ЭФИРДЕ "JETISÝ": ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ ҚЫРЫҚ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛДІ

Уақыты: 14.06.2019
Оқылды: 1372
Бөлім: РУХАНИЯТ

Журналистер үйінің алдындағы көпшілік «үлкен экран» атап кеткен көгілдір экраннан «Оқырман» хабары беріліп жатыр. Бағдарлама қонағы исі қазаққа енді-енді таныла бастаған жас қаламгер екен. Аз аялдадық. Хабарды бірауық тамашалауға тура келді. Көрдік. Көкейге түйдік. Жазуды ғана машық ету бір басқа болса, ұлттық сана төңірегінде әңгіме өрбіту, оны шығарманың алтын арқауы ете білу тіптен бөлек дүние. Бағдарлама кейіпкері ұлттық сана биігіне кесімді пікір сабақтай алатын, көсіле сөйлегенде көк еті сөгілгенше шабар тұлпардай тынышыңды алар азамат-ақ екен. Риясыз ризашылықпен сойы мен сөз сойылына еріксіз бас шұлғығандай болдық. Осындай жас таланттарды жарқырата көрсетіп, насихаттаған «Жетісу» телеарнасына, ондағы сақа журналистерге, үлкен ұжымға одан бетер сүйсіне түстік. Содан барып омырауына жиырмасыншы көктемнің гүлдестесін тағынған жас жігіттей асқақ еңсесін елге сүйеп, халық пен биліктің арасында дәнекер болып, аттай 20 жыл жетісулықтарға хабар таратқан телеарнаға беттедік.

Шалқыған көңілдің шағаласы бір тулаған соң шартарапқа шашылған шұғыладай жайраңдайсың да қаласың. Әлгі бағдарламадан алған әсердің күшімен «Жетісу» телеарнасының төрт құбыласындай болған төрт сақа журналиспен, телеарна тізгінін ұстаған азаматтармен тілдесуді жөн санадық. Әуелі телеарна директоры, белгілі журналист Бейсен Құранбектің бөлмесіне беттедік. Жұмыс үстелінде арқалығы бар орындыққа сүйене түсіп бір журналиспен әлдебір хабар жайлы сөйлесіп жатқан Бейсен Абайұлы жылы жүзбен қарсы алды. Біз де сөз орайы келгенде «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерейтойымен құттықтадық.

– Тарих үшін тұтамдай, ал адам ғұмырымен есептегенде 20 жыл деген аз уақыт емес. Осындай уақыт ішінде көп дүниені жасап, ұлы дүниелер тудыруға болады. Дегенмен, былтыр ғана ғасырлық тойын атап өткен «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінің қасында бала екеніміз анық, – деп әңгімесінің әлқиссасын бір қайырған Бейсен Абайұлы іле тіл тиегін ағытты. – Иә, «Жетісу» - облыстық телеарна. Облыстық болған соң республикалық телеарнамен салыстырғанда әлдеқайда төмен болатыны анық. Бірақ «Жетісудың» артықшылығы көп. Мәселен, республикамыздағы 15 облыстық телеарнадан әлдеқайда көш ілгеріміз. Неге деп сұрасаңыз, «Жетісу» облыстық әкімдікке қарайтын жалғыз өңірлік телеарна, ал қалғаны ұлттық арнаның бөлімшесі. Сондықтан болар, материалдық, шаруашылық, кадрлық, техникалық жағдайымыз өзге өңірлік телеарналардан жоғары әрі сапалы. Бұл, әрине, біріншіден құрылтайшының бізге деген қамқорлығынан деп білу керек. Екіншіден, біздің ғимаратта бір емес, бірнеше студияның болуы, олардың заманға сай жабдықталуы өзге облыстық телеарналардың аңсап жүрген дүниесі. Сондықтан да «Жетісу» республикалық арналардан ұтылса, бірінші қаржы, екінші адам санымен ғана ұтылады.

Қашанда маңғазданып кетпейтін, күпсектете сөйлеуге бармайтын, сабырлы қалпынан айнымайтын асыл аға аз-кем ойға шомды да, жалпылама әрі нақты, қысқа қайырымды жауапқа көшті. "Жиырма жыл ішінде халықтың көзайымына айналған «Жетісу» телеарнасы сонау іргетасы қаланған уақыттан бастап бағдарын айқындаған, байыптаған, барлаған арна. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, облыс әкімінің атқарып жатқан істерін нақты көрсетуі, жұмақ өлкенің тыныс-тіршілігін жарқырата жеткізуі, осы елдегі таланттар мен дарындардың өмірін үлгі ете отырып, қазіргі қазақ қоғамына не керек деген мәселелерге барынша нақты жауап беруі – «Жетісудың» межелеп алған мақсаттардың бірі. Күніне 17 сағат хабар тарататын айдынды арнада осыдан 12 жыл бұрын 91 адам жұмыс істейтін. Қазір кадр саны 183 адамға жетіп, екі есе көбейді. Әртүрлі тақырыптағы жанрлық бағдарламалар пайда болды. Хабарлардың саны көбейді. Шығармашылық әлеует артты. Қысқаша айтқанда 20 жылдық ғұмырында тамшыдан теңізді құрап, халықтың көз қуанышына айналды, – дей келе телеарнаның тағдыры Тәуелсіздікпен мәңгі жасаса беретіндігіне сенімді екенін жеткізді.

Бөкенжеліске салып, өзі басшылық ететін телеарнаның тыныс-тіршілігін нақтылы баяндаған Бейсен Құранбектен кейін «Жетісу» телеарнасы директорының бірінші орынбасары, журналист, жазушы Серік Сарыбаевпен де дидарластық. Өткен ғасырдың құм бүркеген құндылықтарының жоқтаушысы болып, зобалаң заманда шашылып қалған бабалар сүйегін қаламмен аршып, ескерусіз қалған ерліктерін өрлікпен қайта тауанды тарих тарауына қосып жүрген Серік Әбікенұлы телеарнадағы тарихи фильмдер, оның маңыздылығы тұрғысында тебірене термеледі.

– Қоғамда «интернет жеңе ме, телеарна жеңе ме?» деген тайталас қатты жүріп жатыр. Шынын айтқанда телеарналарға мұрсат беретін болса интернеттің «жаназасы» бір-ақ күнде шығар еді. Бұрынғы саяси дебаттар, пікірталастар, барлық жанр  қамтылып, телеарна халықтың интеллектуалды санасын көтеретін құрал қалпына қайтып оралса, онда бұқаралық ақпарат құралына деген көзқарас 100 пайыз өзгеріп сала беретін еді. Телеарналардың қазіргі кезде сыннан көз ашпауына аутсорсингке бару себеп болып тұр. Бір кездері жанайқайды жеткізе «Аутсорсинг – телеарна ажалы» деп айтқан едім. «Жетісудың» ерекшелігі – басқалар сұққан бұғалыққа басын салмауында. Соның пайдасы болар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс пен Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толғанына байланысты біз эфирден хабар тараттық. Тіпті, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қазақ хандары туралы 40 фильм түсірдік. Алайда сол сәтте бізден өзге бірлі-жарым телеарна қысқа хабар бергенімен, көбі үнсіз қалды. Неге? Өйткені ұстанымдары, шығармашылық еркіндіктері біз айтқан тажалдың тырнағында жатқандай еді. Біз дайындаған сол тарихи құнды хабарлар «Жетісу» арнасының сайтында анталап тұр. Мұның өзі өзге арналардан озық екенін танытпай ма?!

- Рас, кезінде азуын айға білеген айбарлы бабалардың рух күшімен өркениеттің басынан табылдық. Қазір ілдалдалап көш соңында салпақтап келеміз. Осыны ел есіне салу үшін «Ұлы номад» деген хабар жасадық. Міне, осындай тарихи сананы оятатын хабар дайындау ұстанымы бар бұқаралық ақпарат құралы үшін аса маңызды. Соның бірі, өткен ғасырдың 20-шы жылдарындағы Жетісу жерінде болған көтерілістер. Негізінде тарих туралы айтқанда Шыңғысханға барамыз, одан бергі жоңғарларды айтамыз да, келе-келе сиырқұймышақтандырамыз. Өйткені, арамызда сол дәуірді аңсайтындар бар. Бірақ Кеңес өкіметінің лаңы әлі ашылмады. Соны қолға алып, архивтердегі там-тұмдаған мәліметтерді жинастыра отырып, бабалар ерлігін, оның болмысы мен ержүректігін насихаттауды түбегейлі қолға алдық. Омарбек мерген Еркінбекұлы туралы фильм түсірдік. Құндақбай мерген екеуінің суретін тауып, олар туралы көптеген деректерді көрерменге ұсындық. Міне, осындай тарихи фильмдерді түсіру арқылы біз тарихтың түрен түспеген бетін ашып, тарих үшін жемісті еңбек етіп келеміз... – деп тебіренген Серік Әбікенұлы ұлы тарихтың жауһар жазбалары жұқана бетке бедерленгенін, үңілген зерделі журналистер күресінен күміс тапқандай рухани қамбаны қампайтар мол мәлімет табарын тілге тиек етті. Шындығында өзге арналардан рухани құндылықтарды, тарихты насихаттау жағынан «Жетісудың» айбыны асқақ көрінетінін көпшілік бағамдап-ақ жүр. Айдынды арна ақпарат таратушылықпен қатар ағартушылық бағытта да зор еңбек атқаруда. Ағартушылық демекші, кейіпкеріміз әңгіме барысында: «Халық журналистиканы «ананың айтқанын маған жеткізуші» деп қабылдамау керек. Өз санасында сілкініс жасай алатын, азаматтық ұстаным мен ұлт ұстынын жарқырата бағдарлап, өткенімізді жаңғыртып, келешегімізді бағамдап берер ұлы күш деп қабылдауы қажет. Ол үшін әрбір бұқаралық ақпарат құралы өз ұстанымын дұрыс жолға қоюы лазым. Ақпарат таратушылық деген жеке сүрлеу болса, кейбір арнада аздырушылық бағыт та көрініс беріп жатады. Қыжыртпа әңгіме, Абай айтпақшы, «Көр-жерді өлең еткендей» шайпау әйелдердің шайқасы, жаға жыртысқан жанжалды насихаттап шоу көрсеткенше, тарихтан там-тұмдап хабар беретін бағдарламалар ойлап тауып, фильм  түсіріп, ағартушылық бағытта мол еңбек етуі қажет. Қазақ қоғамына керектісі осы. Осы қажеттілік ел еңсесін емендей тік етеді. Бір қуанарлығы, бұл бағытта біздің «Жетісу» телеарнасы өнімді жұмыс атқаруда, - деп толғанды.

Шындығында, Серік Әбікенұлы ұлт намысы, ел ұстыны жайлы аптыға толғанды, ашына сөйледі. Сан тараулы әңгіме қозғап, жұмақ мекендегі өңірлік телеарнаның өзгелерден артықшылығы да осы екенін қадап-қадап айтудан танбады. Журналистиканың жай-күйін, телеарналардың таңғы шықтың тағдырындай келте, алдамшы бағдарламалардан тізгін тартар сәті жетіп, рухани бағытқа бет алуы қажет екенін сөзіне сүйеу етті.

Ал қашанда ойлы сөзін екшеп, текшеленген теңіздің жақұтындай дүниелерді мысалмен мәнді етіп баяндар «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Жұмахмет Жайлаубаевпен телеарнадағы бағдарламалар мен оның қоғамға қажеттілігі қаншалық, мазмұны мен салмағы қай деңгейде деген тұрғыда пікірлестік.

– Әрбір адам туған топырағына қарап қалыптасады деген ұғым бар санамда. Сол секілді «Жетісу» телеарнасы журналистикадағы барлық жанрды қамтиды екен. Біздің арнадағы әрбір хабарларда биіктік, тереңдік, туралық, тектілік бар. Қарап отырсақ, телеарнаның «Жетісу» деп аталуының астарында Жетісу өңірінің табиғатынан нәр алуымыз тұрғандай. Мәселен, жұмақ мекеннің асқар тауларына қарап төмен болмауды, қаулап өскен қарағайларына қарап тік, даламызға қарап кең, тасып ағып, шалқып жатқан өзен-көлдеріне қарап нәрлі болуды үйренгендейміз. Тұмса табиғатымыздың осы бір қасиетінің бәрі  біздің арнада бар секілді көрінетіні де жасырын емес, – деп бір тың ойды алға тарта әңгіме бастады. Содан барып телеарнаның 20 жылдық тарихындағы кейбір бағдарламаларға шолу жасап өтті. – Ә деп бастағанда «Достық», «Замана», «Шаңырақ», «Иманашар», «Көңілашар» деген бағдарламалар болды. Соның бәрі өз уақытында көрерменнің көңіл көкжиегін кеңейтуге тегершік болған дүниелер. Мәселен, өзім жүргізген «Иманашар» дер кезінде көрерменге жол тартқан бағдарлама деп білем. Өйткені, ол кезде интернет жоқ, діни хабарлар көп таратылмаған, діни кітап тапшы еді. Сол шақта халықтың діни көзқарасын қалыптастырып, ата-баба ұстанымының қандай болғанын осы бағдарлама арқылы насихаттадық. Ғабиден Мұстафиннің:«Жаңа дүние ойлап табу қиын. Басқасын айтпағанда тігіп отырған аяқкиімнің екі пары екі түрлі болып шығады», – деген сөзі бар. Қазіргі таңда талғампаз көрерменнің көңілінен шығып, оған ерекше әсер етер дүние табу қиын шаруа. Дегенмен, біздің телеарнада барлық жанрды қамтитын бағдарламалар күнделікті көрерменге ұсынылып жатыр. Мәселен, талабы жанбағанды тағдырынан көретін кей жастардай емес, өмірді енді бастап жатса да әр салада тасы өрге домалап, еңбекпен елеулі болып келе жатқан жастарды жарқырата көрсетер «Тастүлек» сияқты көптеген бағдарлама көрермен көзайымына айналды. Оның сыртында «Оқырман», «Болмыс» сынды бағдарламалар өз көрерменін тапқан «Жетісу» телеарнасының олжасы.

Жұмақ мекеннің мақпал топырағында іргетасы қаланып, тамшыдан теңіз құраған телеарнаға 20 жыл. Жердің аты, елдің аты Жетісу болса, төл арнасының атауы да қасиетті өлкемен байланысты. «Жетісу» телеарнасының торқалы тойында шежіре түзгендей тұрпат танытып, жиырма жылдағы жарқын жетістіктер мен жайдарман жаңалықтарды бедерлеуді жөн санадық.

Сонау 1998 жылы, 28 сәуірде іргетасы қаланған төл арна алғашында «Қазақстан» арнасынан аптасына 1 сағат жаңалық таратты. Сондағы алғашқы тілшілер Айтақын Әбдіқал, Сәуле Маралова, Бақыт Бұқарбек, Серік Қондыбаев, Аршагүл Тойбай, Телжан Күдеров сынды сақа журналистер еді.

Жаңа ғасыр басында, яғни 2001 жылы Елбасының Жарлығымен облыс орталығы Талдықорған болып бекітілді. Керуен көші талды қалаға бет түзеді. Тарихи шешіммен Талдықорған өңірі қайта түледі. Онымен бірге «Жетісу» арнасы да өркендеп-өсті. «Жерұйық» телерадиокомпаниясынан қалған ғимаратқа көшіп, санаулы адам қолда бар техникамен қалалық «Арай» телеарнасы эфирінен 3 сағат хабар таратып отырды.

2002 жылдың 18 қарашасында «Жетісу» телеарнасы тұңғыш рет «Интелсат» спутнигі арқылы өз эфирін таратып, аймақ халқының 80 пайызын жаңалықпен сусындатты. Ал төл арнаның алғашқы басшылары Ермек Тұрсынов, Наталья Борсенко, Сәкен Нұрбеков, Клара Қамарова, Мейрам Жанәділовтер де заманға сай өз міндеттерін жоғары деңгейде орындады. Сол кезеңде «Дидар», «Нұр Сұңқар» байқауларының бас жүлделері атанған «Жетісу» телеарнасы 2007 жылы Қазақстан журналистикасы академиясының «Алтын Жұлдыз» жалпыұлттық жүлдесін де жеңіп алды.

Бертін келе «Жетісу» телеарнасы жаңа санатқа көтерілді. Өңірдегі көрерменді 100 пайыз ақпаратпен қамту мүмкіндігіне ие болды. «Отау ТВ», «KazSat-3» жерсеріктеріне қосылды. Оған қоса Қазақстан аймақтары мен Ресей, Түркия, Иран, Пәкістан, Моңғолия, Батыс Қытай сынды көрші мемлекеттерге шыға бастады.

2011 жылы БАҚ жанашыры, қоғам қайраткері Серік Үмбетовтің идеясымен Журналистер үйінің құрылысы басталып, аумағы 8360 шаршы метрді қамтитын ғажайып ғимарат ірге тепті. Игі жоба Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тұсында толық жүзеге асты. Аттай төрт жыл өткенде «Жетісу» арнасы жаңа ғимаратқа қоныстанды. Заманауи техникаға қол жетті. Ең үлкені 600 шаршы метрлік заманауи студия, 12 мың сағаттық мұрағат сақтарлық жаңа сервер төл арнаның игілігіне берілді.

Тәулігіне 17 сағат хабар тарататын телеарнаның 5 сағатқа жуығы – тікелей интерактив үрдісінде. «Жетісу» – отандық БАҚ кеңістігінде кеңінен танымал. «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауында «Үздік өңірлік телеарна» атанғаны да оның абырой мен беделінің жоғары екенін танытар дүние.

Телеарна қоржынында «Жаңалықтар» мен «Аптадан» бөлек  50-ге тарта жоба бар. Бағыты – мемлекеттік. Ұстанымы – ұлттық. Мазмұны терең. Топ басында Серік Әбікенұлының «Тіл сақшысы» жобасы.  Бұл бағдарлама «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының екі мәрте жеңімпазы.  Сол секілді, «Болмыс», «Зерде», «Ұлт пен рух», «Тұжырым», «Парасат», «Тарих парақтары», «Ұлы Номад», «Ел қорғаны», «Оқырман», «Тыңдашы, айналайын», «Құтты қонақ» сынды салмақты хабарлар көп. Оған қоса «Жетісудың» жетелі бір парасы – телезерттеулер. Салмақтысы – «Жетісу жұмбақтары» экспедициясы. Ұжымы Алматы облысы әкімінің «Самғау» сыйлығын жеңіп алды.

Торқалы той қарсаңында рухани орданың жақсы жаңалығы да көбейді. Соның бірі – облыстық әкімдік қолдауымен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан тілшілер қосыны ашылса, телеарна жанынан көркем-деректі фильмдер бөлімі ірге көтерді. Тырнақалды туындылары  – «Құдайы қонақ», «О, Ләйла»,  «Бір уыс бидай», «Омарбек мерген» көрермен көзайымына айналып үлгерді. Сондай-ақ, жас мамандар біліктілігін халықаралық деңгейде арттыра бастады. Тілшілері таяуда ВВС корпорациясы мен ресейлік арналарда тағылымдамадан өтіп келді. Алда «Әл-Жазираға» сапар тұр.  Ал ерекше атап өтер тағы бір жаңалық – «Жетісу» радиохабар тарата бастады. Жаңа іске белгілі журналист, жазушы Есболат Айдабосын жетекшілік етуде.

Негізінен алғанда 20 жыл аз да, көп те уақыт емес. Тарихының бастауы жаңа ғасырмен тұспа-тұс келсе де, осы уақытта арнаның жеткен жетістігі мол. Біз де осы қасиетті шаңырақтың журналисі ретінде «Жетісу» телеарнасының ғұмырының ғасырларға ұласуына тілекшіміз.       

Гүлжанат МАҚҰЛЖАНОВА

Иә, олжа деген ғажайып сөздің астарына талай дүние кіреді. Ол қазақ қоғамына аса қажетті жайттарды көрерменге ұсынар хабар болуы мүмкін. Ол тіпті, замана желі ескегін жұлар уақытта жақтауы бүтін қайығын сын сағаттарда өрге бағыттар сақа журналист, білікті басшы болуы да мүмкін. Міне, бұл тұрғыда айтқан айшықты ойдың кейіпкеріндей көрінер «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Досан Қызайбекұлы 20 жылдық тарихы бар телеарна қызметкерлеріне деген тілегін жеткізген еді. Ол: «Телевидениенің есігін ашқан адам одан ешқашанда кетпейді. Ол бір ғажайып табиғат сияқты. Өзіне тартады да тұрады. Осынау қасиетті қызметке ең алдымен әрбір журналист адалдық танытуы керек. Аты үшін жұмыс жасаса, кейін атағы өзіне қызмет ететін болады. Міне, осы тұрғыда кез келген журналист айтарын айқындап, бағдарын байыптап, ұлт үшін, Отаны үшін не керек екенін салмақтап-саралауы қажет. Бүгінгі таңда телеарнамызда өз бағытын байыптаған журналистер жетерлік. Бәрі де қазақ қоғамына аса қажетті жайттарды жарқырата көрсетуге атсалысып келеді. Шығармашылық көзқарасы қалыптасқан сол тілшілердің аяқалысы қуантады. Жастар да шетінен жалынды. Міне, сол әріптестеріме журналистика әлемінде абыройлы болуын, өз ісіне адалдықпен қарап, ел мен билік арасында алтын көпір болуын тілеймін. Таңдап алған қасиетті мамандығының ұлы маманы атансын демекпін», – деген ақжарма ниетін білдірді.

Төрт теңізден дәм татқандай төрт азаматтың айшықты ойын естіп, тамырын тереңге тартып бара жатқан телеарнаның болашағы жарқын екенін бағамдадық. Азды-көпті айтылған пікірден кейін біз де Жетісу өңірін ғана емес, Ресей, Түркия, Иран, Пәкістан, Моңғолия сынды өзге мемлекеттерге де хабар таратып жатқан арналы телеарнаның ғұмыры ғасырларға ұлассын деген тілекті жеткіздік.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ