоқ еді» деп едім, өзі болмады, қайтем, – деді.

Басында «Қызыл алманы» өзіне арнағанын мақтаныш көрсе, кейін өкінетін секілді.

Енді өзін Шыңғыспен қатар санайтын көрінеді де, өзіне кесек шығарманың арналуын тілейді».

Сөйтеді де осы жазбасының астына:

«P.S. Кеше Мұхтардың туғанына 70 жыл толуына байланысты Қазақ ССР Ғылым академиясында ғылыми сессия болып өтті. Мүсілімнің баяндамасы бәрінен тәуір болды» деп қосып қояды.

Егер Кемел Тоқаев детективін «дөңгелеткенін» көңіліне тоқ санап, қалған дүние күйіп кетсе де бәрібір деп жүрген парықсыз біреу болса, онда осы шетін мәселені Зекеңмен ашық әңгіме қылар ма еді?!. Әрине, әңгіме қылмас еді. Бұлай тек қана кесек мінезді, жүрегінің түгі бар, досқа шын жаны ашитын адам ғана айта алады.

Сол кездегі зиялы қауым арасындағы сақылық пен сыпалыққа да таңғаласың. Зекем аға пікіріне шамданбаған, шамырқанбаған. Жасы үлкен адам алдындағы кінәлі баладай «Соның керегі жоқ еді» деп едім, өзі болмады, қайтем» деп ақталғандай болады. Зекеңнің, шынында да Кемкеңнен 4 жас кішілігі бар. Бірақ бұл – жас айырмашылығының кішілігі емес, Зекемнің біліктілік, білімділік тұрғысындағы кішілігі деп ұғу керек.

Құдайдың құдіреті дейміз бе, әлде басқа бір себебі болды ма, Чқаңның 1980 жылдарда жарық көрген томдарында жарияланған «Қызыл алмадан» (Чингиз Айтматов. Собрание сочинений в трех томах. Трети том. Рассказы, очерки, публицистика. Издательство «Молодая гвардия», 1984. 33-стр) Зейнолла Қабдоловқа арнаған сол бірауыз сөзді көре алмадым. «Қызыл алма» әңгімесі бірден басталып жүре берген.

Осыған қарап Кемкеңді «Астапыралла, не деген көріпкел еді?!», «О, тоба, не деген әулие еді?!» деп таңғалмай-ақ қояйын, бірақ інісіне сонау 1967 жылы айтқан ағалық базынасының Чқаң мен Зекең тарапынан дұрыс қабылданып, оң бағаланғанына «ойпырмай» демеске әддім жоқ.

«ХРУЩЕВ ПЕН ШОШҚАЛАР»

Ақиқатты жанындай сүйген Кемкең әзілді де өте жақсы көрген. Негізі ақиқатты жаны қалап тұратын адамдар, әзіл-әжуаны да артық көрмейді. Әзіл болғанда да «халам-балам» емес, «генсектер» туралы, кіл уытты, улы әжуаларды ұнатқан. Бұларды да Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының шаңырағы мен органында жауапты қызмет істеп жүр екем-ау деместен, қағазға түсіре беріпті. Арасында өзінің басынан өткен оқиғалары да бар. Онысы, тіпті, қызық. Бірақ әуелі сол кездегі сыбырлап қана айтылатын анекдотқа кезек берейік.

«Нина Петровна Хрущевтің қатыны ғой. Бір жолы ол шошқа фермасына барыпты. Қайтарында торайдың бірін қойнына тығып, ұрлап алып шығады. Күзетші Нина Петровнаның бір нәрсені орап алып бара жатқанын көріп:

– Бұл не? – деп сұрайды.

– Кешіріңіз, бұл менің немерем еді... ферманы көрем деген соң алып келіп ем, – деп Нина Петровна қипақтайды.

Күзетші ораған шәліні ашып, алып бара жатқаны «талпақ танаудың» торайы екенін көреді әрі Нина Петровна Хрущевтің әйелі екенін де таниды. Бірақ күзетші саспайды.

– Немереңіз болса болар, өйткені атасы Никита Сергеевичтен айнымайды екен» – дейді де Кемең өз өміріндегі оқиғаны жазады:

«Бұл анекдот емес, шындық. Ол кезде мен республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты секретарь болып істеп жүр едім.

Хрущевтің Ақмолаға барғаны жайында шұғыл материал беру керек болды. Оның Ақмола қаласының атын өзгерту жөніндегі сөзі бізге ұнамады. «Ақмола – мола деген сөзден шыққан екен, оның атын жою керек» деп соқты. Бірақ  оған «Могилевск» деген облыс, қала бар, оны неге өзгертпейсің?» деп ешкім айта алмады. «Аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» деген заман ғой...

Хрущев жайында тілші де жарытып материал бере қоймады. Фототілшінің бірі Хрущевтің ферманы аралап жүрген суретін жіберіпті. Хрущевтің басында ши қалпақ,  үстіндегісі омырауы кестелі ақ көйлек. Өңшең шошқаның арасында жалғыз өзі аузы ыржиып тұр.

«Осыған тексті қалай жазу керек?» деген сұрақ туды.

Мен:

– Хрущев пен шошқалар, – деген текст бердім.

Бірақ бұл сурет жарық көрмеді.

«БҰЛ – ХРУЩЕВТІҢ ХАЛЫҚ БІРЛІГІН ЫДЫРАТЫП КЕТКЕНІНІҢ САЛДАРЫ...»

Хрущевке деген ызасы Кемкеңнің мына жазбасынан да білінеді.

«Күн салқын. Түнгі қалың жауыннан соң Алматының ауасы тамаша болып тұр. Кешегі күн де сондай еді.

22 апрель күні Астана жұртшылығы үшін қаралы күн болды. Дарынды, алып жазушы Сәбит Мұқановпен жұрт қоштасып, ақырғы сапарға шығарып салды. Халық көп жиналды.

Сәбиттің денесі Қазақтың Абай атындағы опера театрына қойылған еді. Сағат 11-ден басталған қоштасуды сағат 13-те бюро мүшелері қоршауға тұрды.

Театрдан қабырын көтеріп шыққанда менің қасымда тұрған Қыдырбекұлы:

– Қабырын машинаға салғанша үлкендердің бірі көтерсе қайтеді? – дегенде мен:

– Ең болмағанда министрлер, көрнекті жазушылар қабырды көтерсе қайтер еді, – деп өкініш білдірдім.

Көшеде халық көп. Төлеубай Ыдырысов, Балғабек Қыдырбекұлы үшеуміз әңгімелесіп тұрғанда бізге Қарағанды университетінің ректоры Евней Букетов қосылған еді. Көшедегі құжынаған көп халықты көріп:

– Ойпырай, Сәбитті соңғы сапарға шығарып салғандардың ішінде бірде-бір орыс жоқ қой, Сәбиттің шығармасы орыс тіліне көп басылған еді ғой, – деді.

Бәріміз үндемедік. Бұл партия жауы, халық жауы Хрущевтің халық бірлігін ыдыратып кеткенінің салдары екенін бәріміз іштей ұғып тұрмыз. Бірақ оны ешқайсымыз сыртқа шығарып айта алмадық».

Көсемәлі СӘТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері