"ҚЫСПАҚТЫ ДА КӨРГЕНБІЗ": БҮГІН - ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВТЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Уақыты: 12.01.2020
Оқылды: 1333
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жиырмасыншы ғасырдың бел ортасынан бастап қырық жылдан астам үкімет басында жүріп, оның жиырма бес жылында Қазақстанға бірегей де білікті бірінші басшы болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев есімі анықтауышсыз-ақ әлемге аян.

1987 жыл республиканың бұрынғы бірінші басшысын қаралаудан басталды. Мәскеу бастап беріп, Қазақстанымыз жаппай қоштап жатқан негізгі тақырып - республика тізгінін ширек ғасыр ұстаған Дінмұхамед Қонаевтың басқан ізінен кір іздеу. «Правда» мен «Известия» газеттерінің мақалаларына еліміздің тек көлеңкелі тұстары арқау болды: айнала түгел былық, аяқ бассаң әділетсіздікке кезігесің, миллиард пұт астық – көпірме сөз. Осының бәріне бірінші басшы кінәлі. Тіпті, Қонаевтың аңшылығы айыпталып, фотоайғақ беріліп жатты. Жоғарының нұсқауы бойынша сол біржақты материалдардың барлығының республикалық басылымдарда жарияланғаны айдан анық.

1992 жылғы тамыз айы, Бөрлітөбеде газет редакторымын. Кешкілік аудан әкімінің бірінші орынбасары хабарласып, Қонаев ақсақалдың келетінін, қадірменді мейманды қарсы алатындар құрамында екенімді хабарлады. Ертеңгілік айтылған жерден табылдық. Ауданның сол кездегі әкімі Амангелді Бекбосынов бас болып шекарадан қарсы алудың, Балқаш жағалауында қонақасы берудің қамы жасалды.

Жүрегін жүдетіп, жанын жаралаған 86-ның сергелдеңінен енді ғана сергіген кезі еді қартымыздың. Ұзақ жыл ел тұтқасын ұстаған абыз ақсақалдың қолын алғанда басқа жігіттер де мен сияқты толқыған шығар, ал араға 6 сағат салып шығарып салғанымызда бәрімізді бірдей алып құшағына қысқаны есімде.

Сол күні кермиық көл де әдеттегіден тыс өрекпіп жатты. Ақжал толқын Димекеңнің табаны тиген жағалауды сүйді, ал туған жерге адал перзенті бала кезден жанына жақын айдынға құлаш ұруға асықты. Тек дәрігерінің шектеуіне амалсыз мойынсұнды.

– Димаш аға, мына коттеджде демалыңыз, жағалаудағы мына киіз үй жантайып жатып, көл кереметін тамашалауға ыңғайлы, – дейміз біз.

– Жантаю қайда қашар дейсіңдер, одан да көкейлеріңде менен білсем, естісем деген сауалдарды ортаға салыңдар, жағалауда жүріп теңесейік, пікірлесейік.

Сол күні кемеңгер тұлға саясаттан басқа барлық әңгімеге араласты. Дастарқан тізгінін де өз қолына алды, әңгімені өзі бастап, өзі өрбітіп, еркін сұхбаттасуға жол ашты. Өткені туралы айтты, береке-бірлік болса ел ертеңі нұрлы деді, мақтанбады, аспады, таспады, қазақтың көркем кестелі бай тілімен ұйытып тастады. Сөз реті келгенде Желтоқсаннан кейінгі бірер жылдағы жаппай қаралаудың өзі Сізге деген қарапайым елдің көзқарасын өзгерте алмады деген рәуіште пікір білдірдім. Сонда Димаш аға:

– Қарағым, бұл ашық майдан ғой, нысанасы да белгілі, ал біз құрбандығы бүкіл халық бола жаздаған Хрущев тұсындағы қыспақты да көргенбіз, – деді де ел-жер тағдыры сынға түскен зымыстан заманнан сыр ағытты.

Сол күні Ұлыстың Ұлылығымен үндестім, Алаштың Ар-Иманымен амандастым, қазақтың Қасиетті де Қайсар рухымен кеңестім, Тәңіртаудай тұлғасымен тілдестім. 

Жомарт ИГІМАН

Алматы облысы