"ТОПАСТАНДЫРУ": ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЛАМГЕР ҚЫЗЫ ӘНШІЛЕР МЕН ӘЗІЛКЕШТЕРДІ СЫНАДЫ

Уақыты: 21.01.2020
Оқылды: 1475
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шай ішкенде теледидар қосылып тұрады. Қалайсың, қаламайсың, қарайсың. Бір каналда Қанат деген әзілкеш сөйлеп жатыр: "Қазір халықтың жағдайы жақсы. Жақсы екенін балықтан байқайсың. Балыққа, нанға сары май жағып бересің, сосын..." Сосын не жағып беретінін естімедім. "Ауыстырыңдаршы. Ақыры ешкім көріп жатқан жоқ қой", - дедім.

Осыларды неге жылтыңдатып шығара береді десем, халықтың есіне жағдайының жақсы екенін салып тұрады екен ғой.

Өткенде Қ.Тоқаевтың интеллектуалды ұлт қалыптастыру туралы сөзі "Фейсбукты" шарлап жүр еді. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру отандық арнасын Қабатов, басқа да әзілкештер, әншілер "билеген" заманда қиял ғана, арман ғана.

Мысалы, біздің ауылда (Жетісай) "Қазақстан" және "Хабар" арнасын ғана көрсетеді. Басқа отандық арналарды қосу үшін "Отау тв" қосу керек қой деймін. Көп үйдің оны қосуға жағдайы жоқ, ал кейбірі құнттамайды.

Қысқасы, халықта "Қазақстан" арнасы мен "Хабарды" көруден басқа таңдау жоқ. Ал телеарна басшылығына ауыл адамдарының Қабатовтан, жалпы арзан қалжыңға әуес әзілкештерден, мағынасыз, ұйқассыз "ән" айтатын әншілерден жалыққанын ескеру қайда? "Рейтинг", - дейді. Ол байғұстарда басқа таңдау болмаған соң телеарнаны қосып қоятынын қайдан білсін? Әлде халықты топастандыру саясаты жүріп жатыр ма?

Ал Қ.Тоқаев: "Интеллектуалды ұлт қалыптастыру керек", - дейді. Отандық арналарды арзан қалжыңымен әзілкештер мен көше әнімен әншілер билеп-төстеген заманда қайдағы интеллектуалды ұлт?!

Аягүл МАНТАЙ,

жазушы

"Facebook" парақшасынан алынды