ОҚЫҢЫЗ: "ЖАС АЛАШТЫҢ" БАСЫНДА КІМДЕР ТҰР?

Уақыты: 25.06.2019
Оқылды: 2341
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тарихи деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазіргі Ташкент шаһары Орта Азия мемлекеттері (Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан) мен Қазақстанның рухани астанасына айналады. Жаңа өмірге ұмтылған жалын жүректі, құрыш білекті жастарды ортақ көзқарасы мен ұжымдық бірлігі жағынан біріктірген жастар одағы атауының өзі түркі әлеміне ортақ Атажұрт – ежелгі Түркістанмен орайластырылып, Түркістан коммунистік жастар одағы (ТКЖО) деп аталады.

Оның басы-қасында Орта Азия мен Қазақстан жастарының көсемі, көшбасшы, жетекшісі болған Ғани Мұратбаев (1902-1925 ж.) жүреді. Жер-жердегі, әсіресе ауылдағы еті тірі, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ жастарын жаңа өмірге жетелейтін, сауатын ашып, ой-өрісін кеңейтетін, рухани азық беретін, сөзі сара, өзі дара болатындай жастар басылымының  қажеттілігін Үкімет басшылары алдына келелі мәселе етіп көтере білген жастар көсемі Ғани атамыз дүрбелеңді шақты бастан өткізіп жатқан қоғамның қызу талқысына түскен «Жастарға жансерік болар бір үн керек», – деген ұран тастайды.

Құптарлығы сол, Ғани бастаған бір топ жастар жетекшілері мен белсенділерінің бұл тілегі ескеріліп, 1921 жылдың 22 наурызы, яғни Ұлыстың ұлы күнінде қараңғы түнекке бейне бір жарық сәуле болып шашылғандай «Жас Алаш» газетінің араб қарпінің төте жазу үлгісінде алғашқы саны жарық көреді. Ел өміріндегі, ақпарат айдынындағы елеулі оқиға болып саналған жастар басылымының ұйымдастырушысы әрі редакторы Ғани Мұратбаев, ал оның жауапты хатшысы, белді қызметкері ақын һәм көсемсөзші Ілияс Жансүгіров болады. Дерек көзіне сүйенсек, шуақты Наурыз мейрамында тұсауы кесілген, бүгінгі күні жарық көргеніне білдей тоқсан сегіз жыл толып отырған көненің көзі, азаттықтың өзі, әділеттің тезі саналатын басылымның тұңғыш санындағы бас мақаланың авторы қаламы жүрдек, ойы алғыр ақын Ілияс ағамыз болатын.

Дүлдүл ақын ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Орта Азия мен Ұлы Даланы мекендеген түбі бір, тілі мен діні, ділі ортақ түркі жұртшылығының рухани астанасы болған Ташкент қаласында жасындай жарқылдап, жаңа өмірге ұмтылған ел-жұртты, әсіресе, жалын жүректі жастарды қуанта дүниеге келген, араға екі жыл салып ғасырлық белеске (2021 жыл) көтерілгелі отырған тарихи мәні зор «Жас Алаш» газеті алғашқы санының қалайша жарық көргені және Күншығыс жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаевпен таныстығы, қызметтес серігі болғандығы жайлы әңгімелейтін естелігіне ден қояйықшы. Онда: «Мен Ғаниды 1920 жылы Алматыда көрдім. Сол жылы ол Жетісудағы үшайлық ауыл оқытушыларын даярлайтын курсқа ұйымдастырушы және лектор болып келді. Талдырмаш, арықтау, аққұбаша бала еді. Онда Жетісудағы Кеңес өкіметінің дұшпандарының қыры сынбай тұрған қиын-қыстау мезгіл болатын. Бұл жылы біз Ташкентте оқитын едік. Ғани университетте оқитын. Ол оқып жүріп әлеумет ісіне аса көңіл қойып, жас коммунистердің алғашқы ұйымын жасай бастаған. Ғанидың оқуынан ұйымда істеуі көп болушы еді, сол жылы жазғасалым жастардың жиналысында Ғани көптің ортасына «Жастардың газетін шығару туралы ой тастады. Жиналыс мұны мақұлдап, бұл жұмысты ұйымдастыруды Ғаниға тапсырды. Мен хатшылық міндетін мойныма алдым. Сәдуақас, Әлижан, Шамғали секілді азаматтар атсалыса бастады. Ғани жоқтан құрап газеттің қағазын, ақшасын тапты. Саны екі бетті қазақ жастарының тұңғыш газеті – «Жас Алаш» наурыз күні жарыққа шықты. Әлі ұмытпаймын: газеттің бетін тізіп, енді баспаға жібергелі тұрғанда Ғани келіп: «Бұған бір ұран (лозунг) жіберелік. Тұңғыш жастар газетінің жас жұртшылығының ұранын осы газеттен бастап жариялайық!» – деп еді. Қарып тізушілердің еңбегін төлеп, тізілген газетті қайта бұзып, ұранды қыстырдық. Сондағы Ғанидың газеттің алдына қойған ұраны міне: «Заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті – бірігіп, ұйымдасуда! Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс жастары!»

Міне, осы ұран әлі ұран, осыдан басталып қазақ жастарының арасында әлеуметтік сезімі өсе бастады. «Жас Алаш» газеті жастар баспасының алғашқы адымы болды. Бұған мұрындық болған Ғани», – деп сыр шертеді. Байқалып отырғандай, жастар жетекшісі мен көсемсөзші жорналшының жастар газетінің тұңғыш санына ақылдаса келіп, айқайлата отырып қойған «Заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті – бірігіп, ұйымдасуда», – деген ұраны бүгінгі күні де мән-мағынасын жоғалтқан жоқ.

Енді Ілияс ақынның мұнан кейінгі баспасөз саласындағы іс-қызметіне аз-кем болса да тоқталайықшы. Қараңғылықтың пердесін ысыруға, қатарынан қалмай білім алуға, заманға сай кәсіпті меңгеріп, өндіріс пен ауылшаруашылығы саласының білгір маманы болуға ұмтылған құрыш білекті қазақ жастарының ой-өрісін кеңейтуге, сана-сезімін оятуға игі әсерін тигізген «Жас Алаш» газетінің басында Ғанидай көкөрім жаспен қатар тұрған қарымды қаламгер, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, көсемсөзші Сұлтанбек Қожановпен иық теңестіре отырып мойны озық басылымның бірі «Тілші» газетінде (1923 ж.) беделді тілшінің бірі болып еңбек етеді. Ал 1925–1928 жылдары Мәскеудегі журналистика институтын оқып, оны тамамдаған соң журналистік қызметін сол тұстағы республика астанасы Қызылордаға ірге теуіп, басылып шығатын, кең-байтақ қазақ даласына тарайтын өлкелік «Еңбекші қазақ» газетінде (бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің ізашары) жалғастырады. Ілекеңмен бір дәуірде өмір сүрген әдебиетші ғалым Бейсенбай Кенжебаев ол туралы жазған естелігінде: «Бейімбет сияқты Ілияс Жансүгіров те қазақтың алғашқы журналистерінің бірі. Ол жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында «Ақ жол», «Тілші» газеттері мен «Шолпан», «Сана» журналдарында істеп, оларға сырттан араласып жүрді. Ал «Еңбекшіл қазақ» редакциясы қызметіне Ілияс 1928 жылы келді. Редакцияның әдеби хатшысы, әдебиетшісі болып екі-үш жыл істеді. Ілияс тоқығаны да, оқығаны да көп, үлкен дарынды ақын-жазушы, талантты, алғыр, өткір тілді журналист еді. Ілиястың фельетондары («Құқ» атты фельетондар жинағының авторы) басқалардан өзгеше, күштірек, қызықтырақ болып келетін», – деп сипаттама бергені бар.
Орайы келгесін жастардың қайраткер жетекшісі Ғани мен ақиық ақын, қарымды қаламгер Ілиястың өткен ғасырдың дүрбелеңді жылдары, яғни, 1921 жылдың 22 наурызында талапшыл да жігерлі жастарды жаңа өмірдің алғы шебінен көрінуге ұмтылдырған, қажырлы қайрат берген «Жас Алаш» газетінің бұдан кейінгі тағдыр талайына қысқаша тоқталғанды құп көрдік. Бұл ретте танымал журналист, жазушы Болат Бодаубайдың еліміздің бас газетінде жастар басылымының 90 жылдығына орай жарық көрген «Ғани жаққан алау» естелік эссесіне («Егемен Қазақстан», 19.03.2011ж.) жүгінгенді жөн санадық. Болат ағамыз былайша сыр бөліседі: «Өткен ғасырдың 60 жылдарының екінші жартысында атағы жер жарған «Лениншіл жас» газетінде комсомол тұрмысы бөлімі меңгерушісі кезім еді. Редакторымыз Шерхан Мұртаза. Ол жылдары газеттің шыға бастағаны 1922 жыл деп көрсетілетін. Бірде редакцияға комсомол тарихын, Ғани, Әлия мен Мәншүк өмірін зерттеп жүрген журналист Сейілхан Асқаров іздеп келді. Қолында 1921 жылы Ташкентте шыққан, редактор ретінде Ғани Мұратбаев қол қойған «Жас Алаш» газетінің арабша жазудағы екінші санының фотокөшірмесі бар екен. Айтқаны сіздер газеттеріңіздің шыға бастаған уақыты 1922 жылдан бері деп қате көрсетіп жүрсіздер. Біздің өтінішіміз бойынша Сейілхан ағамыз мәселенің мән-жайына тоқталып, мақала жазып берді. Онысы дереу жарияланды.

Ізінше газет редакторы Шерағаң маған Ташкентке іссапарға барып, архивтерді ақтаруды, «Жас Алаштың» табылған сандарының барлығын суретке түсіріп, көшірмесін әкелуді тапсырды. Берілген тапсырма мүлтіксіз орындалды. Ең соңында соңғы анықтауларға (Мәскеудегі кітап палатасы, Алматыдағы республикалық көпшілік кітапхананың сирек кездесетін жазбалар қорындағы мұрағаттар негізінде), соны деректерге сүйене келе газеттің 1967 жылғы 22 июль күнгі («ЛЖ», №142) санында басылымның алғашқы саны 1921 жылдың 22 мартында шыққан деген түзету енгізіледі».

Осылайша кезінде бейқамдықпен жіберілген кемшілік түзетіледі. Газеттің әр жылдағы атауы 1924 жылдың ақпанынан 1925 жылдың желтоқсанына дейін «Лениншіл жас», 1926 жылдың 30 қазанына дейін «Жас қайрат», ал 1927 жылдың 27 қыркүйегінен «Лениншіл жас» атанады (Қызыл идеология Алаш сөзінен тайсақтаған) Тәуелсіздікке қолымыз жеткен 1991 жылдан бастап оның байырғы, тарихи «Жас Алаш» атауы қайтарылады. Сүйсінерлігі сол, халқымыздың қос бірдей арысы: Ғани мен Ілияс ағамыздың қарымды қалам күшімен, жүрек жылуымен дүниеге келген шындықты тайсалмай бетке айтатын, қоғамдық оқиғаларға байыпты талдау жасайтын, ұлттық рухты аталған басылым бүгінгі таңда республикалық қоғамдық-саяси газет деңгейіне көтерілді.

Қараша ҚАРАМАН

Сурет ғаламтордан алынды

Қаратал ауданы