ҰСТАЗ ҰЛТТЫ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Уақыты: 03.10.2018
Оқылды: 1913
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін мұғалімдер мерекесіне орай Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Ұстаз деген ұлағатқа бас идік» атты салтанатты шара өтті. Оған облысымыздың әр шалғайынан ұстаздар келіп қатысты. Салтанатты жиынды Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ ашып, мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Баршаңызды Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – орны бөлек, дәрежесі биік, ең қастерлі мереке.  Қай заман, қай қоғамда да баланы оқыту, оған тəрбие беру ең ұлы мұрат саналған. Сол ұлағатты жол бүгінгі күні де жалғасын тауып, білім беру саласын дамытуға айрықша назар аударылып келеді. Соның нәтижесінде былтырмен салыстырғанда облыс оқушыларының білім сапасы 9 пайызға, Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы  8,1 пайызға артты, - деді облыс әкімі.

Мұғалім мәртебесін көтеру - Елбасы алға қойып отырған міндеттердің бірі. Үстіміздегі жылы жаңа форматта біліктілік деңгейін растаған 3031 ұстаздың жалақысына 30-50 пайыз, жаратылыстану-математикалық пәндерді ағылшын тілінде оқытатын пилоттық жобадағы 264 мектептің 392 мұғаліміне 30 пайыз үстемеақы төлене бастады. Облысымызда 35 мыңнан аса ұстаз еңбек етуде. Олар түрлі байқауда бақ сынап, өздерінің кәсіби шеберлігін дәлелдеуде. «Үздік педагог – 2018» республикалық конкурсында аталмыш атаққа лайық деп танылған бірқатар ұстаз жалпы алғанда 2 млн. 500 мың теңгенің сыйақысын иеленді. Олардың қатарында Жамбыл ауданы, Ү. Кәрібаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Зарема Баймұратова, Талдықорған қаласындағы №14 орта мектебінің мұғалімі Айман Қабдығалиева, Еңбекшіқазақ ауданы, Абылайхан атындағы №4 орта мектептің мұғалімі Ермек Алмабеков, Жаркент гуманитарлы-техникалық колледжінің оқытушысы Меруерт Тенизбаевалар бар. Облыс басшысы ұстаздардың ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріне табыс тілеп, бірқатар ұстазды «Ы. Алтынсарин», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапаттап, 5 педагогикалық байқау бойынша жеңімпаздарға диплом мен сыйлықтар табыс етті. Атап айтар болсақ, “Жылдың үздік мұғалімі” байқауында І орынды иеленген Жамбыл ауданы, Ә. Бейсеуов атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алма Маханова автокөлік кілтін алды. “Үздік балабақша” деп танылған Еңбекшіқазақ ауданының «Бәйтерек» балабақшасы, “Үздік кәсіптік білім беру ұйымы” облыстық байқауының І орын жүлдегері Талдықорған политехникалық колледжі 300 мың теңге, “Үздік ауыл мектебі” облыстық байқауының жеңімпазы атанған Қарасай ауданы, Жамбыл атындағы орта мектебінің ұжымы 250 мың теңге, “Жылдың үздік сынып жетекшісі” болып танылған Ұйғыр ауданы, №1 Шонжы орта мектебінің ұстазы Руслан Кебиров 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Ал, «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының грантын Талдықорған қаласындағы М. Арын атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №24 экономика және бизнес лицейі жеңіп алды. Лицей директоры Мариям Галиеваға 22 млн. 627 мың теңгелік сертификат табыс етілді.

Бұдан соң Мұғалімдер күніне арналған шара концерттік бағдарламаға ұласты. Ұлағат иелеріне Сүйінбай атындағы облыстық филармония әртістерімен қатар білім шаңырақтарының өнерлі ұстаздары мен оқушылары ән-биін тарту етті.

Салтанатты жиын алдында облыстық әкімдікте мұғалімдерді арнайы қабылдаған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев 5 педагогикалық байқау бойынша екінші, үшінші орын иегерлері мен номинация жүлдегерлерін марапаттады. Сондай-ақ, ұзақ жыл білім беру саласына еңбек сіңірген 40 ардагер ұстазға 30 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді. Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының басшысы Садық Әбдіқадыров та ұстаздарға өз сый-сияпатын тарту етті. Міне, осылайша облыс әкімінің ұстаздарды қолдау мақсатындағы қолға алған игі шарасы кәсіби мереке қарсаңында мұғалімдердің көңілдеріне толайым қуаныш сыйлап, алдағы уақытта да соны серпін, тың жігермен жұмыс жасауына жол ашты.

Алма ЕСЕНБАЕВА