ТҰҢҒЫШ БАЛЕТ БИШІСІ

Уақыты: 25.02.2024
Оқылды: 481
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жақында Талдықорған қаласында Есболат Айдабосын жетекшілік ететін «Janr» әдеби клубы ұйымдастырған «Жырла, жүрек, әуеле, ән» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кестелі жыр мен әуезді ән әуелеген рухани басқосуға әнші Саят Медеуов те арнайы келіпті. Әдемі кештен кейін қазақы жолмен бір шәугім шәй іштік. Сол дастархан басында Саят ағамыз түрлі тақырыпта әңгіме қозғады. Арасында Есенқұл Жақыпбек туралы да естеліктер айтты. Өзі қалжыңбас, әзілге жақын кісі екен.

Бір уақытта Жамбыл облысына қарасты Кенен ауылынан шыққан танымал адамдар туралы әңгіме басталды. Биыл Кенен Әзірбаев атамыздың мерейтойы. Соған орай өтетін шаралар жайында сөз қозғадық. Кенен туған елді мекенде Саят Медеуовтен басқа Айгүл Иманбаева, Мақсат Базарбаев (МұзАрт) дүниеге келген. Олар туралы да әңгіме болды.

Бір орайы келгенде Саят бауырымызға «Алмас Бекбосынов деген есім сізге таныс па?» деп сауал тастадым. Отырғандардың ешқайсысы естімеген болып шықты. Ол кісі ауылдан ертерек көшіп кеткендіктен Саят ағамыз білмейтінін айтты. Ақыры сөз басталған соң есім сойы ел жадынан өшіп бара жатқан өнер тарланы туралы қысқаша айтып бердім. Себебі 2017 жылы телеарнада істеп жүрген кезімде қазақтан ерлер арасынан шыққан тұңғыш кәсіби балет бишісі туралы бірнеше сюжет жасағанмын. Біз балет бишісі десе Болат Аюхановты ғана айтамыз. Ал шынтуайтына келгенде соғыстан кейінгі жылдары АҚШ-қа барып, көкпар биін билеп, америкалықтарды таңғалдырған қазақ жігіті кім еді?!

Халық артисі, бекзат өнердің майталман маманы Болат Аюхановтың: «Классикалық биді қазақтар арасында алғаш меңгерген маман осы кісі болатын. Бекбосынов залды дүркіретіп тұрғанда мен балет өнеріне қаз-қаз басқан баладай едім. Мен ол кісінің гримдеу бөлмесінде бет әрлейтін заттарын алып беріп тұрғанымды өзіме бақыт санайтынмын», – деген пікірі ұлт  перзентінің тұлғасын даралап-ақ тұр емес пе?!

Алғашқы 10 минуттық зерттеу репортажынан кейін редакцияға көп қоңырау соғылды. Тіпті, Кенен ауылынан бір ақсақал келіп, біздің түсіру тобымызды және өнер зерттеушісі Айдар Жорановты қонаққа шақырды. Жамбыл облысы, Қордай ауданы Кенен ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Мергенбай Құттымбетов Мәдениет үйіне жүздеген адамды жинапты. Сол жерде сюжетті көрсеттік. Артынан барған қонақтарға шапан жауып, ас беріліп, құран оқылып, құрмет көрсетілді. Жап-жас бола тұра шапан кигенге ұялғанбыз. Елдің құрметі ерекше ғой. Ауыл ақсақалы Мергенбай Құттымбетов: «Мен архивте сіздердің сюжеттеріңізден кейін бір айдай отырдым. Әрине, басшылыққа алынған сіздердің еңбектеріңіз. Онсыз біз мұны білмейтін де едік. Ауылымызға ардақтымыз оралды. Міне, бүгін барша халық жиналып, осы кісінің рухына басымызды иіп, келелі әңгімелер айтып жатыр. Халық бар ғой,дәл  осы жерде бір толғаныста отыр», – деген еді тебірене.

Сол кезде арнайы түсірген шағын ғана деректі фильмімізде: «Кенен Әзірбаевтай тұлғаны тудырған топырақтан жаралған Алмас Бекбосынов Орталық мұрағаттан табылған дерек бойынша 1924 жылы өмірге келген. Әкесі Бекбо­сын Диханбаев қазіргі Қордай ауданында жылқышы болған. Жиын-тойда би билеп жүрген Алмастың өнерге қабілеті барын білген соң, туыстары 1937 жылы Алматы қалалық музыкалық училищесіне оқуға түсіріп, сол жерде екі жыл білім алады. Тума талант 16 жасынан бас­­тап Қазақ мемлекеттік филармониясында, одан соң Абай атындағы опера және балет театрында солист болған. Оның Америкаға гастрольдік сапары кезінде билеген «Көкпар» биіне қалың көрермен орнынан тұрып, шатырлата қол соғып, қошемет көрсетіптін! Небәрі 50 жыл өмір сүрген кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосынов халқымыздан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапаловамен жұптасып та небір туындыларды сахна төріне шығарған. Осы күнге дейін ұмыт болып келген өнер иесінің есімін ел есінде қалдыру үшін жерлестері Жамбыл облысы аумақтық ономастика комиссиясына өтініш жолдап отыр», – деппіз.

Одан бері 7-8 жыл өтті. Google желісіне кіріп, Алмас Бекбосынов деп терсеңіз Уикипедиядағы өмірбаяны, одан соң Астана телеарнасында өзім жасаған 2 сюжеті шығады. Ол кезде Жайна Сламбек бағдарлама жетекшісі еді. Басқа деректер некен-саяқ. Ол кісі 1962 жылы бір орысша фильмде эпизодта ойнаған.

Мұны жазып отыруымның себебі бар. Биыл қазақтан ерлер арасынан шыққан тұңғыш кәсібіи балет бишісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл. Тура ертең 24 ақпан туған күні. Биыл оны атап өтуге арналған қандай да бір игі бастама бар ма екен? «Іздеушісі бардың ізі бар» деген елдің ұрпағы едік, шаң басқан архивтерді тағы бір мәрте ақтарып, ортасынан асып туған асыл азаматты, алыстағы Америкаға табаны тиіп, ұлт рухын асқақтатқан дара перзентті ұмыту ұлтымызға ұят болмай ма?! Өнері ортақ қазаққа өнерлі ұлы да жат болмауы керек. Қордайдың арғы жағындағы ел жоқтасын десек, рулық шеңберді шиырлағанымыз болмай ма? Болмысы бөлек өнердің осындай бекзат ұлы болғанын жетісулық ағайынның да біле жүргені абзал. Осы орайда «Jetisy» газетінің оқырманы да танып, біле жүрсін деген оймен назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.

Ришат Асқарбекұлы,
журналист