ҰСТА ДӘРКЕМБАЙДЫҢ ҰЛЫ КӨЛІК МІНДІ

Уақыты: 22.05.2019
Оқылды: 1240
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Мәдениет майталмандарының қуанышымен бөліскен облыс басшысы бірінші кезекте жетістіктерімізді паш ететін көрмені тамашалады. Сахнада мерекеге орай театр әртістері қойған көріністен кейін құрметпен ортаға шығып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

- Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыз ғасырлар бойы мәдениеті мен өнерін, дәстүрі мен асыл мұрасын алтын бесігінде тербетіп келеді. Қай заманда да еліміз дәстүрін дәріптеп, рухын жоғары ұстаған. Өнердің өркен жайып, қоғамның ажырамас бөлігіне айналуы үшін оған барынша жағдай жасалып отыр. Мәселен, бүгінгі күні облысымызда 556 мәдениет, мұрағат мекемесі бар, 88 халықтық, үлгілі атағы бар ұжым, 1406 көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді. Жыл басында сала бюджеті 6,5 миллиард теңгені құрады. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Бикен Римова атындағы жаңа драма театры қолданысқа беріліп, тұңғыш рет Орта Азия елдерінің VІІ Халықаралық театр фестивалі өткізілді. Бұл өнер ордасы ұлт руханиятына қызмет етіп, талай таланатты жасты шыңдайды деп сенеміз. Тұңғыш Президентіміз өз сөзінде: «Біз әлемдік мәдени құндылықтармен үндес жаңа заманғы қазақтың озық мәдениетін қалыптастыруымыз керек", – деген болатын. 2017 жылы бастау алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұл бағытта көптеген шара атқарылды, – деді.

Бұдан соң облыс басшысы Амандық Батталов пен І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры Әли Алпысбаев 250-ге жуық халық әні мен халық композиторларының туындысы жинақталған «Жетісу антологиясы» кітабының тұсауын кесті.

Өңір басшысы мерекеге орай бірқатар қызметкерді де марапаттауды ұмыт қалдырмады. Атап айтар болсақ, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшының орынбасары Әлия Жақыпбекова, осы басқарманың бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаева, Талдықорған қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлпан Сейітжанова, Сүйінбай атындағы облыстық филармония әртісі Мұхтар Стыбаев, Кербұлақ ауданы, Алтынемел ауылдық Мәдениет үйінің музыка жетекшісі Сәуле Қожаханова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, мәдениет саласында жемісті еңбек етіп жүрген біршама жан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленді.

«Үздік мәдениет қызметкері» номинациясымен және 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен аудандық, қалалық Мәдениет үйлерінде, театрларда еңбек ететін өнер иелері марапатталды. Сол сынды бірқатар мәдениет саласының қызметкерлері арнайы номинацияларға қол жеткізді. Атап айтар болсақ, «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым» аталымының жеңімпазы Панфилов ауданының «Жаркент әуендері» халықтық ән-би ансамблі болса, «Үздік театр әртісі» номинациясын Ақсу халық театрының әртісі Ілияс Нұрланбеков жеңіп алды. Талғар аудандық Мәдениет үйі, В.Маяковский атындағы Талдықорған қалалық кітапханасы, Есік археологиялық өлкетану музейі, Сүйінбай атындағы облыстық филармония аспапшысы Айбол Құдайберген үздіктердің номинациясын иеленді.

Жеңімпаздарға облыс әкімінің арнайы дипломы мен 100 мың теңгеден ақшалай сый-сияпат берілді. Ал «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясының жеңімпазы Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Шоқпаровқа "Лада Гранта" автокөлігінің кілті табыс етілді.

Салтанатты жиында сөз алған «Ұста Дәркембай» атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Шоқпаров ерекше қолдау көрсетіп келе жатқан облыс әкіміне алғысын жеткізді.

Ары қарай жетісулық өнерпаздардың концертіне ұласқан салтанатты шара көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Мәдениет майталмандарына құрмет көрсетілген тамаша күн олардың құшақтарын гүлге, көңілдерін нұрға толтырды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ