МАЙДАНГЕР АТЫНДА СЫНЫП АШЫЛДЫ

Уақыты: 08.05.2019
Оқылды: 2113
Бөлім: РУХАНИЯТ

Есімі ерлікпен мөрленген батырларымыздың қан майданда өткерген бір сәтінің өзіне өтеу болар дүние бар ма екен деп ойлаймыз кейде. Тобығынан қан кешіп жүріп тобылғы сапты қамшы ұстар ұрпағыма ұлтарақтай жерімді аманат етемін деген сол асқақ рухты жандардың өрлігіне лайық құрмет көрсете білу де адамгершіліктің шыңы болса керек. Ілияс Жансүгіровтей ұлы ақын туған құтты өңірдегі бұлың бұлт көлеңкесіне бұғынып қалар Көкөзек атты керім де кішкене ауылда біз сөз еткен қаһармандардың біріне құрмет көрсетілді. Есімі ардақталып, мектеп сыныбына аты берілді.

Қия-құз, мұсатыр мұздан алыстау жатқан Көкөзек ауылындағы Қуат Терібаев атындағы орта мектептің безендірілген ауласы көңілге қуаныш сыйлап, бір көркем шараның шымылдығы түрілетінін аңғартқандай еді. Облыстың білім басқармасы, аудандық әкімдік пен білім бөлімі сынды мекемелерден келген меймандар көп өтпестен сол айтулы сәтті бастан өткерді.

Алдымен шара тізгінін ұстаған ұлағатты ұстаздар Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын, оны қайсар халық қасқайып тұрып қарсы алып, өңмеңдеп келген жауды өкшелей қуып шыққанын, сол майдан даласында біздің батыр бабалар ерлігі ерен екенін асқақтата жеткізді. Одан кейін алғашқы болып сөз алған Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Отарбаев:

– Тарихымызға зер салсақ, тоқымдай жердің топырағы үшін қасық қанын пида еткен бабалардың айбынды тұрпаты көзге елестейді. Көкөзектен түлеп, күллі қазақ сахарасының намысын көтерген бабамыз Нүсіпбек Дүйсекеновтің ерлігі ел есінде сақталмақ. Ал бүгінгі игі шара сол ерлігіне ұрпақтарының көрсеткен бір құрметі деп санаймыз, – дей келе осынау айтулы күнді бастан өткерген ұрпақтың бақытты екенін, сол күні сыйлаған батырларды әрдайым есте тұту керектігін жеткізді. Өз кезегінде  сөз алған меймандар да ақеділ лебізін ақтарды.

Сонау 1917 жылы Ақсу ауданына қарасы Көкөзек ауылында туып, өмірдің сан тараулы жолын өткеріп, сұрапыл соғыс дабылы қағылғанда ауылдан аттанған 5 азаматтың бірі ретінде Нүсіпбек Дүйсекенов майдан даласына жөнелтілген. Аршындап келген жаудың алқымына жармасқан жас сарбаздардың бірі ретінде қасат қырғында ерлік көрсеткен ол қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова, жауынгер жазушы Әзілхан Нұршайықовтармен бір топта болған. Бородино қаласы «Молодой дуб» деревниясында, Калинин облысында, Волбнск, Брест қалаларын жаудан азат етуге, Варшава, Висла қалалары мен Ордер өзені бойындағы кескілескен шайқастарға қатысып, соғыс аяқталғаннан кейін Г.Жуковтың қарауындағы ерекше әскери бөлімде бір жыл қызмет етіп, 1946 жылдың мамырында елге оралған Нүсіпбек Дүйсекенов көптеген медальдар мен орденнің, құрмет грамоталарының иегері. Соғыс және еңбек ардагері. Осынау батыр бата атына берілген алғашқы әскери дайындық сыныбының лентасын батырдың қызы Баян Нүсіпбекқызы бастаған зиялы қауым қиса, ақ кимешекті аналар шашуын шашты.

Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген кең сарайдай бөлменің бір қабырғасында батырдың суреті тұр қасқайып. Астында біз атап өткен ғұмырбаяндық жолы жазылған. Батыр рухына құрмет ете келгендер қатарынан сөз алған Баян Нүсіпбекқызы осынау қуанышты күннің әсері мол екенін атап өтті. Ол әкесінің батырға тән қасиетін былай қойғанда, азаматтық қырын, сонау майдан даласындағы аңызға бергісіз ерліктерін термеледі. Соның бірі ретінде соғыс аяқталған жылдары неміс ұлтының шиеттей перзенттерін аштыққа ұрындырмай, өз қамқорлығында ұстағанын ерекше атап өтті. Қысылтаяң шақта батыр шапағатына шомған сол неміс ұлтының өкілдері кейін Нүсіпбек ақсақал бақиға сапар шеккенде мұсылманша көрісіп, өз әкесі өмірден өткендей мұң шегіпті. Осындай кесек ой, кестелі пікірді алға тартып, әкедей асқар таудың алып тұлғасын сұлу сөзімен сомдаған Б.Нүсіпбекқызынан кейін де сөз сөйлеушілер табылып, батыр рухын асқақтатқандай көрінді. Мектеп әкімшілігі батырдың қызына оқасы камзол жауып, сый-сияпат танытты.

Осылайша мәжіліс залында баба ерлігіне құрылған көрініс көрсетіліп, әуелей ән шырқалып, рухты жырмен, жарқын естелікпен өрілген кеш айтулы күннің көрігін қыздырып, көркін ашқандай болғаны бар.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Ақсу ауданы

Алматы облысы