ДИМАШ: ЖЕР-ДҮНИЕНІ ТЕРБЕТКЕН ЖАУҺАР ТІЛІМ

Уақыты: 07.05.2019
Оқылды: 1969
Бөлім: РУХАНИЯТ

Балабақшаға баратын нағашы ағамның ұлы мен қызы алдымнан «ағатайлап, алақайлап» шыққанда, еріксіз жіби түсесің. Ал олармен тілдесе қалсаң, нағыз тәуелсіз елдің, ХХІ ғасыр ұрпақтары екеніне көзің мың мәрте жетеді. Неге дейсіз ғой?

Ең алдымен оларды ерекшелеп алатыны – сөйлеу мәнері. «Анашым, әкешім» деп еркелегенде біздің толқын айтатын «мама папамыз» өгейсініп қалады. Қуанса да, жыласа да таза қазақша мақамға салады. Қолданатын одағайларын естіп, шынайы сүйсінеміз. Одан қалса бір-бірімен жарыса Абай, Мұқағалилардың өлеңдерін оқиды. Кейбір қазақ түрді, орыс тілді қандастарымызға үлкен үлгі болуға жетіп жатыр.

Бір кездері барлық қазақ мектептерін жауып, тек орыс тілінен ғана білім алуға мүмкіндік берген Кеңестік кезең қазақ тілінің тынысын тарылтты. Сол жүйемен ержеткен үлкен буынның ұл-қыздарының да қазақшаға шорқақтығы ащы да болса шындық. Етек-жеңімізді жиып, тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін көптеген жұмыс істелді. Нәтижесін де көріп келеміз. «Көш жүре түзеледі» демекші, алдағы уақыттың берер жемісі шаш етектен. Оның мысалын балабақшадан тәлім алып жүрген балалар арқылы жоғары да келтірдік. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» ұстанымына тек қазақ емес, өзге ұлттар да сүйеніп жүр. Бұл пікіріме де тұздық әзір.

Қазақы ауылда өсіп, қалаға кейін келген соң орыс тілін әлі де болса меңгере алмай жүрміз. «Или», «Зато», «Наоборот» дейтін сөздер өз алдына, ата-анамыздан естіп есейгенен кейін төл сөздеріміздей болып кеткен. Қызық болғанда дүкенші орыс апай тұғын. Не алатынымызды дүкенге барғанша 100 қайтара қайталып, оның кейбірін ұмытып, түсіндіре алмаған соң, кері үйге барып қағазға түсіріп жүрдік. Сол әдетпен базарға барып, орыс сатушы кезіксе, керек-жарақты ресми тілде сұрап келдік. Бір күні дәл солай орысша таусылып жеткізе алмай әбігерленсем, әлгі сатушы қазақшаға судай екен. Сөйтіп ұятым бетіме шықты. Осындай сәттерге бір емес, бірнеше мәрте кезіктім. Содан бері алдымен қазақша сұрайтын болдым. Мінекей, мемлекетік тіл мәртебесінің қаншалықты биіктегені.

Ұлы Дала төсін дүбірге бөлеген қазақ қанша мың өліп, мың тірілсе, оның тілі де сонша өліп-тірілді. Қазір томағасы шешілген бүркіт сынды қанатын кеңге жайып, еркін қалықтауда. Димаш Құдайбергеновпен бірге күллі әлем қазақша ән айтуының өзі сан ғасыр тарихы бар, ең бай тіліміздің Мәңгілік Елмен мәңгі жасайтынының белгісі.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды