Тың туынды жол тартты

Уақыты: 23.12.2023
Оқылды: 862
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу жерінің тумасы, белгілі композитор Мақсат Жәутіковтың «Тамшылар» атты ән кітабы жарық көрді. Тың туындының тұсаукесер рәсімі ҚР Ұлттық кітапханасында өтті.

Рухани шарада Қазақстанның халық жазушысы Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ағайша Исағұлова, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сайлаубай Тойлыбаев, Шаяхмет Алжамбаев, Бақыт Беделхан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариевтың зайыбы Жұмагүл апай, Гүлнар Дәнешқызы және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Аталмыш кітаптың бірнеше данасы ҚР Ұлттық кітапханасының қорына сыйға тартылды. «Тамшылар» кітабына композитордың 64 әні мен оның шығармашылығы жайлы музыка әлемі саңлақтарының пікірлері енген. Сондай-ақ, сазгердің халықаралық, республикалық байқаулардан алған деректі құжаттамалары мен 300-ден астам фотосуреттері топтастырылған. 

Шара аясында қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Айбек Мұхамедәлі, Мақсат Жәутіковтың шәкірттері, халықаралық «Бозторғай», республикалық «Тамшылар» ән байқауларының лауреаттары өнер иесінің әндерін шырқап, жиналған қауымды ерекше күйге бөледі. 

Аталмыш ән кітабы мектептегі музыка пәні мұғалімдеріне, музыка мектептеріндегі ұстаздарға, үйірме жетекшілеріне, сонымен қатар, барша өнерсүйер қауымға ұсынылады.

"Жетісу-Ақпарат"