Байтағым

Уақыты: 16.12.2023
Оқылды: 865
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мынау менің Байтағым –
Адамзатқа айтамын.
Жөңкіп жеткен дұшпанның
қағып алғам сайтанын!

Көрмегем бір тосылып,
Жұлдыз аққам жосылып,
Оққа байлап оғланым,
Ту жықпады, осыны ұқ!

Талқан етіп «тамұғын»,
Қиып түсіп тамырын,
Жайсаң  жұртты түлетті 
Жайнақ өскен жарығым!

Алғаусыз Ер – ақ тұма,
Бабам шырақ жақты ма?!
Аспан асты, Жер үсті,
Тынши қалды бақ тұна.

Тас төбемнен ұрған кім,
Басымды оңға бұрған кім?
Тылсым-теңіз халықтың
сәулесі боп нұрландым.

Түркі ордам – Сарай-ды, 
Отаным бұл  арайлы,
Ақ әлемнің төріне
Ақық сөзім тарайды!

Отан – Рухтың жалыны,
Ұлттың  ұлық  қалыбы.
Қорқыт-қобыз күйлеген
Мәңгі өшпес сарыны!

Арда туған, Алашым,
Енді таптың жарасым.
Ұранды елдің ұрпағын
Жаһан жұрты қаласын,
Таласым жоқ, таласым!

Әміре ӘРІН

Фото: kazakhstan.travel