Дәстүр дәріптелді

Уақыты: 23.12.2023
Оқылды: 684
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың бай мұрасы мен салт-дәстүрінің айшықты жерлерін аңғартып, көмескі тұсын ұрпаққа таныту – бүгінгі күннің басты мәселесі. Заман дамып, елдің тең жарымы шаһарларда тірлік кешіп жатқан осы шақта қалада өскен балаларды атакәсібіміз болған мал, ауылшаруашылығына қатысты атаулармен қанықтырып, ғасырлар бойғы ұстанымға байланысты тірлік тегершігіне айналған дүниелермен, жоралғылармен қанықтыру да күн тәртібіндегі дүние.

Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясында өткен «Салт-дәстүр – таусылмайтын байлығым» атты рухани шарада осынау ойдың мақсат болғаны анық. Десе де жастардың бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру және мәдениетке деген қызығушылығын оятуды көздеген шараға аталмыш мектептің 7-сынып оқушылары белсенді қатысты. Онда балалар қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысып, жұмбақ шешіп, Отан туралы әңгіме, өлең, әндер тыңдады. 
Іс-шара барысында аға буын өкілдері қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы айтып, олардың мағынасын түсіндірді. 
Балаларға арналған ең қызықтысы театрландырылған қойылымда ұсынылған «Ерсұлық», «Шашбау», «Шолпыға тағу» дәстүрлерін көрсету болды. Сонымен қатар, асық ату, бестас ұлттық ойындарынан шағын жарыс өтті. Мектеп педагогтары тәрбиеленушілердің қолдан жасаған жұмыстарының көрмесін ұйымдастырды. 
Жетісулықтарға белгілі ертегіші әжеміз Жұмабала Балақаранова шара барысында: «Қазақ халқының салт-дәстүрлері ғасырлар бойы қалыптасып, бір-бірін толықтырып, мәдени өмірдің әртүрлі жағын қамтыған. Егер әр мектепте осындай іс-шара өткізілсе, әрине, біздің халқымыз ешқашан мұрасын жоғалтпайды», – деп пікір білдірсе, қазақ дәстүрімен дара, салтымен саф болмысты ұлт екенін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Ақмадиева айшықтады. Тағылымды кеш соңы, әрине, дәстүр-салтымызға сай батамен тамамдалды.

АРДА БИ
Фото: https://bilim-all.kz/article/2322