ПАНФИЛОВ АУДАНЫ: ҰЛТ ТҰЛҒАЛАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН МЕКТЕП

Уақыты: 21.09.2019
Оқылды: 2179
Бөлім: РУХАНИЯТ

Панфилов ауданының Х.Көбіков атындағы орта мектебі жаңа оқу жылын жаңаша қарқынмен бастады.

Өткен оқу жылының басынан мектепте орта білім берудің жаңа мемлекеттік стандартын енгізу бойынша дайындық жұмысы ойдағыдай өтті. Жұмыс 3 бағытта жүргізілді. Біріншісі, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оларды оқыту, екіншісі, озық педагогикалық тәжірибемен танысу, үшіншісі, білім берудің мазмұнын жаңарту.

Биылғы оқу жылының оқу-тәрбие шаралары да бекітіліп, ұстаздардың қай бағытта жұмыс атқаратындығы анықталды. ҚР Конституция күніне орай 5 «а» сыныбы С.Болатаеваның жетекшілігімен «Ата Заңым – айбыным» атты әдеби кеш, Е.Кегенбаевтың басшылығымен оқушылар арасында өткізілген спорттық жарыстар жаңа оқу жылына жаңаша қарқын бергендей.

«Үш тұғырлы тіл» атты Тілдер мерекесінің айлығы өтті. Әр бірлестік туған тілге деген жанашырлықты оқушы бойына сіңіру мақсатында сынып сағаттар, «дөңгелек үстел», әдеби кештер ұйымдастыруды мақсат етті. Облыстық білім басқармасының нұсқауымен Балпық би бабаның 325 жылдығына орай өткізілетін іс-шараның жоспары нақтыланды.

Мақсаты – Балпық бидің өнегелі өмірі, ел бірлігі мен татулығы жолындағы еңбегін насихаттау. Мектеп кітапханашысы Н.Матенованың ұйымдастыруымен «Балпық би әлемі» атты көрме, «Ұлы тұлға» атты салтанатты жиын, 6-сынып жетекшісі Ұ.Досайдың ұйытқы болуымен «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа өнеге» атты тәрбие сағаты өткізілді.

Ұлы тұлғаларымыздың өнегелі істерін ұрпақ санасына сіңіру де жауапкершілігі зор дүние. Бұл мектеп директоры Бағдат Абдилдаеваның басшылығымен жаңа оқу жылында жүзеге асатын оқу-тәрбие шаралары. Әр тоқсанда биылғы айтулы шаралар да қамтылған. Ұлы Абайдың 175 жылдығына қатысты шаралар, Жастар жылы сияқты мерекелер жыл бойына жалғасын таппақ.

Дана қазақ «игі іске береке берсін» деп тегіннен-тегін айтпаған. Олай болса, ел дамуы мен болашағы үшін жасалған игі істердің берекелі боларына сенім зор.

Боранбай ЕРҚАЛЫМ

Панфилов ауданы