ҚАСҚЫР ДЕГЕНІҢ ИТ ЕМЕС ПЕ?

Уақыты: 03.02.2019
Оқылды: 2441
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ит жылы немерелі болған кемпіріміз екеумізде ес жоқ десе де болады. Алматыны мекен еткен ұл мен келінге жәрдемдескен болып Жәмилә екеуміз солардың жанындамыз. Келін бөбегіне қарайды, ауру-сырқауын түгелге дерлік ұмытқан кемпір үй шаруасын күйттейді. Мен болсам аулаға шығып әңгімелесетін шал-шауқан іздеймін. 

Алып қала Алматыға жиналған қазақ көбіне кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінінен келген қырық құрау халық екені белгілі. Ақын-жазушы, ғалым,  белгілі қылқалам шеберлері,  жай жұмыс істеп зейнеткерлікке шыққан соң балаларымен тұратын қырдың қазақтары да осында. Мен сияқты әңгімелесетін жан іздеп жүрген екі ағамен танысып, солармен күнделікті қауқылдасамын. Екеуі де менен он жас үлкен. Сексенге толған нағыз ақсақалдардың өзі. Біріншісі – Ораз аға. Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып, өскен. Сол елде қытай тілінде оқытатын колледж бітірген, Қазақстанға бозбала кезінде келген ағамыз жоғары білім алған, орыс тілін жетік меңгерген сұңғыла жан. Он сегіз жыл Кеңес үкіметінің Бейжіндегі елшілігінде қызмет қылған.

Екіншісі – Сарқытбай қария. Өмір бойы  Жамбыл ауданында   қой баққан шопан ағамыз қызының қолында тұратын болып шықты. Кемпірі он жыл бұрын дүние салған. Өзі ауылда тұратын үш ұлының ешқайсысының қолына тұрақтамай, қызын таңдапты. Осындайда Майқы бидің «Қартайғанда жақсылықты қыздан көрдім» дегені шындық екеніне көз жеткіземіз. Сарқытбай аға әңгіменің сандығы десе де болады. Бір айтқан әңгімесін екінші қайталап жатпайды. Айтатыны өзі баққан қой, соның төңірегіндегі мың-сан тіршіліктің қызықтары. Осы  сәтте ғазиз әкем Жармұхамбеттен қалған бір мақал еске түсті:
– Шаштаразбен сөйлессең, ұстарасы мен қайрағын айтады, Батыр-ермен сөйлессең, жауға салған ойранын айтады. Сартпен сөйлессең, алашапан байрағын айтады.
Сарқытбай аға малға қырғидай тиетін талай қасқырды атып алғанын айта отырып, өз көзімен көрген басқа бір оқиғаны қозғап берді. 

– 1952 жылы «Ленин» ұжымшарының бойдақ қой бағушысы едім, ішінара бірлі-жарым саулығы да бар арасында. Жайлаудан түскелі ұжымшардың Үшкөл деген күздеуінде мал жайып жүрдім. Бір күні екінті намазын өткергеніме бірер сағат болды-ау деген мезетте, жайылымда жүрген қойдың әлденеден үріккенін байқадым. Биіктеу жерге шығып айналаны шолып ем, малға қарай шоқақтап келе жатқан жалғыз қасқырды көзім шалды. Атқа мініп, қойды қотанға қарай беттеттім де қасқырдың алдын кестім. Қолымда қамшыдан басқа ештеме жоқ. Бұны үркітіп жіберейін деп айқайға басып, аттың басын бөріге қарай салдым. «Батырға да жан керек» демекші, қасқыр сескенді білем, қаша жөнелді. Оны көрген маған батылдық бітіп, желікпем қызып, қуып кеп бердім. Жер жазық, бұта-жыңғылы аздау еді. Шамамен жарты сағаттай қуғаннан соң қасқыр болдырды білем, шеңгелдің ішіне тығылды. Менімен бірге қиқулап жеткен үш-төрт малшы бар, топ шеңгелді қоршап алып тығылған қасқырды іздеп таптық. Тісін ақситып  айбат қылып жатқан көкжалға қолда қаруы жоқ қуғыншысымақтар не істерімізді білмей тосылып қалдық. Сол кезде өз шаруасымен жолаушылап бара жатқан Әбен деген ауылдасымыз жанымызға келіп, не істеп жатқанымызды сұрады. Біз оған көкжалды көрсетіп, ала алмай тұрғанымызды айттық: 
– Ой, тәйірі, қасқыр деген ит емес пе? Иттен де кісі қорқушы ма еді, – деді де атынан секіріп түсіп, біз бата алмай тұрған әлгі бөріні арт жағынан келіп бас салды. Лезде сол қолымен қасқырдың оң құлағын тас қылып ұстап басын қайыра тартты да оң қолымен буындырып өлтірді. Бар оқиғаны көз алдымызда өткерген біздің Әлтайдың жүректілігі мен қарулылығына таңғалмасқа лажымыз қалмады. 

Осы оқиғаны дүрліктірген жылы Әлтай 55 жаста екен. Бір жолы атастыру жолымен 13-14 жасында үйленіп, әке-шешесімен бірге тұрған Әлтайдың қорасындағы малға қасқыр түсіп, үйге малдың азан-қазан боп үріккен дауысы жетеді. Жедел қимылдаған Әлтай тоқымды екі қолымен қалқан қылып ұстап, қораға кіріп, қойға қырғын салып жүрген қасқырды бас салады. Шошып кеткен қасқыр құлағына жабысқан баланы ала қашады. Содан біраз уақыт өткенде «жоқ» іздеген Әлтайдың келіншегі ауылдың жанындағы сайда қасқырды тас қылып құшақтаған өзінің жігітінің үстінен шығады. Әлтай оған тезірек әкемді шақырып кел деп бұйырады. Құстай ұшып жеткен әкесі сойылмен қасқырды өлтірмек болып, тұмсығынан ұрып жүрсе, ол «қонағымыз»  әлдеқашан мүрдем қатыпты. Қасқырды Әлтайдың өз қолымен буындырып өлтіргенін ұғады. 

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақстанда жаппай қуғын-сүргін етек алған кезде қасқыр соққыш батыл жігіт Әлтай 8 жылға сотталып, жазасын сол кездегі кең-байтақ ортақ отанымыздың Қиыр Шығысында өтеп келіпті. Абақтыдан оралған соң ұжымшарда еңбек етіп, ұзақ ғұмыр кешкен. Ұрпақтары Ұзынағаш жақтағы ауылдарда тұратын көрінеді.
– Қасқырды өзім де сан рет атып алғанымды айттым, қақпанға түсіріп ұрып алғанды да көрдім. Ал жалаңаш қолмен буындырып өлтіргенді, естігенім болмаса, көргенімнің бас-аяғы осы еді, – деп аяқтады әңгімесін Сарқытбай қария.

Әбдісамат Мылтықбаев, 
зейнеткер