ЖЕТІСУЛЫҚТАР КЛАССИКАЛЫҚ МУЗЫКАМЕН СУСЫНДАДЫ

Уақыты: 22.12.2023
Оқылды: 811
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тағдыр арақалап жүрген әрбір адамның өнерден алар өзіндік сезімі болады десек, жалпы адамзаттық іңкәрліктің нәзік пернесін бебеулетіп жіберетін құдіретті өнердің бірі парасына музыканы жатқызамыз. Ал осынау саз әлеміндегі биіктікті өркениет өрінен табылған елдер классикалық музыка деп білетіні анық. Дәл бүгін І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында калссикалық музыка кеші өтті.

Күлдір-күлдір кісінер тұлпармен жанын үндес деп білетін, өзін жылқытекті халықпын деп санайтын қазақтың классикалық музыка өнерден алған үлесі жоқ емес. Кешегі ғасырдың алыбы саналған М. Төлебаев бастаған композиторлар класиикалық музыка тұғырына ту ілді. Осылай деп ой тұжырып отырғанмен Талдықорған төрінде жаңаша леп ескенін байқағандай күйге бөлендік. Өйткені осы жылдың мамыр айында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың тікелей қолдауымен алғаш рет облыстық филармония жанынан эстрадалық-смифониялық оркестр құрылған-ды. Осы бір қызқа мерзім ішінде өзіндік сүрлеу-соқпақ тапқан өнер ұжымы жетісулықтарға музыкалық кеш ұсынды.

Қос бөлімнен турған рухани шара тыңдармандарды тәнті еткені анық. Елдімізге танымал «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі, ҚР Халық әртісі Гауһар Мырзабекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бекболат Байсағатов қонақ болған кеш көңілді көкжиекпен астастырғандай әсер қалдырды.

Шынымен де Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрі құрылғалы саз қоржынын толықтырып, өнерпаздарының кәсіби шеберліктерін шыңдауда үлкен жұмыстар атқарғаны кеш барысында көзге шалынды. Арнайы келген қонақтармен бірлесе өнер көрсеткен оркестр еңбегін тамашалауға жетісулық зиялы қауым өкілдері молынан жиналғанын да айта кеткен жөн. Аймақ басшысының өзі көрермен қатарынан табылған рухани кеште «Времена года», «Концерт для флейты», «Мелодия для флейты», «Симфония 29 финал» «Happy new year», «Айттым сәлем Қаламқас», «Piece in jazz-rock», «Chi-mai», «Le lecon partticuliere», «You raise me up», «Vibaldiana», «Lay al your love on me», «Күндер-ай», «Отан таңы», «Шутка», «Вальс» сынды танымал музыка туындылары  орындалды.

Қазақ саз әлемінде есімі ерекше ықыласпен айтылатын еліміздегі тұлғалар мен өңіріміздің мақтаныштары бірлескен концерт өнерсүйер көпшілікті рухани қазынамен кенелткен де болар деп пайымдаймыз. Сан аспаптан шыққан әсем үнге елтіген біздің көңіл осы пайымға ұжасып сала бергені де анық. Десе де, компизитор Серік Еркімбектің концертке арнайы жазылып, алғаш рет І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы сахнасында орындалған Тәттімбеттің «Саржайлау» күйінің тақырыбындағы jazz and rock авторлық шығармасынан тартып, автордың өзі, жоғарыда аталған өнер жұлдыздары, жетісулықтардың мақтанышы «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Әли Алпысбаев, халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Есбергеновтармен жалғасқан өнер шеруі көңіл шалқытты.

Классикалық кештің ғажайып нүктесі облыс әкімінің ықылас гүлімен қойылды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай