"МҰНДАЙ МҮМКІНДІК БОЛҒАН ЖОҚ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӨНЕРПАЗДАР БАҚ СЫНАСТЫ

Уақыты: 11.12.2019
Оқылды: 1302
Бөлім: РУХАНИЯТ

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында дарынды жасөспірімдер мен балалар арасында «Жетісу шеберлері» атты І Республикалық фестиваль өтті. Оған жеке аспаптарда ойнайтын орындаушылар, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген өнерлі өрендер қатысты.

Шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова ашып, фестивальдің республикалық деңгейде алғаш ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

– Ұлттық музыка – халқымыздың ең үлкен байлығы. Оны сақтап, насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ парыз. Осы орайда өнерлі жеткіншектерді қолдау, дарынды жасөспірімдер арасында жаңа есімдерді анықтау, олардың үлкен сахнадан көрінуіне мүмкіндік ашу, шеберлігін шыңдау мақсатында бүгінгі шара ұйымдастырылып отыр. Фестивальға Қазақстаннан ғана емес, сонау өзбек елінен де өнерлі өрендер қатысуда, – дей келе, оларды бастап келген Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Білім беру ісінің үздігі Насиба Садықоваға қонақжайлық танытып, камзол кигізді.

Фестивальда 19 жас дарын өнер көрсетіп, Мұқан Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен әлемдік, ұлттық деңгейдегі озық шығармаларды орындады. Оларға шеберліктеріне қарай баға берген әділқазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының көркемдік жетекшісі Сәкен Әбдірахманов шара соңында сөз сөйлеп, фестивальға қатысып отырған балалардың барлығының да талантты екенін атап өтіп, жас өнерпаздарға осындай мүмкіндік беріп отырған ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының директоры Нүркен Әшіров те ертең қазақ өнерін насихаттап, жоғары деңгейге алып шығатын осындай өнерпаз балалар екенін атап өтті.

Фестивальдің ұйымдастырушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры, композитор Әли Алпысбаев та бірауыз жылы лебізін жеткізіп:

– Біздің бала кезімізде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Қазіргі балаларға барлық жағдай жасалған. Осы дарынды жеткіншектеріміздің өнерін үстем ету мақсатында фестиваль ұйымдастырып отырмыз. Бүгінде өнерлі шәкірттер үшін Талдықорған қаласында жаңа музыка мектебін салып беріп отырған облыс әкімі Амандық Баталовқа үлкен алғыс айтамыз, – деді.

Бұдан соң әділқазылар алқасының мүшелері жеңімпаздарды марапаттады. Атап айтар болсақ, дутар-прима аспабы бойынша Самандар Исматуллаев, рубаб-прима бойынша Хосиятхон Хамиджонова, ұрмалы аспап бойынша Бекзат Таубалды, баян аспабынан Рашид Сағадиев І дәрежелі диплом иеленді. Домбыра аспабы бойынша Батырхан Ерсінұлы, Нұрғиса Нұранбет, Арсен Тұрсын жеңіс тұғырынан көрінді. Прима-қобыз аспабы бойынша Назерке Альмирекова, қылқобыздан Ерасыл Төреханов І орынды еншіледі. Өзге қатысушылар 2-3-орынға лайық деп танылды. Өнерлі шәкірттердің ұстаздары да арнайы дипломмен марапатталды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы